Дәрігерлер жұмыстың жаңа форматына көшеді Избранное

Среда, 24 Апрель 2019 04:02 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 3128 раз

Үшінші мегаполистің медицинасында пысықтар тұстар жеткілікті. Бұл туралы Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Гүлжан Құрманбекова қалалық денсаулық сақтау басқармасы, қоғамдық денсаулық сақтау департаменті, оңалту орталықтары және мемлекеттік, жекеменшік медициналық мекемелердің басшыларымен өткізген жиналыста мәлімдеді.

DSC 7931

Күйік шалған бала. Дөрекі дәрігер. Біліксіз маман. Ана мен бала өлімі өскен мекемелер. Бұл тығырықтан шығар жол қандай? Басқосуда айтылған мәселелерді саралап көрсек.

Емханаларға шағым көбейген

– Әр аптаның сәрсенбісінде маған қабылдауға жазылған азаматтардан келетін шағымдардың басым бөлігін емханалардың жұмысына көңілі толмайтындар құрап отыр. Бұдан бөлек, қаладағы екі-үш медициналық ұйымды аралап көргенімде көптеген келеңсіз жәйттерге куә болдым, - деп бастады Шымкент қаласы әкімінің осы салаға жауапты орынбасары Гүлжан Құрманбекова.

– Емхана-ауруханалардың ауласынан бастап санитарлық тазалық сын көтермейді. Көгалдандыру-абаттандыруға мән берілмеген. Мекемелердің маңын заңсыз сауда жайлаған. Еліміздегі үшінші маңызы бар қала атандық. Ия, талаптар күшейді. Денсаулық сақтау саласындағы реформалар бар, жаңа жүйелер енгізіліп жатыр. Сіздердің жұмыстарыңызды жоққа шығармаймыз.

Еңбектеріңіз көп. Дегенмен кейбір қарапайым нәрселерге көңіл бөлмегендіктен, соңы үлкен проблемаларға ұласуда. Осы басқосуда кемшіліктерді саралап, ұсыныстарыңызды тыңдап, мәселелерді бірлесе шешсек, - деді Г.Құрманбекова.

Басқосуда Шымкент қаласы денсаулық сақтау басқармасы емханалар мен ауруханалар арасында жасаған рейтинг қорытындысы тыңдалды. Ондағы деректерге сүйенсек, ана өлімі бойынша 4 жағдай тіркеліп, ол № 2,7 және 11 емханаларда орын алған.

20190115164741

– Бала өлімі көрсеткіші бойыншабылтырмен салыстырғанда № 4, 5, 6, 8, 10 емханалар және қалалық №2 ауруханада өскен. Қазір аталған медициналық ұйымдардың бас дәрігерлеріне тәртіптік шара көрілді, - деді Шымкент қаласы денсаулық сақтау басқармасының өкілі Ғалымжан Абишев.

Инсульт орталығы жетіспейді

Жалпы алғанда Шымкентте 97 медициналық ұйым бар, оның 33-і мемлекеттік, 64-і – жекеменшік емхана. Республикада маңызы бар үшінші қала статусын алған соң шаһардағы денсаулық сақтау мекемелерінің біразы қала меншігіне өткені белгілі. Осыдан кейін мамандар аурухана-емханалардың жағдайына саралау жұмыстарын жүргізген.

– Қаладағы медициналық ұйымдардың ғимараты тозып, құрал-жабдықтар ескірген. Биыл бес емхана ғимаратын мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында салу жоспарланған. Медициналық қызметтің қолжетімділігі мен сапалы қызмет көрсетуде цифрландыру жүйесінің маңыздылығы зор десек, емханаларды компьютермен қамтамасыз ету көрсеткіші төмен. Қазіргі ең өзекті проблема - мамандардың жетіспеушілігі.

Анестезолог-реаниматолог, терапевт, жалпы тәжірибелік дәрігер, неанотолог, акушер-гинеколог, инфекционист мамандар қажет. Сонымен қатар, қан айналым жүйелері бойынша өлім көрсеткішін азайтуда қалада инсульт орталығы жетіспейді. Әзірге ол қалалық №1 клиникалық аурухананың базасында біреу ғана. Ал қалаға сондай 4 орталық қажет, - деді Ғалымжан Абишев.

Тағы бір мәселе ретінде сала басшысы қалада дәрігерлердің біліктілігін арттыруға мүлдем қаржы қарастырылмағанын тілге тиек етті.

Шымкент қаласы қоғамдық денсаулық сақтау департаменті басшысы Әбдіманап Төлебаев «Біздің бағыт шара көрумен шектелмейді. Түрлі деңгейдегі бұйрықтарды түсіндіру, оны орындау жолдарын бірлесіп атқарсақ» деген ұсыныс айтты.

Бір ай уақыт берілді...

Гүлжан Құрманбекова ақ халаттылармен жұмыс істеудің жаңа тәртібіне көшті. Әрбір мекемеге «Жол картасын» жасап, оған атқарылуы тиіс маңызды жұмыстардың тізімін енгізуді тапсырды.

– Бір ай уақыт беріледі. Сосын мекемелердің барлығын ерінбей аралаймын. Маған келген шағымдарда тұрғындар дәрігерлерді таппайтынын және бас дәрігерлермен кездесе алмайтынын жеткізді. Сол себепті халықпен жақын жұмыс істеуді тапсырамын. Олардың әлеуметтік желідегі сауалдарына дер кезінде жауап беріңіздер. Және өздеріңіз де әлеуметтік желілерге тіркеліп, жағдайды бақылауға алыңыздар, - деді қала әкімінің орынбасары.

Бұдан бөлек, ақ халаттылардың біліктілік жағдайы сөз болды. Қалалық жұқпалы ауруханасында болған жағдайдан кейін медициналық қызметкерлерді аттестациядан өткізу жоспарланып отырғанын жеткізді. Ал мамандардың біліктілігін саралау жергілікті емес, республикадан келген мамандарға жүктелуі мүмкін.

Айгүл КЕРІМҚҰЛОВА

2004жылы ОҚГА журналистика факультетін бітірген. Еңбек жолы «Шымкент келбеті» газетінде басталған. «Ұстаз жаршысы», «Денсаулық құпиясы», «Оңтүстік Рабат» газеттерінде, «Отырар» телеарнасында жұмыс істеген. 2017 жылдың тамыз айынан бастап  қалалық «Шымкент келбеті» саяси-қоғамдық газетінің тілшісі.