МЕДИЦИНА САЛАСЫНА ЕРЕКШЕ КӨҢІЛ БӨЛУДІ ТАПСЫРДЫ Избранное

Среда, 25 Январь 2023 03:54 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 127 раз

Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрлыбек Асылбеков 2022 жылы атқарылған жұмыстар жөнінде әкімге есеп беріп, 2023 жылға қойылған міндеттерді баяндады.

764

 

–Шымкент қаласында амбулаторлық деңгейде 13 мемлекеттік емхана және 32 жеке меншік медициналық орталық жұмыс істейді. Халықтың 52,8 пайызы немесе 615 мың азамат мемлекеттік, қалған 47,2 пайызы немесе 549 мың адам жекеменшік емханаға тіркелген. Былтыр 5 медициналық ұйым ашылды.
Сонымен қатар мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында Шымкент қаласында бір ауысымда 700 келушіге арналған 800 төсектік университеттік көпбейінді аурухана және клиникалық-диагностикалық орталық (емхана) құрылысы жеке инвестор есебінен басталды. Бұдан бөлек, онкологиялық орталықтың базасында ПЭТ орталығы және сәулелік терапия орталығы іске қосылып, №1 қалалық емхананың балалар бөлімшесі мен №2 оңалту орталығының негізгі ғимараты жөнделді.
Өткен жылы 16 бүйрек, 6 бауыр трансплантациясы мен 369 жүрекке ота жасалды. №2 аурухана базасында бауыр циррозы бойынша бұрын-соңды болмаған операция өткізілді.
5225 медициналық қызметкер біліктілігін арттырып, шетелдік мамандардың қатысуымен 30 медицина қызметкері шеберлігін шыңдап, арнайы дәріс алды. Қала тұрғындары скринингтік зерттеулерден 100 пайыз өтті, – деді басқарма басшысы.
Бас дәрігер қазіргі таңда Шымкент қаласында 23 орфандық ауру бойынша 506 бала динамикалық бақылауда тұрғанын жеткізді. Атқарылған жұмыстар мен алда жүзеге асатын жобаларды тыңдаған қала әкімі басқарма басшысына медициналық қызмет көрсетудің сапасын арттып, халыққа қолайлы жағдай жасау керектігін тапсырды.

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Директор – Нұрбол ОРЫМБАЕВ. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.