ПОЭЗИЯНЫҢ АСҚАР ШЫҢЫ Избранное

Пятница, 10 Февраль 2023 04:21 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 907 раз

9 ақпан – ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың туған күні. Мұзбалақ ақын қамшының сабындай қысқа ғұмырында, сан ғасырға азық боларлық туындылар қалдырып үлгерді. Оның өлеңдері жастарға шабыт беріп, биік белестерге жетеледі.

1015

 

Осыған орай, А.Пушкин атындағы қалалық әмбебап кітапхана ұжымының ұйымдастыруымен «Поэзияның асқар шыңы» атты әдеби сазды кеш өтті. Әдеби кешке ақын-жазушылар, Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармония әншілері, студенттер мен оқушылар қатысып, ақынның өмірі мен лирикаға толы шығармашылығына шолу жасады.
–Мұқағали Мақатаев – ұлтын бойындағы талантымен баурап, сүйіспеншілігіне бөленген ақын. Ақынның туған күніне орай ұйымдастырылған іс-шарада жастар ақиық ақынның шығармаларын жаңа қырынан көрсетіп отыр. Сол арқылы ақынның еңбектері өміршең, өзекті екенін байқауға болады. Оның құдіретті өлеңдері мәңгілік халық жүрегінде қалады,– деді кітапхананың бөлім меңгерушісі Гүлнұр Өмірәлиева.
Кеш барысында М.Мақатаевтың өмірінен сыр шертер кітап көрмесі ұйымдастырылып, отбасы мен достары туралы видеролик көрсетілді. Сонымен қатар студенттер ақынның өлеңдерін оқып, әсем күй шертілді.
–Ақынның әр өлеңі бізге рух беріп, жігерлендіреді. Әр жазылған жолда мән-мағына жатыр. Ал, бүгін маған ақынның өзін сомдау бұйырды. Бұл мен үшін үлкен мәртебе, -деді Оқушылар сарайы «Шабыт» театр үйірмесінің мүшесі Балғынбек Кәдібек.
М.Әуезов атындағы ОҚУ «Мәдениет және өнер» факультеті және Ж.Тәшенов атындағы университеті «Филология» факультетінің студенттері мен «Шабыт» театр үйірмесінің оқушылары ақынның өмірінен көрініс сахналады.
Қойылымды тамашалған көрермен керемет әсер алғандарын айтып, өз алғыстарын білдірді.