ЖЕЛАЯҚ ЖҰПТАР – «МАХАББАТ МАРАФОНЫНДА» Избранное

Среда, 17 Май 2023 04:57 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 949 раз

Шымкенттіктер халықаралық Отбасы күніне ерекше ықыласпен атсалысты. Аталған мерекеге орай, Қажымұқан атындағы орталық стадионда желаяқ жұптар жарысқа түсті. «Махаббат марафоны» атты эстафеталық жарысқа қаламыздан 30-ға жуық отбасы қатысып, бақ сынады.

96

 

–Жарыс отбасы институтын нығайту, отбасы құндылығын насихаттау, ерлі-зайыптыларды бірге белсенді спортпен шұғылдануға шақыру мақсатында ұйымдастырылып отыр. Сонымен қатар, бүгінде әлемде ажырасу фактілері өте көп. Осындай спорттық жарыстар арқылы отбасында қарым-қатынасты нығайтуда аз да болса септігіміз тиіп жатса біз қуаныштымыз. Бүгінгі жарыста спорт мектептерінен қатысушылар көп болды. Алдағы уақытта басқа да саланың өкілдері спортқа жақын болып, белсенділік танытады деп сенеміз, - дейді Шымкент қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары
Ермек Дәрменов.
Махаббат марафонында ерлі-зайыптылар 2 жас ерекшелігі бойынша, 35 жасқа дейін және 35 жастан жоғары деген санатта қатысып, 2 шақырым қашықтықты жүгіріп өтті.
– «Дені сау отбасы – дені сау ұлт». Біздің отбасының ұраны осындай. Отбасын құрғанымызға төрт жыл болды. Келіншегім екеуміз бірнеше марафонға қатысып үлгердік. Эстафеталық марафонға бірінші қатысуымыз. Бағымыз жанып, мәреге бірінші жеттік, - дейді Азизхан Камелжанов.
Расында, дені саудың – жаны сау. Махаббатта да, спортта да жолы болған жұптар ойын көркін қыздырып, мәреге қол ұстасып жетті. Жеңімпаздар арнайы медаль және грамоталармен марапатталды.

Салтанат ТҰРҒАНТАЙҚЫЗЫ

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.