Шымкентте Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, жоспар бойынша 7 жылда апатты және тозығы жеткен 78 үйді жаңарту көзделген. Қалалық Тұрғын үй басқармасы 107 үйді реновациялауды ұсынған. Оның ішінде тұрғындар реновациядан бас тартқан және қосылғандарды санағанда 87 үйді жаңарту анықталып, зерделеу жұмыстары жасалды. Аталған 87 үйде 4 мыңға жуық адам тұрады, ал реновациядан кейін шамамен 20 мың адам қоныстануға мүмкіндік алады. Қазіргі таңда 6 үй бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр.
Абай ауданы аумағында жалпы 27 елді мекенде 55 159 үй, 205 көпқабатты тұрғын үйде 257,7 мың халық орналасқан. Бүгінде ауыз су 100%, электр жарығы 26 елді мекенде қамтылған (96,3%), ал көгілдір отынға 23 елді мекен қол жеткізіп, бұл көрсеткіш 85,2%-ды құрап отыр. Өткен жылы ауданда 8 мәселе өзекті болып, оның екеуі қала басшысы Ғабит Сыздықбековтің бастамасымен шешімін тапты. Атап айтсақ, Қызылжар шағын ауданындағы әуежайдың санитарлық қорғаныш аумағындағы 100 метрге кіретін тұрғын үйлерді мемлекет мұқтажына алу және Асар-2 шағын ауданы Алмаз көшесіндегі тұрғын үйлердің «қызыл сызыққа» түсуіне қатысты мәселе көтерілді. Бұл ретте халықтың өтініші ескеріліп, оңтайлы шешім шығарылды. Ал қалған 6 мәселені Бұхарбай Рысқұлұлы атап өтіп, биылғы жоспарға сәйкес шешу жолдарын қарастырды.
Мәжіліс барысында қала әкімі Ғабит Сыздықбеков күн тәртібінде қаралған мәселелердің өзектілігіне назар аударып, жан-жақты талқылады. Осы орайда қала басшысы: «Мәселелерді бір-біріңізге сілтемей, барлығыңыз бірлесіп, халық игілігі үшін жұмыс істеңіздер!..» – деп, сын-ескертпе жасады. Сонымен қатар, тиісті басшыларға қаланы таза ұстау, жауаптылар өз жұмысын реттеу, мегаполисті иесіз ит-мысықтардан тазалау, жолды қазып, қайта қалпына келтірмегендерге қатаң шара қолдану және жарнаманы біркелкі етуді тапсырып, орынбасарлары өз саласы бойынша мәселелерді назарда ұстау керек екенін жеткізді.