ТҰРҒЫНДАРДЫҢ ДАЙЫНДЫҒЫН ТЕКСЕРДІ Избранное

Среда, 28 Февраль 2024 04:07 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 338 раз

Қалада кезекті жалпықалалық сейсмикалық оқу-жаттығу іс-шарасы өтіп, тұрғындардың төтенше жағдайға дайындығы пысықталды. Сағат 10:00-де дабыл жүйесі қосылып, мектепке дейінгі мекемелерде, білім беру орындарында, әкімшілік ғимараттарда, ықтимал қауіпті нысандарда және тұрғын үй секторларында кезекті сейсмикалық жаттығулар өткізілді. Төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлері тұрғындарға жер сілкінісі болған жағдайда әрекет етудің алгоритмін түсіндірді.

totenhe

 

Жалпықалалық сейсмикалық оқу-жаттығу іс-шарасын әр тоқсан сайын өткізу жоспарланған. Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Жамбыл Жабаевтың айтуынша, оқу-жаттығудың басты мақсаты – болуы ықтимал жойқын жер сілкінісі кезінде халықтың іс-қимылдарын пысықтау, жедел ден қоятын қызметтердің күштері мен құралдарының дайындығын тексеру.
Іс-шара Шымкент қаласы прокуратурасының ғимаратында басталып, Әл-Фараби ауданы әкімдігі ғимаратында, №137 жалпы орта мектебінде, «Балбұлақ» балабақшасында, «Шымкент плаза» сауда орталығында және №1 қалалық клиникалық ауруханасында жер сілкінісі кезіндегі практикалық әрекеттер пысықталды.
Оқу-жаттығу жоғары деңгейде өткен әлеуметтік нысандардың бірі – №137 мектеп. Онда дабыл жүйесі іске қосылысымен, оқушылар, мұғалімдер, барша қызметкерлер лезде қауіпсіз аймаққа – сыртқа шығуға әрекет жасады. Жоғары сынып оқушылары шартты жағдайда алғашқы медициналық көмек көрсетіп, жағдайға дайын екендіктерін байқатты.
10-сынып оқушысы Елнұр Мырзақұл төтенше жағдайдағы іс-қимыл әрекеттерінен хабардар екенін, мектепте оқу-жаттығулар, сынып сағаттары жиі өткізілетінін айтады.
–Сынып сағаттарында төтенше жағдай, құқық бұзушылық мәселелері жан-жақты айтылады. Бұл – өзекті мәселенің бірі. Оқушыларға ақпарат уақтылы беріліп отырады, – дейді мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Замира Қалиева.
Кезекті іс-шараға Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаментінен 18 техника, 110 адам, қалалық азаматтық қорғау қызметтерінен 35 техника, 185 адам жұмылдырылды. Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаменті Азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы Нұржан Қаракөзев аудан әкімдіктері, білім беру қызметкерлерінің дайындығына оң баға берді.
ТЖД деректеріне сәйкес, соңғы бес жылда қала аумағында 2 балдан жоғары 14 рет жер сілкінісі болған. Бұл ретте зардап шеккен тұрғындар мен қираған ғимараттар тіркелмеген. Департамент қызметкерлері жергілікті атқарушы органмен бірлесе білім беру мекемелерінде, ЖОО, колледж, аурухана, емханаларда тоқсан сайын сейсмикалық оқу-жаттығу өткізіп келеді.
2023 жылы Шымкент қаласында шамамен 4017 оқу-жаттығу жиыны өтсе, оның ішінде 1100-і сейсмикалық оқу-жаттығулар. Департамент қызметкерлері жер сілкінісі кезіндегі тұрғындардың практикалық іс-әрекеттерін пысықтап, жетілдіріп отырады. Өткен жылы білім басқармасына қарасты мекемелерде 21 мыңнан астам оқушыны қамтитын 103 интерактивті сабақ өткізілді.
Ендігі ретте қала аумағындағы шағынаудандар, тұрғын алаптарда, елді мекендерде тұрғындармен сейсмикалық оқу-жаттығу ұйымдастырылмақ.

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.