ҚЫЗЫЛ СУ ҚАПЫДА ҚАЛДЫРМАСЫН ДЕСЕК... Избранное

Пятница, 01 Март 2024 10:40 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 269 раз

2022 жылы қала аумағында су жиналу қаупі бар 52 нүкте анықталса, өткен жылы бұл көрсеткіш 31-ді құраған. Төтенше жағдайлардың алдын алу бойынша жылдан-жылға инфрақұрылым жақсарып, атқарылған жұмыстар нәтижесінде қызыл су жүруі мүмкін аумақтар жойылды. Қазіргі уақытта қала аумағында қар еріп, жаңбыр жауған кездегі жағдай тұрақты. Дегенмен, сақтық қажет.

suAlu

 

«Қазгидрометтің» алдын-ала мәліметіне сәйкес, ақпан-наурыз айы жауын-шашынды болады деген болжам бар. Бұл өз кезегінде қала аумағында жаңбыр суының көп жиналып, жағдайдың ушығуына әкеп соғуы мүмкін. Шымкент қаласы төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары Еркін Отарғалымұлының сөзіне сенсек, қазіргі таңда тасқынға тосқын болар шаралар күшейтілген.
Қала аумағында жалпы 10 гидротехникалық құрылыс бар: 4 су қойма, 3 гидроторап, 2 канал және 1 су жинағыш. Қазір оның тоғызы жарамды күйде. Бір гидротехникалық құрылыс (Ақжар су қоймасы) жөндеуді қажет етеді екен. Ал, апатты және иесіз гидротехникалық құрылыс жоқ. Сонымен қатар, қаладан 4 ірі өзен (Бадам, Сайрам-су, Қошқар ата, Қарасу) мен 27-ден астам канал ағады.
– Қаладағы жалпы су қоймаларының толу деңгейі бүгінде 12-60 пайыз. Қазіргі уақытта тасқын суларды қабылдау үшін су қоймаларында қорлар жеткілікті. Қала аумағында ұзындығы 223 шақырымды құрайтын 27 канал мен 2 өзен қоқыс пен мұздан тазаланды. Ұзындығы 702 шақырым 281 ирригациялық жүйе ретке келтірілді. Су тасқынының алдын алу жөнінде жол картасы аясында 10 іс-шараны іске асыру көзделген. Оның біреуі толық орындалып, алтауы орындалу барысында, – дейді төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары.
Атап айтқанда, 2 іс-шара бойынша қажетті жобалық-сметалық құжаттар дайындалып, бүгінгі таңда сараптамаға енгізілген. Биыл құрылыс жұмыстары басталмақ. Жол картасы аясында Еңбекші ауданындағы Жыланбұзған, Тоғыс, Маятас, елді мекендері мен Абай ауданына қарасты Қызылжар, Игілік елді мекендері маңындағы Бадам өзенінің арнасын тазалау және жағалауды нығайту, Ақсай-Қарабастау каналына және Ақжар су қоймасына күрделі жөндеу жұмыстары атқарылуда. Уақтылы орындалмаған 9 іс-шара Үкімет тапсырмасына сәйкес, назарда тұр. Олар 2024 жылдың соңына дейін орындалуы тиіс.
Қалалық төтенше жағдайлар департаменті өкілінің мәліметінше, қала аумағында су жиналу қаупі бар 31 аймақ бар. Оның ішінде, зерделеу жұмыстарына сәйкес, үлкен 10 нүкте іріктеліп, жол картасына енгізілген еді. 160-тан астам көшеде ирригация жүйелері салынбаған. Аталған нысандарға жобалық-сметалық құжаттамалар жасап, құрылыс жұмыстарын жүргізу қажет.
– Қала аумағында қауіп төндіретін үлкен нысанның бірі – Бадам өзені. Жиналған қар қоры, жердің ылғалдылығы, жердің қату деңгейі өткен жылмен салыстырғанда едәуір аз. Дегенмен «Қазгидрометтің» алдын-ала болжамына сәйкес, наурыз айында жауын-шашын мөлшері нормадан көп болуы мүмкін. Жағдайды ушықтырмау үшін қазіргі таңда Бадам өзенінің жағалауын нығайту жұмыстары атқарылды. Аудандық әкімдіктермен бірлесе өзенге тиесілі шекаралар тексерілді.
Ирригациялық жүйелер құрылысы, мониторинг жұмыстарының нәтижесінде қауіпті нысандар саны азайып отыр. Бұл – заңдылық. Қазіргі уақытта мегаполисте төтенше жағдайлар инфрақұрылымы да дамып жатыр. Төтенше жағдайлардың алдын-алу құзырлы мемлекеттік органдардың бақылауында, – дейді Еркін Отарғалымұлы.
ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі тарапынан 2024-2026 жылдарға арналған су тасқынына қарсы іс-шаралардың жаңа Жол картасы әзірленуде. Төтенше жағдайлар департаменті су тасқынының алдын алу бойынша жергілікті атқарушы органдармен бірлесе жоспарлы жұмыстарды қолға алған.
Биыл қаңтар айында Бадам, Сайрам су өзендері арналарының тасқын суға төтеп беру қабілетіне көз жеткізу үшін комиссиялық жер үсті визуалды қарап шығу іс-шарасы өткізілді. Қала аумағында төтенше жағдай күрделенген кезде жедел әрекет ету және үйлестіру жұмыстарын жүргізу үшін жедел штаб құрамы бекітілді.
Қазір департаментте су тасқыны кезінде қызмет ететін жеке құрамының 160 қызметкері, әр түрлі мақсаттағы 17 техника, 17 жүзу құралы әзір тұр. Азаматтық қорғау қызметкерлерінің 442 техникасы, 2448 адам жеке құрамы, зардап шеккен халықты қабылдайтын 58 пункт дайындалды.
«Көктем-2024» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығу барысында азаматтық қорғау қызметтерінің күштер мен құралдарының су тасқынын жоюға дайындығы пысықталған болатын.
Сонымен қатар, қолданыстағы заңдылыққа сәйкес, әрбір қала тұрғыны өздеріне тиесілі аумақтарда ирригациялық жүйелерді тазалауға жауапты. Департамент қызметкерлері тұрғындарды үй маңындағы арықтарды, су өткізетін құбырларды тазалап, су өту жолдарын қадағалауға шақырады.

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.

Другие материалы в этой категории: « Жеңімпаздармен кездесті Құтқарушы қыздар »