1наурызда өңірлік жастар кадрлық резервіне іріктеу басталды. Жоба жас басқарушылардың өңірлік пулын қалыптастыру және өңірді дамытуға дарынды жастарды тарту мақсатында қолға алынып отыр. Жиында Шәкір Асылханұлы іріктеу талаптарын, кезеңдерін жан-жақты баяндап, толық мағлұмат берді.
– Өңірлік резервке алынған жастар сайланатын лауазымдарды қоспағанда, жергілікті атқарушы органдарда, мемлекеттік әкімшілік лауазымдарға орналаса алады. Жастар өз еліне, Отанына қызмет етуге дайын болуы керек. Бүгінгі таңда өңірімізде 2000-ға жуық мемлекеттік қызметші бар. Оның ішінде, 35 жасқа дейінгі жастардың үлесі – 40 пайыз. Кадрлық іріктеуге 35 жастан аспаған, жоғары білімді және үш жылдан кем емес еңбек өтілі бар ҚР азаматы қатыса алады, – деді Ш.Сұлтанхан.
Қалалық мәслихаттың төрағасы Б.Нарымбетов мемлекеттік қызмет – өте үлкен жауапкершілік екенін, іріктеуге жаңаша идеясы бар, талапты, патриот азаматтар бару керектігін айтты.
Резервке іріктеудің 1-ші кезеңінде – 1-31 наурыз аралығында құжаттар қабылданады. Іріктеу индустрия және өнеркәсіп, экономика және қаржы, әлеуметтік сала, инфрақұрылым, агроөнеркәсіп кешені және жер қатынастары, цифрландыру бағыттарында өтеді.