НАУРЫЗ – ЫРЫС ПЕН ЫНТЫМАҚТЫҢ БАСТАУЫ

Среда, 20 Март 2024 00:00 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 93 раз

Құрметті Шымкент тұрғындары мен қала қонақтары!

Сіздерді Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесімен шын жүректен құттықтаймын.
Әз Наурыз – қоғамдағы татулық пен бірліктің, тұрақтылық пен келісімнің, ізгілік пен мейірімнің мерекесі. Жыл басы саналатын бұл мейрам табиғаттың ғана емес, адам рухының да жаңаруының белгісі.

 

Күні кеше Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде Қазақстан Республикасының Президенті Қасым Жомарт Тоқаев: «Ең алдымен халықтың береке-бірлігін сақтау елдігіміз үшін аса маңызды. Бұл туралы үнемі айтып жүргенімді білесіздер. Ынтымағы жарасқан, ортақ мақсатқа ұйысқан ұлт ешқашан ұтылмайды, ештеңеден құр қалмайды» деп баса айтты. Міне, бұл біздің мемлекеттік саясаттың басты бағыты.
Дәл осындай мақсатты қазық етіп, биылдан бастап Наурыз мерекесін тойлаудың жаңа дәстүрлерін қалыптастыруға, ең ізгі адами қасиеттерді – ашықтық пен шынайылықты, жауаптылық пен қайырымдылықты, ізгілік пен ілтипатты, сыйластық пен мейірімділікті тереңдете түсуге негіз болатын айдарлы он күн белгіленді. Жаңа форматта тойланып отырған Ұлыстың ұлы мерекесін Шымкент қаласының тұрғындары да ерекше көңіл күймен атап өтуде.
Үшінші мегаполистің әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси және мәдени өмірінде де тың серпін мен серпіліс байқалады. Ынтымақ пен ырыстың, береке мен бірліктің мекеніне айналған қаламыз жыл өткен сайын көркейе түсуде, халықтың тұрмыс деңгейі мен әлеуеті арта түсуде. Мұның барлығы жылмен бірге жаңарып, алға адымдай түскен жетістіктеріміздің сипаты.
Құрметті жерлестер!
Биылғы Наурыз айлардың сұлтаны «Рамазан» айымен қатар келді. Тілеген дұға-тілектеріңіз қабыл болсын! Ақжарылқап тілекпен табысатын, төс түйістіріп, алаңсыз амандасатын арайлы күндеріміз көп болғай.
Тамырын тереңнен тартқан, ұлттық құндылықтарымызды дәріптеп, жарқын күндерге жол ашатын Ұлыстың Ұлы күні еліміздің еңсесін биіктете түссін! Жасампаздығы мен айбыны арта түскен мемлекетіміздің мәртебесі осындай игі дәстүрлермен асқақтай берсін! Самарқанның көк тасы еритін, тіршілік нұрға бөленетін ұлық күн барша қазақтандықтарға игілік пен жақсылықтың шарапатын ала келсін!
Еліміз аман, жұртымыз тыныш, бірлігіміз бекем, тірлігіміз көркем бола берсін!

Ғабит СЫЗДЫҚБЕКОВ,
Шымкент қаласының әкімі

Последнее изменение Вторник, 02 Апрель 2024 05:06
Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.

Другие материалы в этой категории: « ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕС Шымкент – қызғалдақ қаласы »