— Еліміздің бірнеше өңірінде орын алған су тасқыны қабырғамызды қайыстырып отыр. Қиындыққа душар болған отандастарымызға қолдан келген көмекті аянып қалмаймыз. Әрине, мүлік те, үй де қайта қалпына келтіріледі. Дегенмен оған дейін де үйсіз-күйсіз қалған халыққа көмек керек. Сондықтан да «жұмыла көтерген жүк жеңіл» деп, қолда барымызды бөлісейік. Бір-бірімен бөлісіп, біріне-бірі қамқор, тілеулес болған ұлттың ұлылығы да осында. Су тасқынынан зардап шеккен ағайынға гуманитарлық көмек қолын созуды азаматтық парызымыз деп білемін. Қайырымды іске кәсіпкерлер, халық қалаулылары қолдау көрсетіп жатыр,—деді Шымкент қалалық мәслихатының хатшысы, «AMANAT» партиясының төрағасы
Б.Нарымбетов.
Сондай-ақ, керуенмен бірге «AMANAT» партиясының «Жастар рухы» жастар қанатының белсенділері де су тасқыны орын алған аймаққа аттанды. Айта кетейік, ел басына күн туғанда көмек қолын созуға ниетті жандармен бірге алаяқтар да көбейіп кетеді.Сондықтан қоғам белсенділері көмекті тек арнайы қорға ғана жолдаған дұрыс дейді.
Гүлнұр БАЛАБАСОВА