БАЛАЛАР ТЕМІР ЖОЛЫНЫҢ ТАҒДЫРЫ ШЕШІЛДІ Избранное

Среда, 15 Май 2024 06:38 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 324 раз

Балалар темір жолы қайта қалпына келтірілмейді. Темір жол рельстері алынып, орнына халық жаяу серуендейтін аймақ ашылады. Заман талабына сай веложол, жүгіру жолақтары, воркаут алаңдары салынып, жан-жағы көгалдандырылады. Бұл шаруаның бәрі демеушілердің көмегімен іске асырылмақ. Бұл туралы қала әкімі Ғ.Сыздықбеков бұрынғы балалар темір жолын аралау барысында мәлімдеді.

Temir

 

Шымкентте балалар темір жолы 1980 жылы пайдалануға берілген. Құрылыс жобасын Шымкенттегі «Южгорсельпроект» жобалау институтының мамандары сызған. Пойыз жол бойындағы тоннель мен көпір құрылысын «Гипрофосфор» институтының жас мамандары жобалаған.
Ұзындығы 6 шақырымды құрайтын балалар темір жолы дендросаябақ маңындағы «Тұлпар» және Қ.Мұңайтпасов атындағы орталық стадион жанындағы «Спорт» стансаларын байланыстырған. Ал, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы нарықтық қиындық кезеңінде балалар пойызы істен шығып, жүруін тоқтатқан еді.
Ұзақ жылдық үзілістен кейін 2010 жылы қайырымдылыққа қаралған қаржы есебінен темір жол қайта іске қосылған. Дегенмен, локомотив көп ұзамай толық істен шығып, депоға қойылған. Ал, 2013 жылы қалалық прокуратура балалар темір жолының қауіптілігін ескере отырып, пайдалануға тыйым салған-ды. Сонымен қатар, балалар темір жолы рельстерінің ені –
75 см. Мамандар мұндай рельстер де, локомотивтер өндірісте жоқ екенін, ал арнайы тапсырыспен жасату өте қымбатқа түсетінін мәлімдеп отыр. Балалар темір жолы балалар пойызын жөндеу мәселелеріне байланысты бірнеше рет жұмысын тоқтатқан болатын.
— Балалар темір жолының бойын жаңғыртуға арналған жоба демеушілердің қаржысына жүргізіледі. Ал, бюджет қаржысы қаладағы жоспарлы және кезек күттірмейтін мәселелерді шешуге бағытталмақ. Шымкентте бұған дейін де демеушілер есебінен бірнеше нысан жаңғыртылып, халық игілігіне берілген. Біз қала бюджетін халықтың әлеуметтік жағдайына септігі тиетін маңызды жобаларға бағыттап, тиімді игеруді көздеп отырмыз. Атап айтар болсақ, жаз мезгілінде тоқтап қалатын ыстық су мәселесі, ауыз су, ирригация және кәріз жүйесі жүргізілмеген аудандар бар. Сондықтан қаржыны халыққа бірінші қажет осындай маңызды жобаларға жұмсаймыз, – дейді Ғабит Сыздықбеков.
Темір жолдың жағдайымен таныстыра келе қала әкімі жағдайдың жан-жақты зерделенгенін атап өтті. Арғынбеков – Бәйдібек би жолайрығын салу кезінде балалар темір жолының бір бөлігі бұзылған. Ғабит Әбдімәжитұлы жауапты мамандарға серуен аймағы құрылысын жүргізу барысында жаяу жүргіншілер жолын ыңғайлы әрі қауіпсіз етіп салуды тапсырды.
Сондай-ақ, бұрынғы станса болған орын серуендеушілерге қажетті заттар сататын шағын дүкен үшін беріледі.

Айта кетейік, бұған дейін қала тұрғындарының біразы мемлекет және қоғам қайраткері Асанбай Асқаровтың қолтаңбасы қалған балалар темір жолының бұзылуына қарсылық білдірген. Қала әкімі темір жолдың неліктен қайта қалпына келтірілмейтінін түсіндірді.
Біріншіден, 1980 жылдан бері қаланың аумағы, бас жоспары өзгерді. Балалар темір жолы салынған орын бұрын қала сырты саналса, бүгінде ол қаланың қақ ортасында қалды. Балалар пойызын жүргізу көлік қозғалысына кедергі келтіріп қана қоймай, үлкен қауіп туғызар еді.
Екіншіден, локомотив толық істен шыққан. Мұндай локомотивтер бүгінде шығарылмайды, ал арнайы тапсырыспен жасату өте қымбатқа түседі, экономикалық тұрғыдан тиімсіз.
Қала әкімінің айтуынша, балалар пойызы ескерткіш ретінде пайдаланылады. Темір жол бойы заман талабына сай серуен аймағы етіп жаңғыртылып, биыл пайдалануға беріледі деп күтілуде.
Айта кетейік, бүгінде Шымкентте жаңғыртылып, жаңарып жатқан жобалардың басым бөлігі демеушілердің көмегімен жүзеге асырылып отыр. Атап айтар болсақ, былтыр Түркістан мен Байтұрсынов көшелері қиылысындағы «Спутник» дүкені алдындағы 50 соттық жерге гүлзар салынды. Қала әкімінің Әл-Фараби ауданы тұрғындарымен есептік кездесуінде тұрғындар тарапынан осы жерге гүлзар салу туралы ұсыныс айтылған.
Бұқараның тілегін ескерген қала басшысы мәселені өз бақылауына алып, жан-жақты зерделеп, нәтижесінде кәсіпкерлік нысандардың жер телімдері мемлекет мұқтаждығына алынып, демеушілер есебінен демалыс аймағы ашылған болатын. Тұрғындар 20 жылдан бері түйіні тарқамаған мәселенің тез арада шешімін тауып, халық игілігіне жарағанына қуанышты.
Желтоқсан көшесіндегі гүлзар құрылысына да демеушілер көмектесуде. Қазір мұнда құрылыс қарқынды жүріп жатыр. Демалыс аймағы мамыр айының соңына дейін пайдалануға беріледі. Ауданы шамамен төрт мың шаршы метрді құрайды. Мұнда жаяу жүргіншілер жолдары жасалып, жаңа қоршаулар орнатылады. Сонымен қатар, орындықтар, шағын архитектуралық пішіндер, қоқыс шелектері мен жарықшамдар қойылып, айналасы көгелдандырылады.
Еңбекші ауданынан салынатын саябаққа та демеушілердің қаржысы жұмсалады. Серуендеу аймағы Жібек жолы мен Сайрам көшелерінің қиылысында бой көтереді. Бүгінде мұнда заңсыз нысандар бұзылып, қоқыстардан тазартылуда.
– Демеушілер тарапынан Шымкентте үш субұрқақ қайта жаңғыртылады. Ордабасы алаңында және Түркістан, Тәшенов көшелерінің қиылысындағы «Көл» деп аталып кеткен субұрқақтар мен Әл-Фараби ауданында орналасқан жасанды су айдынын қалпына келтіру жоспарлануда. Қазір оның айналасы абаттандырылуда. Ордабасы алаңында да жаңартылған субұрқақтар іске қосылады. Заманауи талапқа сай жаңартылған демалыс орындары қала тұрғындары мен қонақтары үшін тартымды әрі бос уақытты тиімді өткізуге арналған жайлы орын болады. Бұл жобалар бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында іске асырылады, – дейді қала әкімі.
Ғабит Әбдімәжитұлы Қазыбек би көшесі мен Тәуке хан даңғылы бойында жүріп жатқан жаяу жүргіншілер жолы құрылысын да аралап шықты. Қала тұрғындары тротуар плиталарының беті жылтыр болғандықтан, қыс мезгілінде жаяу жүру өте қауіпті екендігіне бірнеше рет шағымданған. Тұрғындардың шағымдарын ескере отырып, сауалнама жүргізілген. Сауалнамаға қатысқандардың 90% -ы тротуар плиталарын асфальт төсемімен ауыстыруды қолдаған.
Осыған байланысты қала әкімі жаяу жүргіншілерге арналған тротуарларды асфальттау бойынша шешім қабылдағанын, қала тазалығы, жаяу жүргіншілер жолын реттеу, аялдамаларды жаңарту мәселелерін пысықтады.

Салтанат ЖАМАЛДИНОВА

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.