Осындай қиын сәтте шымкенттіктер де жұдырықтай жұмыла азаматтық танытып келеді.
– Шымкент қаласының әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия мүшелері, Іскер әйелдер қауымдастығының мүшелері аз ғана уақытта осындай үлкен көлемде қажетті заттарды жинады. Бұл ел арасындағы ауызбіршілікті, бауырмалдықты көрсетеді. Кәсіпкерлер өздері шығаратын өнімдерін, яғни су сорғы, құбырлар мен құрылысқа қажетті заттарды да алып келген. Көлік екі күн жол жүріп, 16-17 мамыр күндері Петропавл қаласына жетеді, – дейді Шымкент қаласы ішкі саясат және жастар ісі жөніндегі басқарманың басшысы Бақтияр Өнербаев,
«Достық үйі» алаңында жиналған қауымның басым бөлігі – жастар. 100-ге жуық ерікті жастар жүк көлігіне жиналған қажетті заттарды тиеп, көмек көрсетті. Ө.Жәнібеков атындағы ОҚПУ-дің психологтары мен студенттері де Солтүстікке көмекке бармақ.
– Су басқан өңірлердің тұрғындары арнайы мамандардан кеңес алып, пікір алмасуы тиіс. Сондықтан білікті мамандарымызды сол өңірлерге жібермекпіз. Айта кету керек, су басқан өңірлердің мектеп бітіруші түлектері үшін университеттің ғылыми кеңестегі шешімі бойынша 5 оқу грантын бөлеміз. Сондай-ақ, 12 мың орынды жатақхана жаз айларында да жұмыс істейді. Жатақханаларға су басқан өңірлерден келіп тұруға ниеттілер болса, құшағымыз әрдайым ашық, – деп атап өтті Г.Сүгірбаева.
Гүлжауһар БАЖАҚАЙ