Шымкентте масаларға қарсы залалсыздандыру жұмыстары басталды. Зиянкестермен күресу үшін қала бюджетінен 101 млн. теңге шамасында қаржы бөлініп, жұмыс 4 кезеңге жоспарланған. Олар маусым, шілде, тамыз және қыркүйекке тұспа-тұс келеді.
Зиянкестермен күрес шарасы қала аумағындағы 45 гүлзар-аллея, 12 саябақ, 35 өзен-каналдарда және 2 су қоймасында жүргізіледі. Алғашқы жұмыс А.Асқаров атындағы дендросаябақта басталды. Аумағы 117 га құрайтын демалыс орнында демалушыларға қолайсыздық туындамауы үшін алдын алу шарасы жүргізілуде.
– Күрес шаралары тек масаларға ғана емес, Конго-қырым қанды қызбасы секілді түрлі инфекциялық ауруларды тасымалдаушы зиянкестерге қарсы дизинфекцияларды қамтиды. Жауын-шашын мол, шөптің қалың болуы қолайсыздық тудырғанына қарамастан қажетті препараттарды толық алып, жоспарға сәйкес жүргізіп жатырмыз,- дейді қалалық ауылшаруашылық және ветеринария басқармасы басшысының міндетін атқарушы Талғат Мекенбаев.
Биылғы залалсыздандыру жұмысына мердігер компания « SATTI TULIK » ЖШС жауапты. Қазірдің өзінде 6 техника мен 20-ға жуық қызметкер жұмылдырылған.
Айта кету керек, залалсыздандыру жұмысы жеке үйлер мен кәсіпкерлік нысандарға меншік иелерінің өз қаражатына жүргізілуі тиіс.
Дінмұхаммед ТАҢСЫҚ,
М.Әуезов атындағы ОҚУ-дің 3-курс студенті