ҰЛЫТАУ – ҰЛТ ҰЯСЫ Избранное

Пятница, 12 Июль 2024 06:42 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 1283 раз

Әлемде көлемі жағынан 9-орын алатын қазақ жерінің тарихы мен шежіресі аса бай. Ұлы саяхатшы-ғалым, этнограф Шоқан Уәлиханов бір жазбасында «Қазақтың шежіресінде айтулы қайбір оқиғалары мен атақты тұлғалары еш атаусыз қалмаған» деген.
Ауызша тарихымыз атадан балаға ауысып, жадында жаңғырып отырған. Төл тарихымызды өз ғалымдарымыздан басқа жат жұрттық саяхатшы тамсана жазғаны белгілі кезбелер де аузының суы құрды. Әзелде ата-бабаларымыз «Атың барда – жер таны желіп жүріп, Асың барда – ел таны беріп жүріп» деп, алысты болжап, өз дүниетанымын кеңейткен.
Ұлан байтақ жерімізді қорғаған батыр, би, ақын-жыршылар ел тарихын тасқа жазып қалдырған. Ат тұяғымен шекарамызды кеңейтіп, ұрпаққа жайлы қоныс іздеген. Асан қайғы, Қорқыт баба қобызымен сайын даланы сазға бөлеп, қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтын бейбіт өмір аңсаған.
Осындай бабалар ізімен елтану мақсатымен Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығы қызметкерлері «Сан тарап» этнографиялық-экспедициясымен еліміздің төрт тарабын зерттеуді мақсат тұтты.

4 улытау

 

МЫСТЫ ШАҺАР

Алғаш болып Сарыарқаның сары даласы – Орталық Қазақстанға жол шегудің сәті түскен. Арқаны жырламаған ақын-жыршы жоқ шығар, сары даланы ән-күйге сапар, даңқын асырған. Бұл үрдіс әлі де жалғаса береді.
«Жезқазғанның арғы аты – Ақжол» дейді өлкетанушы С.Бүкіров.
«Кенді үңгірдің бірін қазғанда самородок сары мыс, жез көптеп табылыпты. Содан жергілікті халық өз тіліне аударып, «Жезқазған» атаса керек».
Ұлы Даланың дәл ортасында орналасқан Жезқазған шаһары, ғұлама ғалым Қ.Сәтбаевтың сөзімен айтсақ, «әлемдегі мысқа бай аймақтардың бірі саналады». Мысты шаһардың іргесі 1954 жылы қаланып, Кеңгір өзені жағасындағы Наушабай ауылының орнында тұрғызылған.
Жезқазған қаласы орналасқан даланың тарихы біздің жыл санауымыздан арғы заманға тамыр тарқан. Ұлытау-Жезқазған өлкесі – көненің бүгінгі жалғасы. Себебі Ұлытау – аты аңызға айналған Абылай хан таққа отырып, Кенесары ханның бейтарап өмір кешкен қазақ халқының үш жүзінің басын біріктірген, халқымыздың мақтанышы Жүректерінен жыр төккен Болман, Тайжан, Қожабай сынды ақындардың кіндік қаны тамған жер.
Жезқазған жері – тағдырдан сағы сынбаған, өнердің талай наркескендерін шыңдаған, ұлттық өнерді дәріптеп, күй құдіретін жаһанға танытқан қасиетті жер. Адамзатты әнімен тербеп: «... Алтын қалам, кең далам, Жезқазғаннан айналам!» деп әндеткен Жақсыкелді Сейіловті өсірген топырақ.
Сапарымыздың алғашқы күні жаңадан құрылған Ұлытау облысының Жезқазған қаласындағы Тарихи-археологиялық музейінен бастау алды.
Музей басшылығы жылы қарсы алып, Ұлытау облысының арғы-бергі тарихынан кеңінен әңгіме қозғады. Мұражайдың бірінші залы тас дәуірі, қола заманы, Байқоңыр, тастағы таңбалар, өлкенің қазба байлықтары, танымал тұлғалары, соғыс, еңбек ардагерлері және жергілікті шеберлердің қолынан шыққан жәдігерлермен (зергерлік бұйымдар, қару-жарақ, ертұрман т.б.) жабдықталған.
Экспозицияның ажарын ашып тұрған «Алтын адам» бейнесі біздің ұлы мәдениетіміздің төлқұжатындай көз тартады.

ҚАЗАҚСТАННЫҢ ІНЖУ-МАРЖАНЫ

Бұл даланың кен байлықтарын тұңғыш рет ашқан – халқымыздың мақтанышы болған, өз ісіне шексіз берілген совет ғалым Қаныш Сәтбаев.
Қаныш өзінің геологтарымен бірге Жезқазған даласына көп еңбек сіңірді. Қияқты көмір кені, Байқоңыр көмір кені, жездінің марганеці, Үлкен Жезқазғанның бұрын адам ашпаған мыс қойнаулары, темір рудалары, осының бәрін тапқан – Қанышты сол үшін де Жезқазған халқы айрықша құрметтеп, ардақтады.
Кенді қаладағы сапарымыз Қ.Сәтбаев атындағы тарихи-өндірістік мұражайында жалғасты. Музей директоры Кенжал Балкенұлы музейдің құрылуынан бастап, академик Қ.Сәтбаевтың қолтаңбасы қалған мұражайдың әрбір жәдігерін жіті таныстырып, қазақ кенінің атасы, ғалым, геолог Қазақстан тарихына, соның ішінде минералогия саласының дамуына қосқан үлесін, кеншілердің өмірінен кеңінен мәлімет берді.
Жезқазғанның тарихи шежіресіне зер салсақ кейбір деректерге қарағанда, мыстың бары қола дәуірінде-ақ белгілі болса керек, ал бертінде, 1771 жылдары орыс саяхатшысы, капитан Николай Рычковтың күнделігінен көреміз. Бұдан да бері, 1847 жылы орыс купеці Никон Ушаковтың сол жылғы 10 ноябрьде жергілікті бай Бақаншыдан 400 сомға сатып алғаны туралы договорда жазулы. Енді берірек (1903-1915) жылдары ағылшын капиталистері тіміскілеп, түк өндіре алмаған. Міне, осы өңірден аққан Кеңгір өзенін сол кездерде «Кеңүңгір» деп те атапты. Жезді өзенін жез көрініп жатқан соң солай деп атамас керек.
Бұл музейде қола дәуірінен басталып, бабаларымыздың алғаш жез қазып, мыс қорытылған құрал-сайманы бар. Қаныш тапқан, Ақсақ Темір қалдырған ескерткіш тас Ленинградта Эрмитажда екен. Оның үлкейтілген фотосуреті осы музейде тұр.
Жезқазған жеріндегі Менделеев таблицасының түгелдей түрі, керемет коллекциясы жасалып, топтастырылған минералдың барлығы дерлік музей залына қойылып, көпшілікке насихатталып, түсіндірілуі де дәстүрге айналған.
Музей кинозалынан «Сәтбаев есімімен...», «Академик Сәтбаев» атты документті кино көру Қанекең бейнесін бүгінгідей еске түсіреді. Музей залдарынан қазіргі заманның озат, қуатты техника мен технологиясын, еңбек ардагерлерінің фотобейнесін. Алып завод пен шахтаның макетін де көре аласыз.
Қазіргі Жезқазған 1941 жылдың 23 майында Үлкен Жезқазған жұмысшы поселкесі атанып, 1954 жылдың 20 желтоқсанында облысқа қарайтын қала болған.
– Жезқазғанның бір-ақ авторы бар. Ол –халқының адал перзенті, Жезқазғанның нағыз жетекшісі Қаныш Имантайұлы Сәтбаев, – деген музей директоры Кенжал Балкенұлы осы өңірдегі салт-дәстүрдің өзіндік ерекшеліктерін, қалыптасқан төл мәдениетін және тарих толқынындағы Шыңғыс хан, Жошы хан билігі тұсындағы заңдар, батырлар мен би-шешендер және қолөнер шеберлерінің бағзы замандағы бірегей бұйымдарын көрсетті.
Жезқала мен Шымқала арасындағы алтын көпір іспетті байланыс жалғасып, түсті металлургия отанындағы сапарымыз оң нәтиже берді.

МЕТАЛЛУРГИЯНЫҢ ОТАНЫ

Биыл тау-кен, геологияның атасы, академик Қ.Сәтбаевтың туғанына – 125 жыл. Кезінде осы кісінің айнымас шәкірті болған Мәкен Төрегелдин атындағы «Тау-кен және балқыту ісі тарихи музейіне» осы өлкенің тарихын жете білетін, Ұлытау облыстық «Мәдени мұраны сақтау және қорғау мекемесінің» директоры Мұхтар Бақытұлының бастауымен ат басын бұрдық.
Мұражай директоры Зейпін Зікірқызы музейдің ашық аспан астындағы экспозициялық алаңдары мен залдарын аралатып, тарихы мен тыныс-тіршілігін таныстырды. Отанның қорғаныс қуатын арттыруда марганец ошағын ашу, байыту фабрикасын салу, Ұлы Отан соғысы кезіндегі аса қат түсті металлургия кен орындарын іске қосу күн тәртібіндегі қауырт мәселе болған.
Музейде неолит дәуірінен басталған қарапайым шойын қорыту пештеріндегі жұмыс процесі, мыс балқытудың көне тәжірибесі, берідегі көмір комбайны, бұрғылау, жону станогы, жүк таситын вагонеткалар т.б. механикалық қондырғыларды жинап, әрбір жәдігерді көненің көзіндей сақтаған М.Төрегелдиннің қолтаңбасы сайрап тұр. Сонау қиыр шеттен әкелінген сол кездегі озық технологиялар бүгінде тарихи жәдігерге айналған. Соның негізінде құрылған әлемде теңдесі жоқ ашық аспан астындағы музей қоры қалыптасқан.
Сонымен қоса, қазақтың аңшылық қосы, құралдары, ұсталық дүкен құрал-жабдықтары мұқият түрде жүйелі сақталған. Жәдігерлерді жас ұрпақтың арнайы танып-білуіне жіті ден қойған. Бүгінде бұл музей қазақ жеріндегі тұңғыш металл өндеудің тарихын паш ететін құндылық болып табылады. Кеншілердің жанқиярлық ерлігі бір сәтте көз алдыңыздан тізбектеле өтеді.
Әрине, көне кен орнын тауып оған жаңа өмір сыйлаған ғұлама, этнограф Ә.Х.Марғұланның еңбегі.
Жезді кентінің құрылғанына 80 жылдығына орай Салт-дәстүр орталығының директоры Бахтияр Әбілұлы музей басшылығына ризалық білдіріп, оңтүстік өңірінің салт-дәстүріне арналған «Дәстүрім – асыл қазынам» кітабын сыйға тартты.
Жезқазғандағы белгілі тарихшы Мұхтар Бақытұлы сырлы сұхбатымызда өлкенің әлі де ғылыми айналымға түспеген деректерді тілге тиек етті.

ҰЛЫТАУҒА БАРДЫҢ БА?

Ұлытау – Алаш баласы үшін ежелден киелі мекен, ұлт ұясы. Сарыарқаның төрі, қазақ даласының кіндігі болған бұл өлкенің тасын түртсең тарихы сөйлейді. Алаша хан, Жошы хан, Домбауыл бабадан тартып тарқатар болсақ тереңге кететіні рас.
Құба даласы мен тарғыл тауына Кетбұғаның күйі сіңген, хас батырлардың қаны тамған, қасиетті аймақ ежелден қазақ даласының тарихы, шежіресіне айналған. Облыс болып құрылғалы кенішті өлке түлеп, түрленіп, руханияттың бесігі қайта тербелуде.
Ұлытауға келдік, ұлар үнді салқын самалын төске алдық.
«Ұлытауға бардың ба? Ұлар етін жедің бе?» деген тәмсіл көкірек көзі ашық әрбір қазақтың есінде болар. Қазақ даласында әрбір өңірдің өзіндік ерекшелігі бар ғой.
Ұлытау аты айтып тұрғандай ұлтымыздың ұясы. Мұнда көне дәуірдің сілемі өзіне еріксіз тартады. Жол бойы тарихтың небір қатпарларына кезіктік. Жусанды жазық дала, қыраттары, мөлдір бұлақтарына тоқтап, тарихын таразылай жүрдік. Біз өз жеріміздің қасиет-киесіне көңіл бөлмей, шеттен жұмақ жер іздейтініміз бар. Тарихтың терең қойнауына жетелеген, құм басқан құпия қамалдар орны талай сырды бүгіп жатыр.
Соның бірегейі – Басқамыр қамалы ежелгі өркениеттен хабар береді. Археологиялық қазба жұмыстары мұнда әлі толық жүрмегендігі көрінеді. Біз тоқтаған «Ақтас», «Күмісбұлақ» суының минералға бай суын шетелдіктер де арнайы зерттеп, баға берген. Мұнда кешегі зұлмат жылдардың куәсіндей ашаршылық құрбандарының зираттарына да бас иіп дұға оқыдық. Балдай тәтті қымызынан да дәм таттық.
Өлкенің бай-бағландары, билік құрған сұлтаны – Ерден Сандыбайұлынан бастап, Тәуелсіздігіміздің куәсі болған Камал Смайыл, күні кеше дүниеден озған академик Төрегелді Шармановтың ауылына түстік. Айыртау, Қазантау, Емшектаудың сұлу келбеті әлі талайларды тамсандырары хақ.
Түркі дүниесінде тарихты дүр сілкіндірген тұлғаларды жерлеу рәсімінің өз заңдылығы болған. Жаһанды уысында ұстаған қағандар – Шыңғыс, Жошы хандардың елден жырақ, төңірегі биік ерекше аймақта жерленуі де ғажап емес. Жергілікті тарихшылардың осындай пікірлері де көп ойды меңзеуі заңды құбылыс. Қалайда бұл өңірдің құпиясы әлі де зерттеуді қажет етеді.
Ұлытаудың бүкіл келбетін көз алдыңызға жайып салатын «Ұлытау» қорық-музейі де аса талғаммен үйлесімді экспозициялармен мол мағлұмат береді.
Осылай ұлы даланың өткені мен бүгінінен ғибрат аларлық мәдени қазынаға қанықтық.


Мырзабай ОМАР,

Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығының
аға ғылыми қызметкері.

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.