Версия для печати

Ақылы автотұрақтар қаншалықты тиiмдi? Избранное

Пятница, 22 Апрель 2016 06:32 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 6064 раз
Оцените материал
(1 Голосовать)

Жуырда қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов төрт аудан басшыларының наурыз айында атқарған жұмыстары туралы есебін тыңдаған еді. Соның ішінде Еңбекші ауданы әкімінің есебінде көше бойындағы заңсыз автотұрақтармен жұмыс жүргізіліп жатқаны, атқарылып жатқан жұмыстар сараланды. Әрине, бұл мәселе өзге аудандарда да өзекті болып тұрғаны жасырын емес. Осы ретте шаһар басшысы аудан әкімдері мен жауапты мамандарға заңсыз автотұрақтар мен ретсіз сауда нүктелерін жою бойынша арнайы іс-шаралар жоспарын бекітіп, жұмыс жүргізуді тапсырған болатын.

Тұрақтан пайда тапқандар

Осы мәселені зерттемек болып, қаланың бірқатар аумағын аралап шықтық. Айтса айтқандай-ақ, шымкенттіктер үшін автокөлік тұрағы қазіргі таңда өзекті мәселелердің бірі болып тұр. Қарға адым қадам бассаңыз, жол жиегін бойлай орналасқан ақылы автотұрақтарға немесе тек сауда нысандары мен мейрамхана клиенттеріне ғана арналған орынға кез боласыз.
Бүгінде қалада көлік саны артып отыр. Соңғы деректерге сүйенсек, Шымкентте 200 мыңнан астам көлік тіркеліпті. Темір тұлпарлардың көбеюі автотұрақ мәселесін де көкейтесті ете түскендей. Мұндайда тегін пайдалануға арналған жол жиектері ақылы тұраққа айналып шыға келді. Базарға бара қалсаңыз да көлік қою орындарында қыж-қыж қайнаған сауда. Алатаяқ ұстап, арнайы кеудеше кигендерге 100-150 теңгеңізді берсеңіз болғаны. Сұрай қалсаңыз, бір реттік талоны да дайын. Автотұрақтардың бұл әрекетінің қаншалықты заңды екенін анықтауға тырыстық. Мәселен, Төлеби көшесіндегі құрылыс материалдарын сататын дүкендердің алды ақылы автотұраққа айналғалы біраз уақыт болған. Қаз-қатар тізілген дүкендер алдында көлігіңізді қойғаныңыз үшін ақша төлеуге міндеттісіз. Оған қоса, сауда орындары орналасқан көшенің бойында «ақылы автотұрақ» деген жазуы бар бірнеше тақтайшалар орнатылған. Осы жердің «қызметкерлері» көлігін қойған барлық жүргізушілерден ақысын алған соң, кедергісіз кіріп-шығуына көмектеседі. Барлығы дерлік арнайы кеудеше киіп, ала таяқ пен ысқырықты серік еткендер өз жұмыстарын атқарып тұр. Мұнда келушілер олардың сұрағанын беруде. Бірақ кейбірі ақы бермейтінін айтады. Солардың бірі – жеке кәсіпкер Нұрғиса Ержігітов.
– Мен не үшін көлігімді қойғаным үшін ақша төлеуім керек? Оған қоса, олар «қызыл сызықтың» үстіндегі учаскеден пайда тауып жатыр. Мен базарға барғанымда да төлемеймін. Өйткені, жолдың бойы базар меншігі емес. Олардың бұл әрекеті заңсыз, – дейді жеке кәсіпкер.

Көлiктi кедергiсiз қоюға болады

Мұнан соң, Түркістан көшесіне бет алдық. Онда да осы көрініс. Мысалы, «Дуэт» дүкені жанында жол жиегі де ақылы тұраққа айналған. Ол жерде де «Тұрақ тек «Дуэт» сауда үйінің клиенттері үшін» деп жазылған тақтайша ілінген. Мұнда Сламбек Тұрданов 

есімді «стоянщик» өз қызметін мінсіз атқарып жүр. Оның айтуынша, дүкен иесі айына 30 мың теңге төлейді екен.
– Нақты мынанша бер деп ақша сұрамаймын. Бергенін аламын. Кейбірі 100 теңге, енді бірі 50, тіпті 20-30 теңге беріп кететіндер бар. Осы аумақты сыпырып, таза ұстаймын. Құжаттарды көрсете алмаймын, өйткені, ол дүкен иесінде, – дейді С. Тұрданов.
Қаланың біраз аумағын аралағанымызда, жоғарыдағыдай көріністерге куә болдық. Кафе мен дүкен иелері көпшілік пайдаланатын жер учаскесін жеке меншігіндей көретінін байқадық. Тіпті, кейбірі кіреберістеріне темір сым тартып, оны ешкім аша алмасын деді ме екен, құлыптап тастаған. Осындай көрініс Тәуке хан даңғылы, «Кең-баба» саябағына қарама-қарсы орналасқан кафеде орын алған. Сондай-ақ, Әл-Фараби аудандық соты мен облыстық клиникалық ауруханасына бара қалсаңыз да, көлігіңізді қоюға ақы төлейсіз. Өйтпеске амалыңыз жоқ, өйткені, мұнда да «ала таяқ ұстағандардың» бір емес, бірнешеуін көресіз. Бірақ бізге олар ешқандай ақша алмайтындарын, осында «тәртіпті реттеп» жүргендерін айтып ақталды.
Клиенттерді көптеп тарту үшін автотұрақ мәселесін бір жолға қойып, жағдай жасау қажеттігін шымкенттік кәсіпкерлер түсіне бастады. Әсіресе, ірі ойын-сауық сауда орындарының тұрақтары келушілер үшін тегін және ыңғайлы. Мәселен, «Әл-Фараби», «Баян сұлу», «Метро», «Магнум» секілді басқа да сауда орындарындағы паркингтерде көлігіңізді тегін қоюға болады.

Ақылы автотҰраҚтардың әрекетi заңға қайшы

DSC 0440

Жылдан-жылға темір тұлпар тізгіндегендер саны артқандықтан, осындай сәтті ұтымды пайдаланып жүргендер де жоқ емес. Осы орайда, қалалық жер қатынастары бөлімі басшысының орынбасары Нариман Қасымбеков жол бойында ақылы автотұрақ ұйымдастырудың заңсыз екенін айтады.
– Олардың әрекеттері заңға қайшы. ҚР-ның Жер кодексінің 109 бабына сәйкес, ақылы тұрақты ұйымдастыру тек Астана мен Алматы қалаларында ғана рұқсат етілген. Кәсіпкерлерге автотұрақ ұйымдастыру үшін берілген жер учаскелерін ақылы тұраққа айналдыру заңсыз әрекетке жатады. Егер, қала тұрғындары осындай жағдайға тап болып жатса, онда талон талап етіп, құзырлы мекемелерге шағымданса болады. Ақысыз автотұрақты мақсатсыз пайдаланғаны үшін жуырда ғана құрылған облыстық жер инспекциясына, Мемлекеттік кіріс басқармасына және қалалық жер қатынастары бөліміне шағымданғаны жөн. Жер учаскесін пайдаланғаны үшін кәсіпкерлер жалға алу құнын төлейді. Олар дүкенге немесе кафеге келушілерге ыңғайлы жағдай жасауға міндетті. Ал ол үшін ақша сұрауға құқылы емес. Менің айтарым, мұндай жағдайда болған жайды суретке түсіріп, қала әкімдігінің
8 777 885 85 13 нөмірлі WhatsApp жүйесіне жазуға мүмкіндік бар. Ақылы автотұрақтар жол бойында емес, арнайы белгіленген, ешкімге кедергі келтірмейтін аумақта жұмыс істей алады, – дейді Н. Қасымбеков.

DSC 0475

Шымкент қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің сектор меңгерушісі Наурыз Сүгірәлиевтің айтуынша, тіпті базар маңындағы тұрақтардың да ақылы болуы заңсыз. Өйткені, базар иесі онда келушілер үшін базар аумағының 30 пайызын автотұрақ үшін бейімдеуі қажет. Базар демекші, ондағы автотұрақтарда кәдімгі «жүйе» қалыптасқан. Көлігіңізді қоясыз да, телефон нөміріңізді қалдырасыз. Сіздің алдыңыздағы көлік шығатын болса, ұялы телефоныңызға қоңырау шалып, шақырып алады. Осы олқылықты да жүйеге келтіретін кез келгендей.
Бұдан бөлек, кейбір мейрамханалардың алдында «форма киген арнайы қызметкерлер» емес, қару асынған күзетшілер тұраққа оңайлықпен жолатпайды. Қаланы аралай берсеңіз, осы секілді көріністерге куә боласыз.

Шешiмi табылатынына сенiм бар

Айта кетерлігі, өткен жылы Алматы қаласында 77 арнайы алаңда ақылы автотұрақ ашылды. Жеңіл көліктер үшін мұндай тұрақтың құны сағатына 100 теңге болып бекітілген. Көлікке арналған үлкен ақылы тұрақтарда арнайы инспекторлар жұмыс атқарады. Олар жылжымалы паркоматтар арқылы ақыны қолма-қол жинайды. Ал жүргізушіге чек беріледі. Төлемнен бас тартқандарды сол маңда орналасқан арнайы бейнебақылау камералары тіркейді. Көлік тұрағы үшін ақы төлемейтіндерге 5 пен 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады. Алматыда көше бойындағы автотұрақ мәселесі көп жылдан бері даулы мәселе болып келді. Көлік иелерінен қаржы жинайтын алаяқтық әрекеттердің жиілеуі салдарынан, жанжалдасқан топтар қарулы қақтығысқа дейін барыпты.
Шымкентте 2011 жылы 76 автотұрақ ашылған. Онда көлік тегін қойылады. Алайда ол жерде тиыннан теңге жасап, табысын еселеп жатқандар да бар. Бұл ретте қаладағы сауда және ойын-сауық орындарының келушілеріне жағдай жасамақ болып, «тек клиенттер үшін» деп жазылған тақтайшалардың да заңсыз екенін тұрғындар білуі тиіс.
Қала әкімі сала жетекшілеріне заңсыз автотұрақтар мен ретсіз сауда нүктелерін жою бойынша жұмыс істеуді тапсырғанын және тұрақтардың ақылы болуы заңсыз екенін ескерсек, алдағы уақытта бұл мәселенің шешімі табылатын уақыт жақындаған сыңайлы.

Последнее изменение Среда, 27 Апрель 2016 13:12
Эльмира МЫҚТЫБАЕВА

2001 жылдан бастап журналист болып жұмыс істейді.  Бұған дейін "Сайрам ақшамы", "Отырар" телеарналары мен "Юмакс" радиосында жұмыс істеген. 2012 жылдан бастап қалалық "Шымкент келбеті" газетінің тілшіcі.