Мемлекеттік тіл бүкіл халықты біріктіреді Избранное

Среда, 08 Сентябрь 2021 04:19 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 1170 раз

Елімізде 5 қыркүйек – Қазақстан халқының тілдері күні мерекесі аталып өтті. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың кезекті Жолдауында мемлекеттік тілдің маңыздылығы айтылды. Саяси құжатта адамды тіліне, ұлтына, нәсіліне қарап кемсіту заң бойынша жауапқа тартылатынын айтқан Президент қазақ тілін дамыту мемлекеттік саясаттың басым бағытының бірі болып қала беретініне тоқталды. Бұл салада айтарлықтай нәтиже де жоқ емес.

747

 

– Еліміздің басты нышандарының бірі – мемлекеттік тіл. Қазақстанның мемлекеттік тілі қазақ тілі екені Ата заңымызда 90-жылдардағы күрделі кезеңнің өзінде нақты жазылған. Біз тәуелсіздік дәуірінде ана тілімізді дамыту үшін барлық жағдайды жасадық. Осы аралықта қазақ тілінде білім беретін мектептер мен оқу орындарының, балабақшалардың саны еселеп көбейді. Бүгінде мемлекеттік тілді білетін қазақтың да, өзге этнос өкілдерінің де үлесі едәуір артты. Қазақ тілін, шын мәнінде, бүкіл халқымызды біріктіруші факторға айналдырудың барлық құқықтық тәсілдері және кепілдіктері қалыптасты. Мәселе – ниетте. Ниеттің дұрыс болуы қазақ тілін меңгергісі келетін адамдарға да, осы мақсатқа жетуге жағдай жасайтын Үкіметке де байланысты, – деген еді Мемлекет басшысы жылдың басында «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында.
Расында, кез келген дағдыны, әсіресе, тілді үйренемін деген жанға кедергі жоқ, қолдау көп. Түрлі тілдерді оқыту орталықтары жұмыс істеп, онда жүздеген отандасымыз қазақ тілін үйреніп жүр. Мемлекеттік деңгейде ауқымды іс-шаралар өтеді. Сондай іс-шаралардың бірі тілдер мерекесіне орай Шымкентте ұйымдастырылды.

750


«Тіл. Тарих. Театр» тақырыбымен өткен салтанатты шара Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауын қолдау мақсатында өтті. Өзге этностардың мәдениеті мен тілін құрметтей отырып, мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту және оның мәртебесі мен маңызын насихаттау іс-шарасына қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасы ұйытқы болды. Қазақстан халқының тілдері күні қолға алынған ерекше форматтағы іс-шаралар барысын тамашалауға қала тұрғындарымен бірге Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан қатысты.
Шыңғыс Жұмабекұлы белгілі бір тілді білу – сол ұлтты терең танудың басты құралы екеніне тоқталып, қазіргідей жаһандану кезеңінде әр адамның өзінің ана тілімен қоса неғұрлым көбірек шет тілін білуі заман талабы екеніне назар аударды. Тілді меңгеруге, жалпы, білім алып, жан-жақты дамуға мемлекет тарапынан бар жағдай жасалғанын айтқан қала әкімінің бірінші орынбасары, әсіресе, оқушылардың өз тілін қастерлеп, өзге тілді шебер меңгеруі жаңа білім көкжиегіне жетелейтінін атап өтті.
Қаладағы Абай, Жеңіс саябақтары мен Арбат секілді көпшілік орындарда басқарма мамандары барын салып, қалалықтарға мерекелік көңіл-күй сыйлады. Түрлі интерактивті іс-шараларға балалар да, ересектер де қамтылды. Абай саябағының кіреберісіне қазақтың төл дыбыстарының алып бейнелері ілініп, келушілерді цирк және қуыршақтар театрының әртістері сазды қойылыммен күтіп алды. Балақайлар асфальт бетіне сурет салса, ересектер ханталапай ойнады, караокеде латынша жазылған ән орындағандар болды. Енді бір тұрғындар викториналық сұрақтарға жауап беріп, жаппай диктант жазды. Арнайы орнатылған компьютерлерде «ҚазТест» жүйесінің қазақ, орыс және ағылшын тілінде тест тапсырғандар нәтижелерін сол заматта көруге мүмкіндік алды. Ал архившілердің «Тіл-тарих» көрмесінде көне құжаттардың түпнұсқалары көпшілік назарына ұсынылып, «Тілашар» сөздігінің тұсаукесер рәсімі өтті.

748


– Қазақстан халқының тілдері күні мерекесі Шымкентте алғаш рет осындай кең көлемде атап өтілді. Барлық карантин талаптары сақталуда. Абай саябағы бірнеше тақырыптық аумаққа бөлінген, ондағы іс-шараларға өздеріңіз де куә болдыңыздар. Ал Арбатта үшінші мегаполиске қарасты алты театр ұжымы өнер көрсетті. Қазақ және орыс драма театрларының әртістері тіл эволюциясына театрландырылған көріністер ұсынып, Күлтегіннен бастап Әл-Фараби, Ыбырай Алтынсарин, Абай Құнанбайұлына дейінгі образдарды сомдады. Сюжеттік желі бойынша Абай, Пушкин мен Гёте туындыларынан үзінді орындап, бір-біріне тіл эстафетасын жолдайды. Осылайша біз адамзат тарихындағы, Жер бетіндегі тілдердің бір-бірімен сабақтасып, байланысып жатқанын көрсеткіміз келді. Жалпы, таңертеңнен кешке дейін созылған іс-шараларға біздің басқармаға қарасты 19 мекеменің 1800 қызметкері жұмылдырылып, өздеріне бекітілген кестемен жұмыс істеді, – деді Шымкент қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының басшысы Ханзада Есенова.
Ал Жеңіс саябағында қалалық 5 кітапхананың қызметкерлері «Тіл және әдебиет» атты кітап көрмесін ұйымдастырды. Көрмеде «Оқуға тиіс 10 кітап», «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі
100 жаңа оқулық», «Қазақша 100 бестселлер» сериясымен шыққан кітаптар, тілдік танымды арттыратын, жасөспірімдерге дұрыс бағыт-бағдар беретін кітаптар көпшілік назарына ұсынылды.
Жауапты мамандардың айтуынша, мұндай іс-шара еліміздегі тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған бағдарламасын, мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту, тіл мәдениетін көтеру және 2021 жылға арналған жұмыс жоспарын іске асыру мақсатында ұйымдастырылып отыр. Ал келесі жылы білім беру, денсаулық сақтау және туризм басқармаларымен бірге, пилотты режимде кең көлемді іс-шаралар өткізу жоспарланған.

Нұрлан БЕКТАЕВ

Қ.А.Яссауи атындағы халықаралық Қазақ-Түрік университетінің филология факультетін 2005 жылы тәмамдаған. Журналистика саласында 2006 жылдан бері еңбек етіп келеді. 2006-2017 жж аралығында "Отырар-TV" медиахолдингінде жұмыс істеген. 2017 жылдың қараша айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 2018 жылдың наурыз айы мен 2019 жылдың тамыз айлары аралығында газеттің бас редакторының орынбасары қызметін атқарды.