Жұмыс сапары барысында Ералы Тоғжанов үшінші мегаполисте ведомствоаралық комиссияның көшпелі отырысын өткізіп, әлеуметтік нысандарды аралады.
Көшпелі отырыста Вице-Премьер республика бойынша вакцинациямен қамтудың жоғары қарқынының нәтижесінде Шымкенттегі эпидемиологиялық ахуалдың тұрақтанғанын атап өтті.
Сонымен қатар Ералы Тоғжанов әкімдіктің алдына мемлекеттік денсаулық сақтау бағдарламасының барлық мақсатты индикаторларына қол жеткізу қажеттілігі туралы міндет қойды. Сондай-ақ, оқу жылының дәстүрлі форматта басталуына байланысты мектептерде санитариялық нормаларды сақтау жұмыстарын күшейту тапсырылды.
Қаладағы денсаулық сақтау мекемелерінің ұжымдарымен кездесу барысында Е. Тоғжанов мемлекеттің қаржылық қолдауының арқасында медициналық ұйымдар азаматтарға сапалы медициналық көмек көрсету үшін заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілгенін атап өтті.
Президент өз Жолдауында елдегі биологиялық қауіпсіздікті және нарықты отандық дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етуді тапсырды. «Химфарм» АҚ, «KazMedPribor» ЖШС аралау барысында мемлекеттік органдарға отандық өндірушілерге қолдау көрсету бойынша нақты тапсырмалар берілді.
Сапар соңында Вице-Премьер Е.Тоғжанов қала басшылығына бірқатар тапсырмалар жүктеді.