Еңбек еткен емеді, еңбексіз не өнеді? Избранное

Среда, 29 Сентябрь 2021 05:32 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 1607 раз

Бүгінде үшінші мегаполисте кез келген кәсіп түрін дөңгелетуге мүмкіндік мол. Тек, қолыңнан іс келетінін дәлелдесең болғаны. Ал бизнесті одан әрі дамытамын дегендер үшін арнайы жеңілдіктер қарастырылған. Несиенің несібесімен жеке кәсібін жолға қойған іскер жандармен аз-кем сұхбат құрған едік.

869

 

Шымшаһарда кәсіпкерлікте табысқа жеткен әйелдер аз емес. Бір қолымен бесік тербетіп, бір қолымен өз кәсібін дөңгелетіп жүрген нәзік жанды кейіпкеріміздің бірі – Динара Исабекқызы. Кәсіптің көзін тауып, жұмысының жемісін татып отырған іскер әйелдің меншігінде бүгінде қос дүкені бар. Оның бірінде балаларға арналған киім-кешектер саудаланса, екіншісінде әйелдерге қажетті дүниенің сан алуан түрі бар. Кәсіпкер мемлекеттік қолдаудың арқасында тауар айналымын арттырыпты.
– Осыдан төрт жыл бұрын кішкене бутик ашып, сауда саласына келдім. Бизнесті енді бастаған адамға қомақты қаражат керек болады. Бәрі бірдей көп ақшамен кәсіп аша бермейді ғой. Банктен несие алып көреміз. Бірақ, екінші дәрежелі банктерде пайыздық мөлшерлемесі жоғары. Бұл сауда-саттықта түскен пайдаңды ақтамайды. Үстемеақысына кететін қаражаттан артылмайды. Мемлекеттік қолдауларды үнемі қарастырып жүреміз. Өткен жылы іскер әйелдерге 1 пайыздық несие береді дегенді естіп, жоба аясында өз өтінімімді қалдырдым. Құжат рәсімдеп үш ай ішінде 10 миллион теңге көлемінде несие алдым. Мемлекеттің көпбалалы аналарға жасап жатқан мүмкіндіктерін барынша пайдалану керек. Ата-аналар балаларын жас кезінен еңбекке үйретсе деймін. Бала кезінен ақша табуға үйренсе, кейін өзін-өзі қамти бастайды. Айналаға басқа көзқараста болады. «Жұмыс жоқ» деп жатып алмай, өз кәсібін ашып, тіпті, жүздеген халықты жұмыспен қамтамасыз ететін жағдайға жетеді, - дейді Динара Мирбаева.
Әр кезеңнің өз қозғаушы күші бар десек, бүгінгі жаңа заманның кілтін қолына ұстаған жастар білімді, білікті әрі қабілетті. «Жас келсе іске» демекші, кәсіптің көзін тауып, ісін өрге сүйреп отырған жастардың саны жыл санап артып келеді. Ал мемлекеттік қолдауға қол жеткізген жас кәсіпкер Талғат Көпжанов мал шаруашылығымен айналысып жүр. Ол «Бизнеске арналған үкімет» фронт-офисі арқылы аз пайызбен несие рәсімдеген. Бағдарлама аясында мал шаруашылығын жандандыруда. Ол жарты жылдың ішінде өз жоспарын толығымен жүзеге асырып, кәсіпкерлік бағытты дамытуды көздейді.
– Мал шаруашылығымен айналысуыма осы саланы меңгеріп, аяқтан тұрып кетуіме мемлекет тарапынан айтарлықтай қолдау болды. «Мен кәсіпкер боламын» бағдарламасы бойынша несие алып, мал сатып алдым. Негізі ірі қараны бордақылауды осыдан бес жыл бұрын бастағам. Ол кезде аз малдан бастадым. Қорада қазір 30-40 мал басы бар. Бір адамды жұмыспен қамтып отырмын. Етті қаладағы базарларға өткіземін, - дейді Талғат.
Жас кәсіпкердің сөзінше, биыл шаруаларға оңайға соқпай тұр. Малдың жемі үш есе, ал шөбі екі есе қымбаттаған. Мемлекеттік бағдарламаның арқасында ірі қараның санын арттырып, ата кәсіптің ізін жалғап отырған Талғат Әмірәліұлы замандастарының тәуекелшіл болғанын қалайды.

– Байқағаным көп адамдар несие алып, кәсіппен айналысуға қорқады. Олардың ертеңгі күнге деген сенімі емес, күдігі басым сияқты көрінеді. Тек «аз болса да тұрақты айлық төлеп тұрса болды» деген ой саналарына сіңіп қалған сияқты. Бұл ойдан арылу керек деп есептеймін. Заман өзгерді, дамыған елдер әлдеқайда ілгері жылжып кетті. Біз де шамамыздың жеткенінше, қолымыздан келгенінше тырысып бағуымыз керек. Жұмыссыз жүрген ағайынды, оның ішінде жастарды жігерлендіру керек. Жерлестеріңе қамқор қолыңды соз. Сонда ғана алыс-беріс көбейеді, бизнес дамиды, - дейді жас кәсіпкер.
Ал «Бизнеске арналған үкімет» фронт-офисінің маманы Эльмира Айтмурза жеке кәсібін жолға қоюды мақсат еткен мемлекеттік бағдарламалар жемісті жүзеге асып отырғанын жеткізді. Соның нәтижесінде өзі табыс тауып, өзгеге де жұмыс беріп отырған іскерлердің қатары көбеюде. Мысалы, өткен жылдан бері шаһарда «Мен кәсіпкер боламын» жобасы табысты жүріп жатқанын айтады. Былтыр 45 жеке кәсіпкер несие рәсімдесе, биыл тағы 80 азамат бизнесті қолдауға өтінім қалдырыпты.

– Кәсіп бастауға 1 пайызбен жеңілдетілген несие береді. Ол несиені тек 21-29 жас аралығындағы жастар мен әйелдер ғана алады. Әйел кәсіпкерлерге де қатысты шарт осыған ұқсас. Жас мөлшері 21-58 аралығында болуы тиіс. «Мен кәсіпкер боламын» бағдарламасы 2019 жылы қала әкімінің қолдауымен ашылған болатын. 2019-2021 жылдарға жоспарланған бағдарламаға биыл өзгерістер енгізілуде. Аталған жоба 2025 жылға дейін ұзартылып жатыр. Соған қарай 2020 жылы бізде 45 кәсіпкер өздеріне тиесілі 10 млн теңгеге дейін жеңілдетілген 1 пайызбен несие алып, өз кәсіптерін әрі қарай дамытуға мүмкіндік алды. Қазіргі таңда оның бір пайызын қарыз алушы, яғни, кәсіпкер төлейді. Ал 7,5 жылдық пайызына мемлекеттің атынан «Shymkent ӘКК» АҚ субсидия жасап отыр, - дейді
Эльмира Өскенқызы.
Эльмира Айтмурзаның айтуынша, биыл кәсіпкерлерді қолдауға мемлекеттен 1 млрд. теңге бөлінген. Сондай-ақ, кредит үлестіретін екінші деңгейлі банктердің де саны артқан.
– Кәсіпкер бұл ақшаны сән-салтанат затын сатып алуға, той-томалақ өткізуге, шетелге қыдыруға және басқа да тұтынушылық мақсатқа жұмсай алмайды, тек жаңа кәсіп ашуға немесе бұған дейінгі кәсібін кеңейтуге бағыттауға тиіс. Тиісті құжаттарды фронт-офиске өткізген соң, 23 жұмыс күнінде екінші деңгейлі банктер төлем қабілеттерін тексеретінін айтады. Ең бастысы, кәсіпкердің несие тарихы жақсы болуы керек және бюджеттің, қаржы институттары мен салық органдарының алдында мерзімі өткен берешегі болмауы тиіс, - дейді ол.
Шындығында, «мұнайымыз көп», «мұнайдың үстінде жүрміз» деген сыңаржақ пікірлер енді айтылмауы керек. Алдағы уақытта ел әлеуетінің артуы жеке кәсіп ашқан азаматтардың қолында тұр десек артық айтқандық емес. Кәсіпкерлердің көп болғаны, әрине, халыққа да тиімді. Бір азамат кәсіп ашса, он азаматты жұмысқа тартады. Бұл он отбасының әл-ауқаты көтеріледі деген сөз.

Последнее изменение Среда, 29 Сентябрь 2021 09:05