#23 Күрделі оталар Шымкентте жасалады Избранное

Среда, 29 Сентябрь 2021 05:37 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 1337 раз

Бүгінде ем іздеп, шетел асудың қажеті жоқ. Себебі, сіз бен бізге арман болған күрделі операциялар қазір Қазақстанда, оның ішінде Шымкентте жасалады! Тәуелсіздік жылдарында денсаулық сақтау саласына ерекше көңіл бөліне бастады. Себебі, әрбір мемлекеттің өркениетті елдер қатарына қосылуы адами капиталдың сапасына тікелей байланысты. Ал, адами капитал, әуелі, денсаулық, сосын оның біліміне негізделеді.

853

 

Үміт сыйлаған операциялар

Еліміздегі күрделі операциялар тақырыбы қозғалғанда, Шымкенттің трансплантологиядағы алатын орны ерекше. Мәселен, Шымкент қалалық №1 клиникалық аурухананың базасында 2013 жылдан бері трансплантолог-дәрігерлер 172 бүйрек, 24 бауыр алмастыру отасын жасап, науқастардың өміріне үміт сыйлаған.
«Баланың табанына кірген тікен менің маңдайыма кірсін» деп, ұрпағымыздың жан саулығы үшін барымызды аямайтын халықтың біріміз. Бүгінде шымкенттік дәрігерлер бүлдіршіндерге де күрделі ота жасап, денсаулығына араша түсуде. Жуырда Шымкент қалалық клиникалық балалар ауруханасы мен қалалық №1 клиникалық аурухананың мамандары 13 жастағы балаға күрделі ота жасап, жасөспірімнің тамағында пайда болған үлкен ісікті алды. Мамандардың айтуынша, қалқанша без аймағында мұндай көлемдегі ісіктер сирек кездеседі. Ал, науқастағы ісіктің диаметрі 10 см-ге жеткен. №1 қалалық клиникалық аурухананың бас дәрігері А.Донбай мен балалар клиникалық ауруханасының хирургиялық жұмыс жөніндегі орынбасары С.Сарыбай бастаған хирургтер бір жарым сағат жасөспірімнің денсаулығы үшін күресіп, ісікті зергерлік дәлдікпен алған.
9 бөлімнен тұратын Шымкент қалалық балалар клиникалық ауруханасында жыл сайын 4500-ге жуық түрлі деңгейдегі операция жасалады. Ол операциялардың 70 пайызға жуығы кіші инвазивті. Яғни, бала тәніндегі хирургиялық дертті кішкентай ғана саңылаулар арқылы емдейді. Кіші инвазивті операциялардан кейін оңалту уақыты да көпке созылмайды, небәрі 2-3 күнде науқас үйіне шығарылады.

855


— Бүгінде жаңа туған нәрестелерде туа бітті диафрагма патологиясы (кеуде қуысындағы көкет ахауы) жиі тіркелуде. Диафрагма жарығына торакоскопиялық тәсілмен операция жасауды 2017 жылдың сәуір айында Денсаулық сақтау басқармасының бұйрығымен қолға алдық. Сондай-ақ, 2018 жылы Шымкент қаласы республикалық маңызы бар мегаполиске айналды. Сол уақыттан бастап, барлық кеуде қуысы және іш қуысының хирургиялық ақауы бар жаңа туылған нәрестелер қалалық босану перзентханалары мен перинаталдық орталықтардан біздің ауруханаға ауыстырылып, жедел түрде операция жасалады,- дейді балалар клиникалық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары С.Сарыбай.
Мамандардың айтуынша, 2019 жылдан хирургия және травматология бөлімшелерінен, балалар торакальды хирургиясы, урология, балалар нейрохирургиясы, комбустиология (күйік жарақаты), ЛОР мамандары дайындалып, қайта бейімдеу жұмыстары жүргізілген. Бүгінде жаңа туған нәрестелерге сапалы нейрохирургиялық операциялар жасалып жүр. Сондай-ақ, нейроэндоскопиялық операциялар мен туа бітті және жүре пайда болған сколиоз дертіне ота жасау қолға алынбақ.
— 2021 жылдың екінші жартыжылдығына балалар кардиохирургиясы және балалар онкохирургия бөлімдерін ашу жоспарлануда. Аурухананың дәрігер-хирургтері Минск, Санкт-Петербург қалаларында неонатальды хирургия бойынша біліктіліктерін арттырды, - дейді Сұлтанғали Маутайұлы.

Жүрек — адам ағзасының моторы

Әлемде жүрек және қан тамырлары аурулары жасарған тұста, 2001 жылы Шымкент қаласында алғашқылардың бірі болып кардиологиялық орталық құрылды. Ел Тәуелсіздіктің 30 жылдығын тойлап жатқанда, кардиоорталық ұжымы
20 жылдық еңбектің жемісін көруде. Күрделі қалыптасу кезеңінен өткен орталық алғаш жұмысын бастаған кезде 2 электрокардиограф пен 1 дефибриллятор ғана болған екен. Десек те, материалдық-техникалық жабдықтардың жетіспеушілігіне қарамастан өңірдің жетекші кардиолог-дәрігерлері орталық жұмысын жандандыру үшін барын салған.
Мамандардың айтуынша, Шымкент қалалық кардиологиялық орталығы 2002 жылдан бастап жүректе ишемиялық ауруы бар науқастарды инвазивсіз зерттеу әдістерін енгізсе, 2005 жылы дәл осы ауру түріне миокард реваскуляризациясының инвазивті әдістері тиімсіз болған кезде экстракорпоралдық кардиологиялық екпінді-толқынды терапияны (ЭКУВТ) қолдануды бастаған. Сол жылдары еліміздің түкпір-түкпірінен келген ишемиялық жүрек ауруы бар науқастар Шымкентте ем қабылдапты.
2004 жылы ангиографиялық қондырғы алынып, жүрек қан тамырлары ауруы деректерін ерте кезеңде анықтауға мүмкіндік туған. Дәл осы жылы алғаш рет коронография жасалып, кардиостимуляторды имплантациялау жүргізілген.

856


— Елбасы Н.Назарбаевтың Жарлығымен еліміздегі кардиологиялық қызметтің дамуы бұрын-соңды болмаған серпінге ие болды. 2008 жылғы 16 желтоқсанда елімізде алғаш рет тәулік бойы жедел миокард инфарктісі бар науқастарға тері арқылы инвазиялық әсер ету – коронарлық артерияларды стенттеуді бастады. Катетерлеу зертханасының меңгерушісі М.Темірқұлов алғашқылардың бірі болып коронарографияны және коронарлық артерияларды стенттесе, дәрігер-рентгенхирург А.Рахматалиев бүйрек артерияларының алғашқы денервациясын жүргізді. Сондай-ақ, жүрекаралық қалқаның ақауын түзетудің аз инвазивті әдістерін-окклюдерді имплантациялауды енгізді, - дейді басқарма төрағасының медициналық қызметтер сапасын бақылау және стратегиялық даму жөніндегі орынбасары
Г.Сейтжанова.
Бүгінде аорта қақпақшасын транскатетрлік (TAVI) имплантациялау, аортокоронарлық шунттау, туа бітті жүрек ауруларына ота жасау жолға қойылған. Осындай жүрекке ашық, жасанды қан айналдыру жағдайында жасалатын операциялар саны жылына 647-ге жетіп отыр.
— Аритмология бөлімінің меңгерушісі А.Тұрсынбековтің жетекшілігімен 2019 жылы Carto-3 навигациялық жүйесі қолданысқа енгізілді. Бүгінде орталық дәрігерлері аритмиялардың радиожиілік аблациясы, жүрек фибрилляциясы кезінде өкпе тамырларының сағаларын криооқшаулау, жүрек клапандарын бір мезеттік протездеу және аорто-коронарлық шунттау, жүрек тамырларын эндартерэктомия және шунттау, сондай-ақ қолқаның өрлемелі бөлігіндегі операциялар сияқты күрделі гибридті жүрек операцияларды жасап жүр, - дейді Гүлмира Мұратқызы.
2021 жылдың 8 айында түрлі қиындықтағы 3000-нан аса ота жасап, жүрек ауруына шалдыққан жандарға үміт сыйлап жүрген орталық 2021 жылдың сәуірінен бастап «Шымкент жүрек орталығы» болып қайта құрылды. «Шымкент жүрек орталығы» КЕАҚ Басқарма төрағасының міндетін атқарушы кардиохирург-дәрігер Д.Сүйгенбаевтың жетекшілігімен кардиология және кардиохирургия бағыты бойынша тиімді әзірлемелер қолданысқа енгізілмек.

«Науқастың өмірін 5 жылға ұзарту — үлкен жетістік»

Шымкент қалалық онкологиялық орталығы — шаһар тұрғындарына онкологиялық және радиологиялық ем көрсетіп отырған мекеме. Мұнда хирургиялық, маммологиялық, онкогинекологиялық бағыттар бойынша күрделі оталар жасалып жүр. Сондай-ақ, радиологиялық, химиятерапиялық бөлімшелер қатерлі ісікке шалдыққан науқастарға қызмет көрсетіп келеді. Бүгінгі таңда химиятерапия бөлімінде бауырдың, бас-мойын қатерлі ісіктеріне, жамбас қуысы ісіктеріне химия эмболизациялық әдіс арқылы ем жүргізу жолға қойылған.
— Денсаулық сақтау министрлігімен бекітілген 2018-2022 жылдарға арналған кешенді жоспар бағдарламасында онкологиялық көмекті жетілдіру және орталықтарды заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету жоспарланған. Осы бағдарлама аясында мемлекет қаржысына көптеген заманауи құрылғылар алынып, нәтижесінде Шымкент қаласы, Түркістан облысында бұрын соңды жасалмаған күрделі операциялар қолға алынып отыр. Соңғы 2 жыл ішінде алғаш рет кеуде қуысы, өкпе, өңештің қатерлі ісігіне тіліксіз, яғни лапароскопиялық әдіспен ота жасалды. Бұған дейін бұл әдіспен жамбас қуысы қатерлі ісігі, тоқ ішек пен тік ішек қатерлі ісіктері емделіп келген. Биыл, сондай-ақ, заманауи әдіс-тәсілдерді қолдана отырып, науқастарды емдеу үшін жыл басынан бері орталық базасында 5 шеберлік дәрісі өткізілді. Оған республиканың жетекші онколог-дәрігерлері шақырылып, емдеу ісіндегі тәжірибелерімен бөлісті, - дейді Шымкент қалалық онкологиялық орталығы директорының емдеу ісі жөніндегі орынбасары С.Исмаилов.
Онкологиялық орталықтың тағы бір жетістігі — химиятерапия және эндоваскулярлы хирургия бөлімінің жұмысы. Мұнда бауыр, бас-мойын ісіктеріне эндоваскулярлы ота жасалуда. Мамандардың айтуынша, эндоваскулярлы ота ісікті тілмей, сан артериясы арқылы ісікті қанмен қоректендіріп отырған тамырларды тауып, катетрлермен ісікке қарсы дәрі-дәрмекті енгізу арқылы емдеуге мүмкіндік береді. Бұл заманауи емдеу әдісі дәстүрлі емдеуге қарағанда адам ағзасына қауіпсіз, әрі дәрілер тамырмен тікелей қатерлі ісікке ғана әсер етеді екен. Бүгінде орталыққа эндоваскулярлы ота жасату үшін Алматы, Нұр-Сұлтан қалалары мен Қызылорда, Жамбыл, Батыс Қазақстан облыстарынан да науқастар келіп жатады.

854

 

— Қатерлі ісікті алғашқы кезеңінде анықтауда заманауи жабдықтардың алатын орны ерекше. Сондай-ақ, жыл соңына дейін эндоваскулярлы операциялар санын арттыру үшін қала бюджетінің есебінен заманауи ангиограф аппаратын орнату жоспарлануда. Бұл аппарат іске қосылған соң, біздің жұмысымыздың саны да, сапасы да артатыны сөзсіз, -дейді
Самат Тастемірұлы.
Шымкент қалалық онкологиялық ауруханасының тағы бір жетістігі —мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында «МедИнвестГрупп» компаниясы мен Шымкент қаласы әкімдігінің келісімшарты негізінде «Ядролық медицина» орталығы құрылмақ. Онда позитронды эмиссионды томограф (ПЭТ КТ) аппараты орнатылады. Бүгінде аурухана базасындағы радиологиялық бөлімнің ғимаратына инвестордың көмегімен күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, арнайы орталыққа бейімделіп жатыр. Орталықтың ашылуы 2022 жылдың бірінші тоқсанына жоспарланған.
Мамандардың айтуынша, бұл Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларынан кейін ашылып отырған үшінші орталық.
— МРТ, КТ аппараттары, өкінішке орай, қатерлі ісіктің толық сипаттамасын бере алмайды. Ал, ПЭТ КТ аппараты қатерлі ісіктің кез келген түрін бастапқы сатыда анықтап, оның таралу деңгейін зерттеуге мүмкіндік береді. Мәселен, бүгінгі онкологиялық ахуалды осыдан 10-15 жыл бұрынғы жағдаймен салыстыруға мүлде келмейді. Себебі, біріншіден, дертті ерте анықтап жатсақ, екіншіден заманауи құрылғылар мен білікті дәрігерлердің көмегімен жүргізілген ем нәтижесін жақсартуға қол жеткіздік. Бұл тұста скринингтік тексерудің де маңыздылығын атап өткен жөн. Сол арқылы сүт безі, жатыр мойны, тік ішек пен тоқ ішек қатерлі ісіктерін ерте анықтау мүмкіндігі туып отыр, - дейді С.Исмаилов.
Бүгінде онкологиялық аурухана хирургтері Париж, Улан-Батор қалаларында гепатобилярлы хирургия (бауыр, ұйқы безі аймағының хирургиясы) бойынша біліктілік арттырып келген. Сондай-ақ, өткен аптада ангиохирург Д.Арыбжанов бастаған дәрігерлер Ресейдің Грозный қаласында эндоваскулярлы хирургия тақырыбында өткен байқауда ТМД елдері арасында 1,2,3 орынды иемденіп отыр.

P.S.

Адам денсаулығы — қоғамның басты байлығы. Ал, оның сапасын арттыруда білікті мамандар мен заманауи құрылғылармен жабдықталған орталықтардың рөлі орасан. Ел Тәуелсіздігінің
30 жылында Шымкенттің жетістігі мол. Мақалада айтылған кардио, онко орталықтар мен балалар ауруханасындағы жетістіктер соның бір парасы ғана. Десек те, әлемнің дамыған елдерінің қатарына қосылу жолында ел медицинасына ерекше қолдау бола берері анық.

Замира АЛДАБЕРГЕНОВА

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.