РАМАЗАН – ҚАЙЫРЫ МОЛ, САУАПТАР ЕСЕЛЕНЕТІН АЙ Избранное

Пятница, 01 Апрель 2022 04:44 Автор  Опубликовано в Дін Прочитано 34431 раз

Биыл 2 сәуірден бастап күллі мұсылман жұрты Рамазан айында ораза тұтып, ауыз бекітуді бастайды. Бүкіл дүниежүзін әбігерге салған коронавирус дертінің салдарынан екі жыл қатарынан адамдар оразаны үйлерінде ұстап, мешіттер санитарлық талаптар аясында жамағатпен құлшылық рәсімдерін орындауда біраз шектеулерге барған болатын. Эпидемиологиялық ахуалдың тұрақталуына байланысты биыл мешіттер қалай қызмет атқармақ және жалпы оразаның Исламда алатын орын мен рөлі жайлы сауалдарға жауап алу мақсатында Шымкент қаласы бас имамының орынбасары Мұхаммеджан ЕСТЕМІРОВПЕН сұхбаттасқан едік.

94

 

– Мұхаммеджан Жамантайұлы, биылғы Оразада қаладағы мешіттерде діни рәсімдерді орындау бойынша қандай да бір санитарлық шектеулер көзделген бе?

– Еліміздің бас санитарлық дәрігерінің тиісті қаулысына сәйкес қоғамдық орындарда барлық карантиндік шектеу талаптары алынып тасталынды. Осыған орай, пандемияға дейінгі жағдайға қайта оралдық. Яғни құлшылық үйлерінде Рамазан айында жамағатпен тарауих намаздары оқылып, түрлі қайырымдылық іс-шаралары өткізілетін болады. Иә, берекелі Рамазан айына да аман-есен жеттік. Бұл ай оразаның, намаздарға тұру мен Құран Кәрімді хатым қылып, зердеге тоқып-оқудың айы. Рамазанда жақсылық пен кешірім, садақалар мен қайыр-ихсандар еселенеді, сауаптар көбейеді. Дұғалар қабыл болады. Дәрежелер көтеріледі. Жамандықтар кешіріледі. Бұл айда Алла Тағала құлдарына түрлі кереметтерін тарту етеді. Әулие дәрежесіндегі құлдарына сый-сияпатты молынан береді. Жаратушы Иеміз Ораза айын Исламның бір тірегі етіп бекітті. Пайғамбарымыз Мұхаммед ғалейһи саламның өзі ораза ұстаған және адамдарға да соны бұйырды. Ардақты Елшіміз (с.ғ.с) кімде-кім бұл айда иманмен және үмітпен ораза ұстаса, Алла Тағала оның алдындағы күнәларының барлығын кешіретінін жеткізді. Бұл айда Қадір түні бар. Ол – мың айдан да қайырлы. Кім осы берекелі түннен мақұрым қалса, бәрінен мақұрым қалған болады. Сондықтан Оразаны қуаныш, шаттықпен, ауыз бекітемін, намаз оқимын, жақсылықтар жасаудан жарысамын деген ниетпен қарсы алу керек.

87

 

– Мұнан өзге биылғы Оразада садақа, тарауих намазында Құранды толық оқып шығу, тағы сол секілді діни салт-жоралғылар бойынша қандай жаңалықтар күтіп тұр?

– Алдымен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкіл имамы Бақдәулет қажы Абдрахманов кәсіпкерлерді қасиетті Рамазан айының құрметіне халқымыздың тұрмыс-жағдайын ескеріп, әлеуметтік маңызы бар тауарлар мен азық-түлік бағасын кемі 10 пайызға дейін төмендетіп, жеңілдік жасауға шақырып отыр. Шариғат үкімі мен ғылыми зерттеу жұмысының қорытындысына сәйкес, биыл Рамазан айы 2 сәуірден басталып, 1 мамырда аяқталады. Шымкент қаласындағы тіркелген 88 мешіттің 33-інде Құран хатымдалады. Сондай-ақ, еліміздің түкпір-түкпіріндегі мешіттердегі пәтуа бөлімдерінің ортақ шешіміне сәйкес, пітір садақаның ең төменгі шегі 500 теңге болып бекітілді. Нисап мөлшері жеткілікті, яғни зекет беруге мүмкіндігі бар азаматтар 500 теңгеден жоғары мөлшерде пітір садақасын бере алады. Ал, денсаулығына байланысты ораза ұстай алмайтын азаматтар көмекке мұқтаж жанға беретін фидия садақасының мөлшері — күніне 3000 теңгені құрайды. Оған сәресі және ауызашар асына қажетті қаржы белгіленіп отыр. Ал, фидияны бұл көлемде бере алмайтын жандар пітір садақа мөлшерімен беруіне болады. Биыл, сондай-ақ, «Зекет және қайырымдылық» қоры «Шарапатты Рамазан», «Рамазан қоржыны», «Рамазан тәбәрігі», жас балаларға «Рамазан тәттісі» сынды игі шараларды ұйымдастырмақ. Сонымен қатар, Шымкенттегі 88 мешіттің 66-сында ауызашар өткізу үшін жағдай қарастырылған. Көп қабатты пәтерде немесе өзге де себептермен шаңырағында ауызашар өткізе алмайтын азаматтар мешіттердің асханасында дастархан жая алады. Қайырымдылық іс-шарасы аясында мұқтаж жандарға үлестірілетін әлеуметтік және тұрмыстық заттар Шымкент қаласы бойынша белгіленген 5 мешітте таратылмақ. Қажеттілікке қарай, тарату орындарының мекен-жайы ауысуы мүмкін.

– Ауыз бекітуде тек ашқұрсақ болып жүрген жеткіліксіз екені белгілі. Бұл құлшылықтың тәни мақсаттан бөлек, адамды рухани биік шыңдарға жетелейтін сипаты басым деп айтылып жатады. Осы пікірді толықтыра кетсеңіз...

– Әлбетте, оразаның пайдасы мен хикметтері өте көп. Соның бір мысалы ретінде нәпсіні тазарту, тәрбиелеу, менмендік пен тәкаппарлық және сараңдық секілді жаман қылықтардан бойды арылтуды айтсақ жарасады. Сонымен бірге, нәпсіні сабырлылыққа, жомарттыққа, байсалдылыққа, Алла разы болған және Оған жақындастыратын амалдарға жеңдіруде де оразаның тигізер пайдасы зор.
Ораза арқылы адам өзін-өзі таниды. Әлсіз екенін, Раббысына мұқтаж екенін ұғынады. Рамазан адамға Алланың нығметтерінің ұлы екенін, өзінен де мұқтаж жандардың бар екенін, сол арқылы Аллаға шүкір айтудың маңыздылығын көрсетеді. Сондай-ақ оразада Алланың нығметтерін мойындап, Жаратушыға арналатын құлшылықты жеңіл етуге және кедей-кембағал кісілердің қажетін өтеуге көмек сұрау керек.
Алла Тағала Бақара сүресінің 183-аятында «Ей, иман келтіргендер, сендерден алдыңғыларға парыз етілгендей, сендерге де парыз етілді, мүмкін тақуалық танытарсыңдар» дейді. Мұнда Жаратушы Иеміз Аллаға мінәжат қылып, тақуалы болу үшін оразаны құлдарына міндеттегенін ашық айтып отыр. Бұл жерде ауыз бекітудің тақуалыққа апаратын жол екенін түсінеміз. Ал тақуалық дегеніміз – Алланың әміріне бой ұсыну. Ықыласпен құлшылық қылу. Алладан ғана қорқып, Соған ғана үміт ету. Сондай-ақ Алла Елшісінің (с.ғ.с) істеген амалдарын жасап, қайтарған нәрселерінен тыйылу. Осы жолмен жүрген құл Алланың ашуы мен азабынан жанын аман қалады. Ораза – тақуалыққа апаратын жолдардың бір тармағы. Пенде ораза тұтумен ақыреті мен дүниелік тұрғыда мол пайда мен сауапқа кенеледі.
Оразаның кейбір пайдасы жайлы Пайғамбарымыз (с.ғ.с) былай дейді: «Уа, жігіттер, сендерден кім үйленуге шамасы келсе, үйленсін. Өйткені сол арқылы зинадан қорғанады. Ал егер үйленуге жағдайы болмаса, ораза ұстасын. Себебі ол қалқан».
Осы жерде Ардақты Елшіміз (с.ғ.с) оразаны қалқанға теңейді, тазалықты, пәктікті сақтаудың тетігі ретінде ұсынады. Иә, айта берсек, оразаның пайдасы ұшан-теңіз. Ойланған адам оған көз жеткізе алады. Мәселен отыз күн аузы берік мұсылманның ағзасы тазаланып, денсаулығы жақсара түседі. Мұны қазіргі заманның медицинасы мойындап, көптеген дәрігерлер аштық арқылы науқастарды түрлі аурулардан емдеуге көшкен.

– Қасиетті айда әрбір мұсылман бекітілген парыз амалды орындау уәжіп екенін баяндадыңыз. Дегенмен, қандай кезде дініміз Исламда мұсылмандар ауыз бекіту міндетінен босатылады?

– Ораза ұстауда да өзіндік жеңілдіктер бар. Бұл туралы Алла Тағала қасиетті кітапта: «Рамазан айында хақты айырушы, тура жолды баяндаушы, адамдарға тура жол көрсетуші Құран түскен. Кімде-кім жаңа айды көрсе, ораза ұстасын, ал кім ауру немесе сапарда болса, басқа күндері өтесін. Алла сендерге жеңілдікті қалайды, ауырлықты қаламайды. Сендерді тура жолға салғаны үшін Алланы ұлықтап, күндерді толықтырыңдар, мүмкін шүкіршілік етерсіңдер» дейді. Сонымен қатар қайыз-нифас жағдайындағы және емізулі баласы бар әйелдер, сондай-ақ ораза ұстауға медициналық тұрғыдан рұқсат етілмейтін созылмалы дертке шалдыққан науқастар және қарттығына байланысты ауыз бекітуге шамасы келмейтін қариялар Исламның бұл парызын орындамайды.
Бухари мен Муслимнің Ибн Омардан (р.а) жеткен сахих хадистерінде Пайғамбарымыз Мұхаммед ғалейһи салам былай дейді: «Ислам бес тіректен құралады: Алладан басқа Құдай жоқ екендігіне және Мұхаммед Алланың Елшісі екендігіне куәлік беру, намаз оқу, зекет беру, Рамазанда ораза ұстау және қажылыққа бару». Тағы бір хадисте «Адам баласының барлық амалы тек өзі үшін. Оған он және жеті жүз еселенген сауап жазылады. Алла Тағала «Тек оразадан басқасы. Ол Мен үшін. Оның сыйын өзім беремін. Өйткені, ол Мен үшін шаһауатын және тамақ жеуді тыйды» дейді. Ауыз бекіткен адамның екі қуанышы бар. Бірі ауыз ашарда болса, екіншісі Раббысымен кездескенде. Ораза ұстаушының аузынан шыққа иіс Алланың алдында мисктен де жұпар» делінеді.
Ауыз бекіткен адам оразада намаздарды, садақаларды, зікір мен истиғфарды, яғни Жаратушыдан кешірім сұрауды көбейту керек. Рамазан уақытын пайдаланып өзге де құлшылық түрлерін күндіз-түні жасап қалған абзал. Керісінше, оразаны бұзатын, әлсірететін, сауапты азайтатын күнәлі істерден сақ болған жөн. Ондайлардың қатарына намазға жеңіл қарау, зекет беруде сараңдық таныту, жетімдердің малын жеу, өсімқорлықпен табыс табу, ата-ананы сыйламау, ғайбат, өсек айту, өтірік сөйлеу, жалған куәлік беру және тағы да басқа харам тірліктерді жатқызуға болады. Алла және Оның Елшісі тыйым салған бұл күнәлар қай кезде болсын харам саналады.

– Әңгімеңізге рахмет!