Версия для печати

Жазғы Азия ойындары: Кімдерге үміт артамыз? Избранное

Пятница, 18 Август 2023 05:21 Автор  Опубликовано в Спорт Прочитано 2271 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Қытайдың Ханчжоу қаласында өтетін Жазғы Азия ойындарына санаулы уақыт қалды. Төрт жылда бір өтетін жауапты сын 23 қыркүйек пен 8 қазан аралығына жоспарланған. Ел спортшылары қызу дайындық үстінде. Ұлттық құрама сапында Шымкент қаласының спортшылары да бақ сынайды. Жерлестеріміздің дайындығы қалай? Кімдерге үміт артамыз?

108

 

Жоспар – 50-ден астам спортшыны апару

Шымкент қаласы денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Бауыржан Тұманбаев баспасөз брифингінде Жазғы Азия ойындарына шаһардан 50-ден астам спортшыны апару жоспарда тұрғандығын атап өтті. Жалпы 20-ға жуық спорт түрінен тәжірибелі, Олимпиада және әлем чемпионатының жүлдегерлері, Азия чемпиондары дайындық жұмыстарын жүргізуде. Жоспар түзілген, мақсат айқын.
Кейбір спорт түрлерінен Азия ойындары мен лицензиялық әлем чемпионаты қатар өтетінін айта кеткен жөн. Сол себепті кейбір спортшылар маңызды екі сынның біріне қатысады.
Енді әр спорт түріндегі жағдайымызды саралап көрсек. Жазғы Азия ойындарында боксшыларға артылар сенім зор. Ташкентте өткен әлем чемпионатының жеңімпазы Махмұд Сабырхан қызу дайындыққа кіріскен. Әлем чемпионатынан кейін 57 келі салмаққа ауысты. «Елорда Кубогы» жарысында бақ сынап, осы салмақта да өз мықтылығын дәлелдеген-тін. Ендігі басты мақсат – Азия ойындары.

107


Сонымен қатар, әйелдер боксынан Жайна Шекербекова еліміздің басты үміт артар спортшыларының бірі. Өткен жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері. Азия чемпионатында топ жарды. Шекербекова 2014 жылғы Азия ойындарында күміс жүлдегер атанған. Биылғы бәсекеде 54 келіде алтын жүлде алсам деген мақсаты бар.
Каратэден Қайсар Алпысбай, Данияр Юлдашев және Софья Берульцева таяуда ғана Азия чемпионатынан жеңімпаз және жүлдегер болып оралды. Үш спортшы да төртжылдықтың басты бәсекесіне аттанатындардың қатарынан. Бүгінде соңғы дайындықтарын пысықтауда.
Таэквондодан Азия чемпионы Смайыл Дүйсебай 80 келіден жоғары салмақта Азия ойындарының алтынына таласатын дарынды жастың бірі. Дзюдо күресінен Севара Нышанбаева мен Айбол Нысанәлі жауапты бәсекеге қатысуға үміткерлер қатарына енген. Алдағы іріктеу сайыстарында жақсы нәтиже көрсетсе, ұлттық құрама бапкерлері сенім артпақ.
Шаһарда күрес түрлерінен де бірқатар балуандар дайындықтарын пысықтауда. Грек-рим күресінен Азия чемпиондары – Мейіржан Шермаханбет, Әлімхан Сыздықов елімізде өз салмағында үздіктердің бірі. Қос балуан жуырда ғана Дортмундта (Германия) өткен Гран-При турнирінен қола жүлдемен оралды. Қос балуанға Олимпиада жолдамасын жеңіп алу мақсаты қойылған. Лицензиялық әлем чемпионаты немесе Азия ойындарына кімдердің баратынын бапкерлер құрамы анықтайды. Ал еркін күрестен ҚР Спартакиадасының жеңімпазы, Азия чемпионы Дархан Есенғали, әйелдер күресінен тәжірибелі балуан Елена Шалыгина да ұлттық құраманың оқу-жаттығу жиындарында жүр. Екеуі де жылдың басты бәсекесінде белдесуге басты үміткер балуандар.

106


Тарихтан сыр тартсақ, көркем гимнастикадан Азия ойындарында Шымкент қаласы споршыларының жеңісті дәстүрі бар. Бұл жолғы Азия ойындарына Эльжана Таниева аттанады. Ол таяуда ғана Азия чемпионатында жекелей сында екінші орын алды.
Шымкенттік нысана көздеушілердің де қабілет-қарымы көпшілікке мәлім. Спортшыларымыз өткен жылы Азия чемпионаты мен әлем кубогы бәсекесінде табысты өнер көрсетті. Ендігі жауапты сайыс – Азия ойындары. Стенд атудан Мария Дмитриенко былтыр құрлық чемпионатында, биыл әлем кубогында Зоя Кравченко үздік шықты.
Байдарка және каноэде есуден Сергей және Тимофей Емельянов, Александр Емельянов, Ирина Подойникова, Татьяна Токарницкая сынды тәжірибелі спортшылар 2022 жылы Азия чемпионатында жеңімпаз атанды.
Міне, жоғарыда аталған спортшылар ұлттық құрама сапында жауапты бәсекеге дайындық жұмыстарын пысықтауда. Сондай-ақ, жеңіл атлетика, садақ ату, семсерлесу, батуттық гимнастика, құзға өрмелеу спортынан да бірқатар тәжірибелі, дарынды спортшылар бар.
Биыл 2024 жылғы Олимпиада ойындарына жолдама берер жарыстар басталды. Шаһарда бұл бағытта жүйелі жұмыстар атқарылуда. Азия ойындарында және лицензиялық әлем чемпионаттарында бақ сынайтын жерлестеріміз жоспарлы түрде Париж Олимпиадасына дайындалуда. Жолдама беретін сайыстардың бірқатары күз айларына жсопарланып отыр.
Қазіргі таңда ҚР 6-шы Жазғы Спартакиадасында қала спортшылары жалпыкомандалық есепте 2-ші орында тұр. 6 айдың қорытындысы бойынша қала спортшылары Азия чемпионаттарынан 61 алтын, 45 күміс, 35 қола, әлем чемпионаттарында 6 алтын, 5 күміс, 7 қола жүлдеге ие болды. ҚР чемпионаттарында 445 алтын, 362 күміс, 415 қола медаль жеңіп алды.
Шымкент қаласы әкімдігі, қалалық дене шынықытру және спорт басқармасы тарапынан спортшыларға барлық жағдай жасалуда.

«Бәсеке тарихында ең көп спортшы жиналады»

ҚР МСМ Спорт және дене шынықтыру істері комитеті Спортты дамыту дирекциясының мәліметінше, Ханчжоудағы Азия ойындарына бәсеке тарихында ең көп қатысушы тіркелмек. Азия Олимпиада кеңесіне (АОК) кіретін 45 елдің комитеті тіркеген спортшылардың саны 12 500-ден асып түскен. Бұл – бұрын-соңды болмаған көрсеткіш. Осыған дейінгі рекорд 2018 жылы Жакарта мен Палембангта өткен Азиадада тіркелген (11 300 адам).
Азия ойындарында 40 спорт түрінен 61 бағдарламада 483 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Жарыстар Ханчжоу қаласымен қатар, Чжейцзян провинциясындағы 5 қалада (Нинбо, Вэньчжоу, Хучжоу, Шаосин, Цзиньхуа) орналасқан 54 кешенде өтеді.
Жеңіл атлетика құрлықтағы ең танымал спорт түрі болғалы тұр. Мұнда 43 елдің өкілі күш сынасады. Ал бокс, су спорт түрлері, нысана көздеу, ауыр атлетика, семсерлесу, киберспорт сынды 11 спорт түріне 30-дан астам елдің атлеті келуді жоспарлап отыр.
Маусым айында Қытайдың шығысындағы Чжэцзян провинциясында орналасқан Дамодзяо тауында 19-шы Жазғы Азия ойындарының алауы жағылды. Бұл жерде Қытай өркениетінің 5000 жыл тарихынан сыр шертетін Лянчжу ежелгі қаласы бар. «Цифрлы алау эстафетасы» онлайн платформалар арқылы Қытайдың әртүрлі қалаларында және Азия елдерінде онлайн режимде ұйымдастырылады.
Жазғы Азия ойындарының басталуына бір ай уақыт қалды. Байрақты бәсекеде еліміздің көк туын бокстан ұлттық құрама капитаны Асланбек Шымбергенов пен биіктікке секіруден көшбасшы
Надежда Дубовицкая ұстап шығады.

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.