БЮДЖЕТТІ ОРЫНДАУДЫҢ ТИІМДІ БАҒЫТТАРЫ ТҮСІНДІРІЛДІ

Среда, 30 Октябрь 2024 04:58 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 94 раз

Шымкент қаласы бойынша Қазынашылық департаментінде сыбайлас жемқорлықтың алдын-алу, бюджет қаражатын тиімді орындау мақсатында сала қызметкерлеріне арналған семинар-кеңес өтті. Іс-шараны Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті, ішкі мемлекеттік аудит департаменті, қаржы басқармасы бірлесе ұйымдастырды.

Bidjet

 

Аталған семинар Қаржы министрлігінің тапсырмасына сәйкес, 2025-2027 жылдарға арналған бюджетті қалыптастыру бойынша жұмыстардың қарсаңында мемлекеттік бюджетті орындау процесіндегі сыбайлас жемқорлықтың алдын алу жөніндегі шаралардың бірі. Жылдың соңғы айларында бюджет қаражатын мақсатсыз пайдалану және ықтимал бұзушылықтарды болдырмау назарда тұр. Семинар-кеңестің басты мақсаты – жемқорлық пен сыбайластықты болдырмау, бюджеттік заңнамалардың талаптарын қатаң сақтау, қолданыстағы бюджеттік заңнамаларға өзгерістер мен толықтырулар енгізу үшін ұсыныс пікірлерді тыңдау.
Жиынға ішкі мемлекеттік аудит департаменті, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті және жергілікті бюджеттің атқарылуына жауапты уәкілетті орган қызметкерлері, жергілікті бюджеттік бағдарлама әкімшілерінің бас есепшілері мен қаржылық жоспар бөлімінің мамандары қатысып, жемқорлық тәуекелдерін бірлесе талқылады.
Шымкент қаласы бойынша қазынашылық департаменті басшысының орынбасары Қалмұханбет Байсариев қаржы құжаттарын рәсімдеу барысында бірқатар мекемелерде кемшіліктер анықталғанына тоқталып өтті. Мекеме есепшілері мен мемлекеттік сатып алумен айналысатын мамандарға төлем құжаттарын дұрыс жүргізу тәртіптерін, бюджеттің атқарылуы бойынша төлем жүргізуде басшылыққа алатын негізгі бес құжатты түсіндірді. Бюджеттік бағдарлама әкімшілері өздеріне қарасты мекемелердің тиянақты, мұқиятты болуын қадағалау қажет.
Қ.Байсариевтің айтуынша, ендігі ретте ақпараттық жүйе жаңа стандарт бойынша жұмыс істейді. Өткен жылдан бастап қаржы құжаттары мемлекеттік тілге өткізілді. Әрбір төлем құжаттарына назар аудару мақсатында түсіндірме жұмыстары жүргізілуде.
Семинар барысында арнайы шақыртылған қызметкерлердің баяндамалары мен ескертулері, бағдарлама әкімшілерінің ұсыныс пікірлері тыңдалды.

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.