АЗИЯ ОЙЫНДАРЫ: ЕЛ ҚОРЖЫНЫНДА – 10 АЛТЫН, 22 КҮМІС, 48 ҚОЛА ЖҮЛДЕ Избранное

Среда, 11 Октябрь 2023 04:12 Автор  Опубликовано в Спорт Прочитано 3580 раз

Шымкенттік спортшылар Азия ойындарында 5 алтын жүлде жеңіп алды

24 қыркүйек және 7 қазан аралығына жоспарланған Ханчжоудағы (Қытай) жазғы Азия ойындары да тарих қойнауына кетті. Еліміздің спортшылары кезекті бәсекені 10 алтын, 22 күміс, 48 қола жүлдемен, жалпыкомандалық есепте 11-ші орынмен аяқтады. Жарыстың соңына қарай каратэшілер жарқын жеңіске жетті. Көркем гимнастикадан ҚР ұлттық құрамасы жекелей жаттығу сынында 2 жүлде олжалап, тарихи жеңіспен қуантты. Шымкент қаласының спортшылары төртжылдықтың басты сайысында 5 алтын, 10 күміс, 11 қола жүлдеге иелік етті.

604

 

Жазғы Азия ойындарында шымкенттік каратэшілер 2 алтын, 1 күміс жүлдеге ие болды. Ұлттық құрама көшбасшысы Софья Берульцева (+68 кг) мен Қайсар Алпысбай (60 келі) өз салмағында қарсылас шақ келтірмей, жеңімпаз атанды. 84 келіде Данияр Юлдашев күміс жүлдені қоржынға салды.
Биыл Малаккада (Малайзия) өткен WKF каратэден ересектер арасындағы XIX Азия чемпионатында аталған спортшылар 2 алтын, бір қола медаль еншілеген-тін. Софья Берульцева мен Қайсар Алпысбай бірінші, Данияр Юлдашев үшінші орыннан көрінген. Мінекей, жылдың басты бәсекесінде жерлестеріміз осы нәтижесін тағы қайталады.
Каратэден Шымкент қаласы құрамасының аға жаттықтырушысы Бақтияр Тоқсейітов Азия ойындарында да жақсы нәтиже көрсетуге күш салатынын айтқан еді. Спортшылар сол үдеден шыға білді.
Сонымен қатар, Шымкент қаласының көркем гимнасшылары да күміс, қола жүлделермен оралды. Эльжана Таниева мен Милана Парфилова командалық есепте күміс, жекелей сында 1 күміс, 1 қола жүлде жеңіп алды. Жергілікті спортшылар жекелей сында екі жүлде алды. Бұл - тарихи жетістік. Жеңімпаздарды күтіп алу іс-шарасында көркем гимнастикадан ҚР ұлттық құрамасының бас бапкері Әлия Юсупова алда Олимпиада ойындарына жолдама алу қажет екенін, енді сол жарысқа дайындалатынын атап өтті.
Сонымен, Шымкент қаласының спортшылары кезекті Азия ойындарында 5 алтын, 10 күміс, 11 қола, жалпы 26 медальға ие болды. Атап айтқанда, нысана көздеуден Зухра Ирназарова, стенд атудан командалық сайыста Зоя Кравченко мен Ольга Панарина, байдарка және каноэде есуден Сергей Емельянов, каратэден Қайсар Алпысбай және Софья Берульцева жеңімпаз атанды. Каратэден Данияр Юлдашев, грек-рим күресінен Мейіржан Шермаханбет, көркем гимнастикадан командалық және жекелей сында Эльжана Таниева мен Милана Парфилова, семсерлесуден Эльмир Әлімжанов пен Ерлік Сертай, байдарка және каноэде есуден командалық сайыста Руфина Искакова, Ирина Подойникова, Сергей және Тимофей Емельяновтар, нысана көздеуден Зухра және Фатима Ирназарова, Андрей Худяков және Асадбек Назаркульев күміс жүлдені ел қоржынына салды.
Сондай-ақ, ауыр атлетика, грек-рим күресі, жеңіл атлетика, көркем гимнастика, семсерлесу, таэквондо, байдарка және каноэде есу, стенд ату және нысана көздеуден қала спортшылары қола жүлдеге қол жеткізді.

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.

Другие материалы в этой категории: « ТАРИХТЫҢ ЖАҢА БЕТІН АШҚАН ҰЛАНДАР СУПЕРВАЙЗЕР »