СУПЕРВАЙЗЕР Избранное

Среда, 11 Октябрь 2023 04:14 Автор  Опубликовано в Спорт Прочитано 3713 раз

Бақытжан Жақсықұлов ағамыз Қазақстан тарихында екі бірдей Олимпиадада (Лондон мен Рио-де-Жанейро) төрелік еткен. Азия құрлығы төрешілерінің жетекшісі «Супервайзер» атағын алған ең алғашқы қазақ, ең алғашқы отандасымыз екенін біреу білсе, біреу білмейді. Мұндай дәрежеге жетіп әлемдік қауымдастықты мойындату оңай еңбекпен келген жоқ. Бар ғұмырын спортқа сарп еткен ағамыз қарапайым спортшыдан бастап, жаттықтырушы, спорт мектебіне басшылық лауазымдарына өзінің адал еңбегімен жетіп, абыройлы қызметінің арқасында Шымкент қаласының «Құрметті азаматы» да атанды.

603

 

Қазақтың бойына сіңген әділдігі мен төрелігінің символындай бола білген азаматымыз – жастарға үлгі, халқымызға абырой, елімізге мақтаныш!
Осындай қызметіне қосымша, жарыстарға төрешілік етуді де қатар алып жүре білді. Елішілік жарыстарға төрелік етуден бастаған мансабын, халықаралық жарыстарда әділдігін көрсете білген ағамыз төрешіліктің ең биік мансабы – Олимпиадада екі рет төрешілік жасаған алғашқы қазақ ретінде еліміздің аты тағы да алтын әріппен әлем тарихына жазылуға себепші болды.
Жалпы, әділ төрелік ету – кешегі Төле, Әйтеке, Қазыбек билерден жалғасып келе жатқан қазақтың генінде жатқан асыл қасиеттеріміздің бірі. Осы болмысымызды көрсете білгенде ғана әлем «қазақы болмысты» тани бастайды. Мойындай бастайды. Бұған ағамызбен дастархан басында отырып естіген бір әңгімемнен мысал келтіре кетейін:
Бірде Кавказда үлкен бір өңірлік дәстүрлі турнир өтіп жатады. Ол турнирдің төрешілігінен көптеген судьялар қашады екен. Өйткені, ол жерге Кавказдың қызуқанды халқы төрешілік әділ өткізілмей немесе төреші қателік жіберіп алса, екі сөзге келместен қып-қызыл төбелеске ұласып кетіп жатады екен. Оның үстіне шешендер мен ингуштар, осетиндер, қарашайлар т.б ұлттар арасында өзара бәсеке өте жоғары болғандықтан, әр спортшының артында тұтас ұлттар тұратын, қателік жасап қойса халық төрешіні алдына салып қуалап кететін өте «қауіпті» турнир. Кейде жарыс соңына қарай төрешіні таппай қалуыңыз да мүмкін. Ал, жүрегіңіз дауласа осындай турнирге барып төрелік жасап көріңіз.
Ағамыз сол жарыста бір-екі жұпқа төрелік етіп, келесі кезегін күтіп сыртта жүрсе, іштегі бір жұптың күресінен айқай шығып, арты төбелеске ұласып кеткен ғой. Содан айқай-шуды әзер басып бола бергенде, шешеннің ақсақалдары «Қазақ қайда, қазақ қайда?!» деп Бақытжан ағамызға «Біздің жұпты сен төрелік етесің!» деп қолынан ұстап қолқалап кілемге шығарып жібереді.
Осылай бір жұп бітсе, екіншісіне сүйреп апарып, одан үшіншісіне дегендей, бірінің артынан бірін он шақты жұпқа төрелік етіп «Әділ қазақ» атанып, Кавказ спорт қауымының абыройына бөленгені бар. Бұл бағаны тұтас ұлтымызға берген баға деп қабылдауға әбден болады. Өйткені, «Әділ қазақ» деп тұтас ұлтымызға да баға беріліп отыр.
Осындай абыройлы еңбегінің арқасында Азия төрешілерінің жетекші «Супервайзері» атанып, тұтас құрлықтың төрешілеріне басшылық жасап келді.
Кешегі Белградта өткен Әлем чемпионатында UWW (Біріккен Күрес Әлемі) федерациясы талай жылғы еңбегін бағалап, биылғы 60 жасқа толу құрметіне зейнетке салтанатты түрде шығарып салды.
Бақытжан ағамыз кешегі Азия ойындарында өзінің соңғы төрелігін жасап, тұтас құрлық жиналған мінберде тұрып «Халықаралық 1S Олимпиадалық дәрежесіндегі төреші» мансабын салтанатты түрде аяқтады. Тұтас олимпиада қалашығы тік тұрып, шапалақпен салтанатты түрде шығарып салды. Бұл да еліміздің тарихына алтын әріптермен жазылып қалатын тарихи сәт болды.
Біздер көбіне жеңіске жеткен спортшыларды ғана бағалап, соларды дәріптеп жатамыз. Бірақ, өкінішке қарай бапкерлері мен төрешілердің еңбегі тиісті деңгейде еленбей жататыны жасырын емес.
Еліміздің спортшыларының биік белестерге шығуына төрешілердің әсері қандай болатынын соңғы Азия ойындары көрсетіп берді. Боксшыларымызға қандай қиянат жасалғанын көзімізбен көрдік. Амал қанша?! Қолдан келер шара жоқ!
Бірақ, күрес түрлерінен еліміздің спортшыларына соңғы жылдары бір рет те болса төрешілер тарапынан қиянат жасалғанын көрдіңіздер ме? Жоқ. Ондай қиянат соңғы екі олимпиадалық кезеңде жасалған жоқ. Мұның бәрі 100 % кездейсоқтық деп ойласаңыздар қателесесіздер. Кілемнің сыртында қаншама мәселе барын, ол жақта да «бас-көз» болар тұлғалардың еңбектері орасан екендігін біле бермейміз.
Спортшыларымыздың әділ бағалануына Бақытжан Жақсықұлов, Дәулет Тұрлыханов секілді ағаларымыздың еңбектері, кілемнің сыртындағы «сұсы мен мысы» үлкен рөл ойнайтынын білуіміз керек. Бағалауымыз керек!
Осындай абыроймен төрешілік мансабын аяқтап, Азия ойындарынан бүгін-ертең оралатын Бақытжан ағамыздың бүгін туған күні!
Бақытжан Жақсықұлов аға, әлемдік күрес түрлерінің әділетті өтуі, спортшылардың еңбегінің әділетті бағалануы үшін жасаған талай жылғы еңбегіңізді, әлемдік қауымдастықтың алдында мәртебелі деңгейде бағаланғанына қуаныштымын!
Қазақ төрешілерінің ішінде Олимпиаданы екі рет төрешілік еткен, Азия құрлығының төрешілерін басқарған алғашқы қазақ ретінде тарихта қалатыныңыз сөзсіз. Бұдан әрі де, Қазақ елінің абыройын асқақтату жолында еңбек ете беретініңізге сенемін! Деніңізге саулық, аман-есен абыроймен оралуыңызға тілектеспін!

Рүстем ӘШЕТАЕВ

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.