Shymkent Marathon: туризмге қандай үлес қосты? Избранное

Среда, 24 Январь 2024 04:49 Автор  Опубликовано в Спорт Прочитано 1429 раз

Шымкентте жыл сайын дәстүрлі түрде жеңіл атлетика марафоны ұйымдастырылып келеді. 2016 жылдан бастау алған үрдіс биыл да жалғасып, 2024 жылдың қыркүйек айында Shymkent Marathon жаппай жүгіру шарасы өтпек.

marafon

 

Марафон тарихына үңілсек, алғашқы екі жылда «13 аймақ – біз бірге бәрін жасай аламыз!» ұранымен жалпықалалық жүгіру шарасы ретінде ұйымдастырылды. Ал, 2018 жылы «Шымкент – Марафон» қоғамдық қоры құрылып, жүгіру үшін алғаш рет 42,195 шақырым қашықтық ұсынылды. Марафонның бағыты Халықаралық марафондар мен жүгірулер қауымдастығының (AIMS) сертификатымен бекітілді.

marafon-2


2022 жылы марафоншылар алғаш рет мегаполистің орталық көшелерімен жүгіріп өтті. Бұл бұқаралық спорттың Шымкентте жаңа деңгейге жеткенін дәлелдеді.
Марафон қатысушылардың өзін шыңдауына, межелі мақсатқа жетуіне серпін береді. Сондай-ақ, бұл іс-шараның қоғамда жүгіру мәдениетін қалыптастырып, ұлт саулығын нығайтудағы маңызы зор. Тіпті, туризмнің дамуына серпін беріп отыр. Әрине, «Марафон туризмге қалай үлес қоса алады?» деген сауал туындайтыны анық. Расында, солай. Себебі, бұқаралық спорт жанашырлары марафонға Қазақстанның түкпір-түкпірінен, сондай-ақ ТМД елдерінен келеді! Оған дәлел ретінде 2023 жылғы марафонды алайық. Былтыр Шымкентке Қазақстан мен шетелдің 100 қаласынан 1000 марафоншы келді.
Марафонға өтініш беру кезінде отбасымен қатысып жатқандарды да көресіз. Бұл марафонның отбасы құндылықтарын сақтаумен қатар, басты байлық ұлт пен ұрпақ саулығына деген жауапкершілікті арттырып отырғанын білдіреді. Сондай-ақ, былтыр елімізде алғаш рет Шымкенттегі марафонда ерекше балалар мен жасөспірімдерге арналған жаңа қашықтық енді. Бұл жаңалық – «Аутизмі бар балалардың ата-аналары альянсы» қоғамдық қоры мен «ARMAN ALANI» заңды тұлғалар бірлестігінің бастамасы.

marafon-1


Ерекше балалар марафонында 74 жеткіншек бақ сынады. Оның 70-і Шымкент қаласының тұрғыны болса, 4-еуі арнайы шақыртумен Қостанай қаласынан келіп қатысты. Марафон межесін аутизмі бар балалар ғана емес, Дауна синдромы бар жеткіншектер ата-анасымен бірге бағындырды. Белгіленген қашықтықты бағындырғанға дейін еріктілер балаларды қолдап-қуаттап отырды.
Жыл сайын спорттық шараға қатысушылардың қарасы артып келеді. Мәселен, өткен 2023 жылы 4770 қатысушы 6 түрлі қашықтық бойынша бақ сынаса, биыл 5 мың адам қатысады деп күтілуде.
Марафонның тағы бір ерекшелігі, ұжымдық ауызбіршілікті арттыруында. Мәселен, өткен жылы қыркүйекте 50-ден астам ұжымдық топтар мен командалар қатысты. Міне, осыдан-ақ марафонның мақсаты бұқаралық спортты дамыту, салауатты өмір салтын сақтау мен ұжымдық ауызбіршілікті қалыптастыру екенін көре аласыз. Марафон өз қатысушыларын осындай артықшылықтарымен ғана емес, мол жүлде қорымен де қызықтырады. Былтыр жүлде қоры 14 миллион теңгені құрады. Марафонқа қатысып, бұқаралық спортқа өзіндік үлесін қосқан жас та, кәрі де құр қол қайтпады. Марафон қашықтығын бағындырғандар үшін 230 жүлделі орын белгіленді.
Марафон ұйымдастыру – үлкен жауапкершілік. Бұл жауапкершілігі мол істе «KASIET» пен «Royal Club Fitness & Spa» фитнес кешені – ұйымдастырушы, ал 700 ерікті қосшы болып, жүкті жұмыла көтеріп отыр.

Дайындаған З.КЕНБАЕВА

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.