ҚОРАМСАҚҚА ҚОЛ САЛҒАН...

Среда, 31 Январь 2024 00:00 Автор  Опубликовано в Спорт Прочитано 578 раз

Париж Олимпиадасының алғашқы жолдамасы мергендер қоржынында

Шымкент қаласының спортшылары Париж ойындарының алғашқы жолдамасына қол жеткізді. Оның иесі – нысана көздеуші Никита Чирюкин. 22 жастағы спортшыдан күтер үміт көп. Әлемдік рейтингте үздіктердің қатарында тұрған Чирюкин көпшілікке өзін мойындатып үлгерді. Өткен жылы Азия ойындарында жүлдегер атанып, биыл жыл басында құрлық жеңімпазы атанған нысана көздеуші Олимпиада жүлдесіне үміткер саналады.

sport

 

Сонымен, қала спортшыларының еншісінде әзірге бір жолдама бар. Жоспар – 10-нан аса лицензияға иелік ету. Шымкенттік нысана көздеушілер былтыр Жазғы Азия ойындарында 2 алтын, 2 күміс, 1 қола жүлде жеңіп алған-тын. Нысана көздеуден Зухра Ирназарова, стенд атудан командалық сайыста Зоя Кравченко мен Ольга Панарина жеңімпаз атанды. Осылайша жолдама үшін сайыста да алдымен мергендер көзге түсіп отыр.
Таяуда ұлттық құрама сапында шымкенттік спортшы Никита Чирюкин жылдам атылатын тапаншамен 25 метрден нысана көздеуде ешкімге дес бермей құрлық жеңімпазы атанды. Осы бағдарламада екінші орынды Үндістан, үшінші орынды Оңтүстік Корея спортшысы жеңіп алды. Никита Чирюкин іріктеуде 584 ұпаймен 1-орын алып, Париж Олимпиадасының лицензиясына қол жеткізді.
Алғашқы жолдама иегерін оқырманға жақыннан таныстырсақ. Никита Чирюкин 2002 жылы Шымкент қаласында дүниеге келген. 2017 жылдан бастап Шымкент қаласының №14 ату және ұқсас спорт түрлері мектебінде тәлім алады. 2023 жылы Индонезияның Джакарта қаласында өткен Әлем Кубогының жеңімпазы.
Нысана көздеу және садақ ату спортынан Оңтүстікте жеңісті дәстүр барын көпшілік білер. Рио-де-Жанейрода өткен Олимпиада ойындарында елімізден 4 оқ ату шебері қатысса, соның үшеуі Оңтүстіктің оғландары еді. Рашид Юнусметов Рио ойындарынан кейін спорттық мансабын аяқтап, шәкірт тәрбиелеуге кірісті. Азия чемпионы, Азия ойындарының күміс жүлдегері Р.Юнусметов ендігі ретте жас дарындардың талабын ұштаудың жолына түсті.
Париж ойындарына Шымкенттен баратын Никита Чирюкин Рашид Юнусметовтің шәкірті. Ұрпақтар сабақтастығы деген осы. Белгілі спортшы бапкерлікке ойысқан аз уақыттың ішінде-ақ, жас дарындарды тәрбиелеп шығарды.
Оқ атудан Шымкент қаласы құрамасының аға бапкері Анвар Юнусметов талапты жас Олимпиада ойындарында көпшілікті таңғалдыруы мүмкін екенін айтады. Енді ол төртжылдықтың басты бәсекесіне дейін бірқатар жарыстарға қатысып, әлі де тәжірибесін ұштай бермек.
– Олимпиада ойындарына дайындық жоспарға сай жүргізілуде. Алда рейтингілік Әлем кубоктарына қатысамыз. Никитаның Олимпиада жүлдегері болуға да мүмкіндігі бар. Ол әлемдік рейтингте 1-ші, Олимпиадалық рейтингте 4-ші орында келеді. Бұл – өте жақсы жетістік. Қазіргі уақытта онымен әлемдік үздіктердің өзі санасады. Осы айда Джакартада өткен Азия чемпионатының жеңімпазы атанды. Біз жас спортшыдан зор үміт күтіп отырмыз. Никитадан бөлек Шымкент қаласынан Париж ойындарына Елизавета Безрукова мен Ирина Юнусметова да жолдама алуы мүмкін, – дейді команданың аға бапкері.
Шымкенттен Токио ойындарында Юрий Юрков қана бақ сынаған еді. Әзірге бір жолдама еншімізде десек, бұл нәтижені жақсартуға да мүмкіндік бар. Елизавета Безрукова биыл жыл басында құрлық чемпионатында үздік шықты.
Бүгінде нысана көздеу спорты әлемнің көптеген елінде қарқынды дамып келеді. Әсіресе, соңғы кездері Азия елдерінен оң бетбұрыс байқалып жүр. Қытай спортшылары бұрыннан қарымды. Бейжің ойындарынан кейін Үндістан спортшыларының нәтижесі тіпті өсті. Олардан бөлек, Жапония, Оңтүстік Корея, КХДР, Еуропадан Ресей, Германия, Францияда да үздік мергендердің шоғыры қалың.
Әзірге шымкенттік мергендердің атқан оғы нысанаға дәл тиюде. Таяуда Египеттің Кайр қаласында стенд атудан өткен әлем кубогында Мария Дмитриенко чемпион атанды. Ал Кувейтте өткен Азия чемпионатында командалық сайыста топ жарды. Ол да жолдамадан үмітті. Алдағы рейтингілік турнирлерде ұпай жинап, көздеген межеге жетуге мүмкіндігі бар.
Жанкүйерлер мергендерден үміт күтіп отыр. Жолдама үшін жанталас әлі жалғасады.

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Директор – Нұрбол ОРЫМБАЕВ. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.