Жерлестеріміз жеңіс тұғырынан көрінді Избранное

Среда, 07 Февраль 2024 04:02 Автор  Опубликовано в Спорт Прочитано 506 раз

Шымкентте шахматтан балалар арасында он күнге созылған Қазақстан Республикасы чемпионаты өз мәресіне жетті. Жарыстың жабылу салтанатына арнайы шақырылған мәртебелі қонақтар, жаттықтырушылар мен спортшылар қатысты.

saxmat-1

 

Чемпионат барысында болашағынан үміт күттіретін жаңа есімдер анықталды. Жас шахматшылар арасында Әлем және Азия чемпионаттарының жеңімпаздары мен жүлдегерлері, спорт шеберлері де бар. Қазақстан шахмат федерациясы еліміздің барлық өңірлерінен нағыз мықтыларды іріктеп алу мақсатында осындай жарыстарды жиі ұйымдастырып келеді.
Айта кетейік, Қазақстан шахмат федерациясы ел чемпионатының жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне әлемдік және құрлықтық біріншіліктерге қатысуға жолдама береді. Сондай-ақ, бұл дода биыл балалар арасында өтетін Азия чемпионаты қарсаңында тамаша дайындық болып отыр.
– Ел біріншілігі жоғары деңгейде өтті. Шахматтан мұндай бәсеке Шымкент қаласында алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Осы орайда бізге қолдау білдірген Шымкент қаласы әкімдігіне алғысымызды білдіреміз. Бұл чемпионатта жеңіс тұғырынан көрінген спортшыларды әлем және Азия біріншілігі, сондай-ақ батыс елдерінің халықаралық турнирлеріне жібереміз, – деді Қазақстан шахмат федерациясының атқарушы директоры Гүлмира Дәулетова.

saxmat


Ел біріншілігінде шымкенттік өрендер де жеңіс тұғырынан көрінді. Мәселен, 6 жасқа дейінгі ұлдар арасында шахматтың рапид түрінен бақ сынаған Аслан Ендібаев 3-орын, блиц-шахматтан 8 жасқа дейінгі қыздар арасында Айару Нұрбол 2-орын, 10 жасқа дейінгі қыздар арасында блиц түрінен Нұрсая Жұмабек күміс жүлде жеңіп алды.
Еске салсақ, республикалық бәсекеде шахматтың классикалық, рапид және блиц түрінен
6, 8, 10 және 12 жасқа дейінгі 600-ден астам спортшы бақ сынады.

Жансая СЫДЫҚБАЙ

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Директор – Нұрбол ОРЫМБАЕВ. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.