Версия для печати

КҮЗГІ ӘСКЕРГЕ ШАҚЫРУ: 6 МЫҢНАН АСА АЗАМАТ ЗЕРДЕЛЕНЕДІ Избранное

Пятница, 23 Сентябрь 2022 04:37 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 864 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Шымкент қаласында күзгі әскерге шақыру науқаны жүйелі және қатаң тәртіпте жүргізілуде. Отан тірегі Қарулы күштер екені белгілі. Оның дамуына, қалыптасуына тек әскерилер ғана емес, Ата Заңда атап көрсетілгендей, тәуелсіз елдің әр азаматы да жауапты. Жастарды әскери борышын өтеуге ынталандыру – ұлағатты іс. Шаһарда күзгі мерзімді әскерге шақыру науқанын ұйымдастыру және сапалы өткізу бойынша тиісті іс-шаралар қолға алынған.

229

 

ӘСКЕРГЕ ШАҚЫРЫЛҒАНДАР САНЫ 40 ПАЙЫЗҒА АРТТЫ

ҚР Қарулы күштері Бас штабы Ұйымдастыру-жұмылдыру жұмыстары департаменті бастығының орынбасары, полковник Рустам Ақбаров Шымкент қаласындағы жергілікті әскери басқару органдарының басшылық құрамына күзгі әскерге шақыру науқанын ұйымдастыру мен өткізу тақырыбында оқу-әдістемелік жиын өткізді.
Іс-шараға Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті, Әскери полиция, Әскери прокуратура, қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқарма өкілдері, жергілікті әскери басқару органдарының жеке құрамы және әскерге шақыру науқанына жауапты тұлғалар қатысты.
ҚР Қарулы күштерінің басшылығымен бекітілген жоспарға сәйкес, өңірлерде жергілікті әскери басқару органдарында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, күзгі әскерге шақыру жұмысын сапалы ұйымдастыру бойынша бірқатар нақты тапсырма берілген. Полковник Р.Ақбаров күзгі шақырудың сапасын барынша арттыру қажет екенін атап өтті.
Шымкент қаласы қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы, полковник Алмаз Тілеуханов көктемгі әскерге шақыру кезеңін қорытындылап, күзгі науқанға арналған жұмыстар мен жоспарлары туралы баяндады.
– ҚР Президент тапсырмасына сәйкес, әскерге шақырылушыларды ынталандыру жұмыстарын жандандандыру басты назарда тұр.
Шымкент қаласында үш жылдың қорытындысы бойынша әскерге шақырылушылар саны 40 пайызға артты. Соған сәйкес, талаптар да күшейіп келеді. Бұл кезеңде сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтары тіркелген жоқ.
Әскерден жалтарушылар бойынша да жұмысты күшейтіп жатырмыз. Бұл орайда қалалық полиция департаменті, аудандық әкімдіктермен бірлесе жұмыс жоспарлары бекітілген, – деді
А.Тілеуханов.
2022 жылғы көктемде Шымкент қаласы бойынша ҚР Қарулы күштеріне, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарына азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыруды ұйымдастыру тиісті деңгейде жүргізілген. Биылғы наурыз-маусым айларында 756 (103 %) адам әскерге шақырылды. Оның ішінде ҚР Қарулы күштеріне – 261 (106 %), ҰҚК Шекара қызметіне – 150 (100 %), ҚР Мемлекеттік күзет қызметіне – 8 (100 %), ҚР ТЖМ – 40 (100 %), ҚР Ұлттық ұланына 300 адам (103 %) шақырылды.

227


Қалада күзгі әскерге шақыру жоспарына сәйкес, барлығы 800-ге жуық адам әскер қатарына алынбақ. Бұл жоспарды сапалы орындау үшін өңірден 6 мыңнан астам азамат зерделеуден өтеді. Бүгінде қала бойынша 3 мыңнан астамы зерделеніп, оның 300-ге жуығы іріктелген, жеке істері жинақталуда.

БАСТЫ ТАЛАП – САПАЛЫ АТҚАРУ

Шымкент қаласы әкімнің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан ҚР Қорғаныс министрлігі өкілдері, қаланың аудандық шақыру комиссияларының төрағаларымен бірге көктемгі мерзімді әскери шақыру іс-шараларының қорытындылары мен күзгі әскерге шақыруды ұйымдастыру және өткізудің өзекті мәселелерін талқылады.
Қала әкімінің бірінші орынбасары көктемгі мерзімді әскерге шақыру науқаны өз деңгейінде өткенін атап өтіп, күзгі шақыру бойынша да жұмысты жоғары деңгейде атқару қажеттігіне тоқталды.
– Биылғы көктемгі шақыруда жоспар артығымен орындалды. Қазіргі таңда Қорғаныс министрлігі тарапынан әскер қатарына алынатын жастарды ынталандыру, оларға әлеуметтік жағдай жасау бойынша бастамалар көтеріліп жатыр. Оқу орындарына түсуге жеңілдік немесе грант беру жағы қарастырылуда. Күзгі шақыру науқанында жергілікті атқарушы органдар бірлескен іс-әрекеттерді жүргізу, насихат жұмыстарын күшейту, жедел іс-шаралар қабылдауда нақты тапсырмалар жүктеліп отыр, – деді қала әкімінің бірінші орынбасары.
Жиында шақырылушыларды іздестіру және қоғамдық тәртіптің сақталуы бойынша Шымкент қалалық Полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары Дінмұхамед Тағайбеков баяндама жасады. Қалалық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Сәуле Дүйсенбаеваның айтуынша, медициналық комиссиялар білікті мамандармен, дәрігерлермен жасақталған.
Шыңғыс Жұмабекұлы, жалпы, әскерге шақырылған және әскерге жіберілетін азаматтарды толық тексеру жұмыстары сапалы жүргізілу керегіне назар аударды. Медициналық комиссиялардың құрамын әлі де білікті мамандармен толықтыра түсу қажет.
Сонымен қатар, күзгі мерзімді әскерге шақыруды ұйымдастыру және сапалы өткізу мақсатында қала әкімінің бірінші орынбасары мынадай нақты тапсырмалар берді.
Біріншіден, қаланың аудандық шақыру комиссияларының төрағалары мен мүшелері әскерге шақыру жұмыстарын қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес ұйымдастыруы қажет. Бұдан былай үйлердің аулаларында, кешкі мерзімде полиция қызметкерлерімен бірлесіп, әскерге бармай жүрген адамдарды күштеп алып кетуге жол бермеу керек. Ол мәселе заң аясында шешілуі тиіс.
Екіншіден, қалалық полиция департаменті мен аудандық қорғаныс істері жөніндегі басқармалар шақырылушыларды іздестіру және шақыру учаскелерін кеңінен қамтамасыз етуді жүйелі үйлестіруі керек.

ӘСКЕРИ ҚЫЗМЕТШІ – МЕМЛЕКЕТТІҢ ТІРЕГІ

Әрбір адам өз Отанын қорғау, қасиетті ерліктің борышын орындауы қажеттігін түсінуі тиіс. Отанымыздың тәуелсіздігін қорғау, егемендіктің сенімді сақшысы болу «Мен қазақпын, мен қазақстандықпын» деген әр азаматтың сана-сезімі мен адалдығына сын.
Заңға сәйкес, азаматтарды әскери қызметке шақыруды ұйымдастыру және қамтамасыз етудің барлық түрлері жергілікті атқарушы органдарға жүктелген. Қорғаныс істері жөніндегі департамент, басқармалар жеке құрамының әскерге шақырылушыларды хабардар етуі және медициналық куәландыру тәртібі бойынша іс-қимыл алгоритмі, сондай-ақ, жиын пункттерінде қажетті санитарлық жағдайларды қамтамасыз ету жоспары әзірленген.
Әскери міндеттілер мен әскерге шақырылушыларды есепке алу цифрлық форматқа ауыстырылды. Бұл жергілікті әскери басқару органдарының жұмысын автоматтандыруға мүмкіндік беріп отыр. Әскерге шақырылушылардың білім деңгейі, мамандығының болуы және моральдық-психологиялық ерекшеліктері
Қарулы күштердің түрлері мен тектері бойынша, сондай-ақ, басқа да әскери құралымдар бойынша зерделенеді. Бұл ретте спортшыларға басымдық беріледі. Қазіргі таңда әскерге ІТ-мамандары, жүргізушілер, байланысшылар және басқа да көптеген мамандар қажет.
Жастарды Отан алдындағы борышын өтеуге ынталандыруда халықпен ауқымды түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Ата-аналармен арнайы әңгімелесулер ұйымдастырылып, әскери борышты өтеу және келісімшарт қызметіне, одан әрі оқуға түсу перспективалары туралы айтылады.
Мерзімді қызметтегі әр әскери қызметші – бұл мемлекеттің тірегі, біздің қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз етудің кепілі.

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.