ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Серік ЖҰМАНҒАРИН: «ШЫМКЕНТ – ИНДУСТРИАЛДЫ-ЛОГИСТИКАЛЫҚ АГРАРЛЫҚ ОРТАЛЫҚ» Избранное

Пятница, 25 Ноябрь 2022 04:04 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 811 раз

Қаладағы кәсіпорындарды аралап шыққан Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин жергілікті өнімдер өзін таң қалдырғанын жасырған жоқ. Айтуынша, өңірдің кәсіпорындары мен іскер азаматтарының ішкі нарықтың кейбір саласындағы сұранысты қанағаттандыра алады. Тіпті, шетелге шығатын өнімдер де бар. Ол үшін мемлекеттік қолдау керек екені айқын.

492

 

Міне, осы қолдауды талқылау және бизнесмендерді мазалаған басқа да мәселелермен кеңінен танысу үшін Үкімет басшысының орынбасары ауқымды кездесу өткізді. Жиынға қала әкімі Мұрат Әйтенов, «Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Тимур Нақыпбеков, түрлі министрік өкілдері мен қалалық басқарма басшылары жергілікті іскер азаматтар қатысты.
Вице-премьер азаматтарды әлеуметтік қолдау, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасын тұрақтандыру бойынша Үкімет қабылдап жатқан шаралар туралы хабардар етті.
– Қазіргі таңда баға мәселесі өте өзекті болып тұр. Үкіметте бұл бағытта ауқымды іс-шаралар атқарылып жатыр. Мысалы, 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап «Әлеуметтік әмиян» деген жаңа әдіс енгізіледі. Ол әлеуметтік санаттағы әр отбасыға өз келісімімен ашылады. Мемлекет тарапынан көрсетілетін жәрдемақы секілді әлеуметтік қолдау сол әмиянға аударылады. Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету де басты назарда тұр. Қазіргі таңда осы бағыттағы қаржы орталықтандырып, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар арқылы тауар өндірушілерге берілуде. Мысалы, қант мәселесі. Биылғы жаздағы жағдай бәріміздің есімізде. Ол импортқа тәуелділіктен туындады. Жалпы, елімізде әлеуметтік маңызды азық-түліктің 60-70 пайызы импорт арқылы келеді. Сондықтан, ішкі азық-түлік өндірісін дамытпай, баға тұрақтауы қиын. Азық-түлік қауіпсіздігі тұрақты болуы үшін сол тағам өнімдерінің кемінде 70 пайызы өз елімізде өндірілуі тиіс. Қазіргі таңда осы жұмыспен айналысып жатырмыз. Бірқатар бағдарлама да жүзеге асырылуда, – деді Серік Мақашұлы.
Жиынға қатысқан Amanat партиясының хатшысы Эльдар Жұмағазиев, әсіресе, ауылдың жағдайын көтеру басты назарда тұрғанын жеткізді. Атап айтқанда ауылды жердегі кәсіпкерлерге ісін дамыту үшін 2,5 пайызбен жеңілдетілген несие берілмек.
Кездесуде Шымкент қаласының кәсіпкерлері өздерін толғандырған сұрақтарын қойды. Мысалы, «Бал-Текстиль» ЖШС-нің құрылтайшысы Талғат Исхақов отандық кілем өнімдеріне қолдау көрсетуді сұрады. Кәсіпкердің айтуынша, Қазақстан аумағына шетелдерден, оның ішінде Өзбекстан мен Түркиядан жеткізілетін дайын кілем өнімдерінің 1 шаршы метріне бар болғаны 0,25 евро баж салынады.
– Ал қазақстандық кілем өнімдері шетелге экспортталғанда бірқатар қаржылай күрделіліктер туындайды. Атап айтқанда, өнімдеріміз Өзбекстан аумағына кіргізілгенде бір келісіне 12 АҚШ доллары көлемінде мөлшерлеме төленеді. Ал Түркияға жеткізсек, өнім құнының 30 пайызына дейін баж салынады. Осы мәселені ЕАЭО деңгейінде көтеріп, шешімін табуға көмектесуді сұраймыз. Мысалы, өзбекстандық өнімдерге өздері тарапынан қолданылып отырған шараларды қайталайтын ережені қарауға болар еді, – деді Талғат Жүнісбекұлы.
Жиында онға жуық кәсіпкер өз саласына қатысты туындап отырған проблеманы алға тартып, өтініштерін жеткізді. Түйткілді мәселенің көбісі отандық өнімдерді шетелдік балама өнімдердің демпингінен қорғау және экспортқа шығаруда қолдау көрсетуге байланысты.

493


Ал балық өсірумен және өңдеумен айналысатын «Алина» шаруа қожалығының директоры Дилшат Рахимжанов көтерген мәселе өзгерек. Кәсіпкер бұған дейін өнімдерін Еуропа елдеріне
Ресей арқылы экспорттап келгенін, енді Украина жеріндегі соғысқа байланысты ол экспорт жолы жабылып тұрғанын жеткізді.
– Бұрын ресейлік компаниялар біздің балықты сатып алып, өздері өңдеп, ары қарай сататын еді. Қазір олай істей алмайды. Ал Еуропадағы әріптестеріміз бізге тікелей шығып, ешқандай делдалсыз жұмыс істеуге дайын. Оған бір кедергі – біздің өнімдерде еурокод жоқ. Себебі балық өнімдерін Еуропалық одақ елдеріне экспорттау үшін кәсіпорын сол одақтың тізілімінде тұруы керек. Ал бүгінгі таңда Қазақстанда кәсіпорынның еуропалық стандарттарға сәйкестігі туралы еурокод беретін орган жоқ. Бұған дейін оны ветеринарлық бақылау және қадағалау органдары берген. Бірақ бірнеше жылдан бері еурокодтарды беру тоқтатылды. Ал біз еурокодсыз экспорттай алмаймыз. Сондықтан, осы мәселені назарыңызға алып, қолдау көрсетуіңізді сұраймыз. Сонда қазақстандық өнімдерді Еуроодақ елдеріне тікелей экспорттайтын едік, – дейді Дилшат Рахимжанов.
Вице-премьер Серік Жұманғарин әр сауалға сол жерде нақты жауап беріп, хаттамаға енгізуді тапсырды. Ал бірқатар кәсіпкердің мәселесі бойынша жиынға қатысып отырған «QazTrade» АҚ басшысына тапсырма беріп, алдағы уақытта мәселені мемлекеттік органдармен бірге кеңірек талқылауды бақылауға алатынын жеткізді.
Ал жиыннан кейін БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап берді. Сауал, негізінен, қымбатшылық пен азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты болды.
– Жақында Үкімет қызылша саласын дамытуға арналған 2025 жылға дейінгі кешенді жоспарды бекітті. Қолда бар мәліметтер бойынша, қазіргі уақытта еліміздегі қызылша алқабының көлемі 12 500 гектарды құрайды. Ондағы өнімнен тек 50 мың тонна қант шығады, бұл – өте аз. Ал еліміздің ішкі нарығына, орташа болжаммен, 533 мың тонна қант керек. Осы кешенді жоспардың қорытындысы бойынша біздегі қант шығаратын зауыттардың жалпы қуаттылығын 250 мың тоннаға дейін көбейтуді жоспарлап отырмыз. Ол да аздық етеді. Сондықтан, біз қысқа мерзімді іс-шара жоспарын қабылдап жатырмыз. Ол әр өңірдегі зауытқа бөлек бекітілуде. Мұндағы мақсатымыз – халықты отандық қантпен толық қамтамасыз ету. Әзірге оның көп бөлігі қант құрағынан жасалатын қан болмақ. Ең бастысы – өзімізде жасалған қант. Осылайша енді зауыттар толық қуаттылығмен жұмыс істеп, елді қантпен қамтамасыз етеді, ішкі нарықта қант тапшылығы болмайды деп сеніп отырмыз. Ал қызылша саласын дамытуға арналған ұзақ мерзімді жоспар жүзеге асырылған соң қызылшадан жасалған шекер қант құрағының орнын басады. Жалпы, менің жұмыс сапарымның барысында анық болғаны – Оңтүстік өңірінің шаруалары елді бақша-көкөніс өнімдерімен толық қамтамасыз ете аламыз деп сендірді. Ол үшін Үкіметтен мемлекеттік қолдау күтіп отыр. Ол қолдау шаралары, негізінен, суармалы жермен қамтамасыз ету, жылыжай саласына көмек көрсетуге байланысты. Осы сапарымда Шымкенттегі ондаған кәсіпорында болдым, өнімдерді көрдім. Жалпы, таң қалдым деп айта аламын. Мысалы, экспортқа шығатын сапалы мата өнімдері, ұн өнімдерін тереңдетіп өңдеп, макароннан бастап күрделі өнімдерге дейін шығаратын фабрика, кілемдер өндірісі – барлығы сапалы жұмыс істеп тұр. Бұл, бір жағынан, жергілікті әкімдік жұмысының жүйелі жолға қойылғанын да көрсетеді. Енді осы деңгейден төмендемей, керісінше, даму керек, – деді ҚР Премьер-
Министрінің орынбасары Серік Жұманғарин.

Последнее изменение Пятница, 25 Ноябрь 2022 12:30
Нұрлан БЕКТАЕВ

Қ.А.Яссауи атындағы халықаралық Қазақ-Түрік университетінің филология факультетін 2005 жылы тәмамдаған. Журналистика саласында 2006 жылдан бері еңбек етіп келеді. 2006-2017 жж аралығында "Отырар-TV" медиахолдингінде жұмыс істеген. 2017 жылдың қараша айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 2018 жылдың наурыз айы мен 2019 жылдың тамыз айлары аралығында газеттің бас редакторының орынбасары қызметін атқарды.