Шымкент жастарын әскери-патриоттық бағытта тәрбиелеу, өскелең ұрпақтың бойында Отансүйгіштік пен патриоттық қасиеттерді қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылған шараға аудандық іріктеуден өткен 120 жас сарбаздан құралған 8 команда өзара бақ сынасты.
Сәуір айынан бастау алған бұл сайыста мектепішілік 30 мыңға жуық оқушы, бөліктік сайыстарда 12 мыңға жуық оқушы, аудандық сайыстарда 3500-дей оқушы іріктеліген болатын.
Сайыскерлеге қалалық қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы полковник Әбдіғабит Шегебаев, қалалық «Қарулы Күштер» мен жергілікті соғыс ардагерлері мен қалалық білім басқармасы әдістемелік орталығының өкілі қатысушыларға сәттілік тілеген соң жас сарбаздар әскери ойынның әртүрі бойынша өзара бақ сынасты.
Әскери-патриоттық сайыс барысында жас сарбаздар АК-74 оқу қаруын жартылай бөлшектеу мен жинақтау, пневматикалық винтовкадан жатып ату, жалпы қорғаныс киімін уақытқа кию, әскерилендірілген эстафета, кермеде тартылу, шалқалап жатып денені көтеру, арқан тарту кезеңдері бойынша бақтарын сынады.
Айта кетсек, 7 кезеңінен тұратын сайыста ең жоғары нәтиже көрсеткен жас сарбаздар ағымдағы жылдың маусым айында Қарағанды облысы, Спасск қаласында өтетін Республикалық «Айбын-2023» әскери-патриоттық жастар жиына қатысатын болады.
Сайыс қорытындысы бойынша бас жүлдені Еңбекші ауданынан Бауыржан Таскурмановтың жетекшілігімен дайындалған команда иеленсе, І орынды Тұран ауданының командасы, ІІ орынды Әл-Фараби ауданының командасы және ІІІ орынды Қаратау ауданының командасы бөліп алды.