Шымкент қаласының «Visit Shymkent» туристік-ақпараттық орталығының ұйымдастыруымен 18-20 шілде аралығында «Белгілі және белгісіз Сайрам» туристік экспедициясы өтті. Тарихшылар, археологтар, тәжірибелі гид-экскурсоводтар мен БАҚ өкілдері қатысқан баспасөз турында бағыт аумағын зерделеу, тарихи оқиғаларды анықтай отырып, өлкетану, ғылыми зерттеу, іздестіру жұмыстарын жүргізу қолға алынды.
Экспедиция кесенелерден бастау алып, «Қызыр» мұнарасы, «Мәртөбе» төбесінде жалғасқан. Келесі күні қатысушылар Сайрам базарындағы Қарахан дәуіріне тиесілі моншаның бөлшектеріне шолу жасап, көне қақпа мен Шахристанның бекініс қабырғаларын аралады. Сайрамдағы тарихи-өлкетану музейінде орналасқан экспонаттарға шолу жасады.
Экспедиция жұмысына магистр-тарихшы, өлкетанушы Миралим Мирхалдаров, археолог Азамат Ергешбаев, кәсіби гид-экскурсоводтар атсалысып, бүгін туристік сапарды арнайы баспасөз мәжілісінде қорытындылады. «Visit Shymkent» туристік-ақпараттық орталығының басшысы Ерлан Омаров алдағы уақытта жаңа тақырыптық туристік бағыттарды құру жұмыстары атқарылатынын атап өтті. Соның ішінде жаяу жүргіншілердің экскурсиялық маршрутын жасау туралы шешім қабылданған.
– Сайрам – көптеген көне аңыздар мен құнды жәдігерлері бар қала мәдениетінің ең ірі ескерткіші. Сайрамның тарихы өте тереңде. Ендігі кезекте туристік бағыттарды дамыту, инфрақұрылымды жақсарту бойынша бірқатар жұмыстарды іске асыру қажет. Шетелдік туристер үшін Сайрам тұрғын алабында визиттік-ақпараттық орталық ашу да уақыт күттірмейтін мәселе. Жалпы кезекті баспасөз-туры өзекті мәселелерді шешудің алғышарты болды, – дейді Ерлан Сүйіндікұлы.
Сонымен қатар, жиында тарихшылар мен археологтар тарихи тақырыпта турларды жиі өткізу, өлке тарихын мектеп оқушыларына оқыту, туристік нысандарды жаңғырту, инфрақұрылымды дамыту бойынша бірқатар ұсыныстарын жеткізді. Археолог Азамат Ергешбаев қазба жұмыстарына қатысқан маман ретінде туристік кластер құруға қолдан келген көмегін көрсетуге дайын екенін айтты.