Қазақстан нейрохирургиясы көршілерден әлдеқайда дамып кеткен

Среда, 09 Август 2023 06:14 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 600 раз

medetov-erkinНейрохирургия – қарқынды түрде дамып жатқан жаңа саланың түрі. Ең алғаш елімізде 2008 жылы шет елге танымал дәрігер, академик Серік Ақшолақовтың басқаруымен Астана қаласында Ұлттық нейрохирургия орталығы ашылған болатын. Көреген басшы айналасына талантты, епті жас мамандарды жинап, білімін жетілдіру мақсатында шет елдерге жіберді. Солардың ішінде қазіргі медицина ғылымдарының докторы, Шымкенттің бас нейрохирургі МЕДЕТОВ ЕРКІН ЖҰМАҒҰЛҰЛЫ болды.

 

ОТАНДЫҚ ҚЫЗМЕТ САПАСЫ

Шымкент қалалық №1 клиникалық ауруханада 15 нейрохирург жұмыс істейді. Мұнда омыртқа грыжасы, жұлынның қатерлі ісігі, омыртқаның сынуы секілді омыртқа патологиясы және тағы басқа аурулармен емделушілер көп түседі. Бұрындары бұндай науқастарды Алматы, Астана қалаларына жіберетін, кейбірі өз жолымен Ташкент дәрігерлеріне жүгінетін. Қазір Еркін Медетов жетекшілік ететін аурухананың нейрохирургиялық қызметі мен Ұлттық нейрохирургия орталығының көмегі арқасында аталмыш аурулар қаламызда емделеді.

– Біздің саланы Европа елдерінен озық деп айта аламын. Оларда бас сүйегін ашып, ашық оталар жасалынады. Біздің европалық әріптестерден айырмашылығымыз аралас нейрохирургияны қолданамыз, яғни, эндоваскулярлы ем де, ашық нейрохирургия да қолжетімді. Бірінші кезекте айналма жолдарын тауып, тамырларға анастомоздар саламыз. Сосын эндоваскулярлы әдіспен отаны аяқтаймыз. Бұл әдіс асқынудың алдын алады. Әлем бойынша мұндай отадан кейінгі асқыну 8 пайыз болса, Шымкентте 2 пайызды құрайды, – дейді Еркін Медетов.

Сөз ыңғайында айта кетейін, батыс елдерінде миға жасалатын оталар орта есеппен 30 мың доллар тұрады. Қазақстанда шет ел азаматтары үшін 10 мың доллар, өз еліміздің азаматтарына квотамен тегін. 2022 жылы қалалық №1 клиникалық ауруханада 900 күрделі нейрохирургиялық ота жасалынса, оның 450-і Еркін Жұмағұлұлының еңбегі.

 

МЕДИЦИНАДАҒЫ ҒАЖАЙЫП

Осы жылы Қазақстанда алғаш рет шымкенттік нейрохирургтер жүйке трансплантациясы отасын жасады. Ота перифериялық жүйке жүйесі зақымданғанда жасалынады, әлемде бұл отамен бар-жоғы төрт клиника дәрігерлері айналысады. Бұл тізімде Еркін Медетовпен бірге қалалық №1 аурухана дәрігерлері Айбол Сансызбаев және Марат Құлмырзаев та бар.

– Жүйкеге жасалатын отаның ерекшелігі, зақымданған тамыр өзіне қажетті функционалдық өткізу жұмысын сау жүйкеден алады. Бұрын жүйкені жәй ғана тігіп тастайтын, бірақ ол әдістің нәтижесі ойдағыдай болмайды. Қазір сау жұмыс істеп тұрған жүйкенің бір шетін зақымданған шетіне жалғаймыз. Ғылыми тілмен айтқанда «биологиялық электрлеу» процессі жүреді. Осыдан бес жыл бұрын ғана мұндай оталар ТМД елдерінде фантастика болатын. Биыл, міне, Шымкентте осындай 5 ота сәтті өтті. Зақымданған мүшесі қайта қалпына келмейді деген науқастар отадан кейін өздерін жақсы сезініп, толыққанды өмір сүруде, – дейді Шымкенттің бас нейрохирургі.  

Жансызданған қол-аяғыңның қимылға келуі шынында ғажайып. Мүгедектер арбасына таңылған науқастардың ешкімнің көмегінсіз жүріп-тұрғанын көру дәрігер үшін бақыт.

– Жақында ауруханаға ишемиялық инсульт алған 22 жастағы қыз түсті. Сол аяғы мен қолы жансызданған. Толық тексерістен кейін науқаста сирек кездесетін «мойа-мойа» ауруы бар екені анықталды. Бұрынырақта бұл аурумен Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінің, әсіресе Жапония халқы көп ауыратын. Бұл өте прогрессивті ауру. Ми тамырлары жұмыс істеуін тоқтатып, адам ағзасы қурап қалады. Қазақстанда жылына 1-2 адамнан осы ауру нышаны көрінеді. Бұл науқастарға тек ота көмектесе алады. Жаңағы қызға көп ойланбай ота жасадық. Қан айналмай қалған ми тұсына анастомоз қойдық, яғни, тері астындағы тамырды ми тамырымен жалғадық. Осылайша ми тамырларына қан жүрді. Біз осы кезде заманауи, 20 есе үлкейтетін микроскоп пайдаландық. Тамырдың өзі көзге көрінер көрінбес, 1,5 миллиметр. Осы жіңішке тамырға 14 тігіс түсті. Отаның ертесіне-ақ қыздың аяқ-қолы қимылдай бастады. Қазір қимыл-қозғалысы түгел қалпына келді,– дейді дәрігер.

 

БАРЛЫҚ АУРУ – ЖҮЙКЕДЕН

neiroxirurg

Шымкенттік талантты нейрохирургтер тарихында мұндай оқиғалар аз емес. Өткен аптада ғана ауруханаға оң қолы істемей қалған, көздің көруі нашарлап кеткен, бастың тынымсыз ауруына шағымданған 25 жасар келіншек түскен.

– Науқастың басында үлкен ісік болды. Жылдам отаға кірістік. Отаның қиындығын ескеріп, алдын-ала донорлық қан дайындап алдық. Ота 8 сағатқа созылды. Ісікті алып тастадық. Қазір келіншектің көзінің көруі дұрысталып, қолы да икемге келді. Бір қызығы, бұрын осындай диагнозбен келген науқастарды емдей алмайтынбыз. Олар тек соңғы сағаттарын күтіп жататын. Қазіргі заманауи дамыған медицина арқасында біз оларға өмір сыйлай аламыз, – дейді Еркін Медетов.

Осындай сәтті оталар саны өте көп. Жыл басында түскен тағы бір науқастың диагнозы үшкіл жүйкенің невралгиясы. Бұл – өте қауіпті патология. Өйткені адамдар ауруды елемей, ем қабылдамай көп жылдар жүріп қалуы мүмкін. Ертеректе нервті өлтіру үшін қайнаған сумен күйдіру әдісімен емдеген. Сәйкесінше науқастың жағдайының нашарлауына, кейде өлімге соқтырған.

– Өте ауыр халде келген бұл науқасқа күрделі оталардың бірін жасадық. Отадан кейін ауырғаны басылды. Бұл диагноздағы науқас тіпті таңертең бетін де жуа алмайды. Кез-келген үп еткен жел ауруды асқындырады. Науқастардың барлығы дерлік ауруды басатын дәрі ішетіндіктен бауыр қызметі нашарлайды. Арасында ауруға шыдамаған науқастың өзіне-өзі қол жұмсағаны да болған. Өткен жылы біз осындай 60 ота жасадық. Бәрі де сәтті өтті. Қазіргі таңда тамырдың ішімен жасалатын оталарды жасап жатырмыз, басқа да туа бітті ақауларды емдейміз. Мысалы, мидың туа бітті аневризмасы деген бар. Ол – ми тамырының қапшықты кеңеюі. Ол өсіп кете бермейді, бір күні жарылады, соның салдарынан қан құйылады. Оған қоса жарақаттың салдарынан зақымданған тамырға ота жасаймыз. Сосын инсультке алып келетін бірден-бір себеп – тамыр ішінің маймен бітелуі. Сол тамырларды ашамыз. Инсультпен түскен науқас кейде мүгедектікке ұшырауы немесе қайтыс болуы мүмкін. Сондай науқастарды алғашқы алты сағатта жеткізіп үлгерсе, тамырын ашып, ота жасап, өмірін құтқарып қаламыз. Ота үстелінің үстінде қол-аяғы қайтып қимылдап, жандана бастайтын жағдайлар бар. Бір әттеген-айы, көп адам ол белгілерді біле бермейді, инсульт болып қойған соң өте кеш алып келіп жатады. Ондай жағдайда көмек беру қиын. Көбісі түн ішінде болады, ұйықтап жатыр екен деп немесе қазір басылып қалады деп ойлайды. Сондықтан, халық арасында ағарту жұмыстарын көбірек жүргізу аса маңызды дер едім, – дейді дәрігер.

Нейрохирургия хирургияның дербес саласы ретінде тек ХХ ғасырдың басында ғана ерекшеленгенімен, оның тарихы әлдеқайда тереңде жатыр.

«Нейрохирург – орталық және перифериялық жүйке жүйесіндегі ауруларды, жарақаттар мен бұзылыстарды диагностикалауға және емдеуге жауапты маман. Мысалы, ол – омыртқа жарақаттарынан туындаған ОЖЖ асқынулары, туа біткен ақаулар мен патологиялар, нейроонкологиялық аурулар. Шыдатпайтын бас аурулары кезінде құсу, есінен тану болып жатса, уақыт жоғалтпай дәрігерге көріну керек» дейді мамандар.

Нейрохирургтың айтуынша, №1 клиникалық аурухананың құралдары заманауи, ең соңғы үлгідегі құрылғылар саналады. Ота жасау блогына ангиограф аппаратымен қоса, «НейроДаму» қорының көмегімен көптеген құрылғылар алынған. Қытайдан техноскоп әкелінген. Камералар қойылған. Соның көмегімен жергілікті хирургтар бүкіл Қазақстанға трансляция жасауға мүмкіндік алып отыр. Яғни, басқа қалалардағы әріптестерді оқытып-үйретуге болады. Басқа өңірлерде жоқ симуляциялық орталық жұмыс істейді. Мұнда дәрігерлер арнайы техникада ота жасап үйренеді.

– Мысалы, Ақтау, Павлодар, Шығыс Қазақстан өңірлерінің нейрохирургтары кейбір күрделі ота жасар кезде камера арқылы бізбен байланысады. Біз отаны көріп отырып, кеңес береміз. Қашықтан үйретеміз. Оған қоса Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстандағы нейрохирургтерді үйретіп жатырмыз. Олар науқастарды жинайды, содан кейін біз сол елге барып, ота жасаймыз, әрі үйретеміз. Шеберлік сабақтарын өтеміз. Себебі, ол елдерде нейрохирургия саласы Қазақстаннан қалып қойған. Біздегі сияқты құрылғылар жоқ. Енді ондай оталарды ақылы түрде өзімізде, Шымкентте жасасақ деген жоспарымыз бар. Себебі, біздің кей шекаралас аудандардағы науқастар Өзбекстанға барып, тексеріліп, ем алады. Ал ол – Қазақстанда нейрохирургия саласы сол елдерден әлдеқайда дамып кеткенін білмеудің салдары. Себебі, көрші елдерде біздегідей соңғы үлгідегі техникалар жоқ. Ол жақта ақылы істегенше, бізде тегін ота жасауға болады. Сондықтан, халық арасында түсіндіру-насихат жұмысын көп жүргізуі керек. Астанадағы Ұлттық нейрохирургия орталығында еліміздегі таңдаулы маман Серік Қуандықұлы Ақшолақовтың қол астында жұмыс істедім, тәлім алдым. 12 жылдың ішінде көптеген ота жасаумен қоса әлемнің 30-ға жуық елінде болып, тәжірибе алмастық. Дүниежүзінде әр операцияның өз мықтылары болады ғой, солардан үйреніп келіп, Қазақстанға енгізуге атсалыстық, – дейді Еркін Медетов.

Түйін. Нейрохирургиялық салада біз үлкен өсу мен өзгерістерді көреміз. Егер 2007 жылы елде 1191 нейрохирургиялық төсек, 223 нейрохирург болса және жылына 5516 операция жасалса, бүгінде бұл сан айтарлықтай өскен. Қазір жылына 29 723 жүйке жүйесіне ота жасалынады. Басқаша айтқанда, нейрохирургтардың саны 2 есе артқан кезде жүргізілетін операциялардың жалпы саны 5 еседен астам өсті. Бұл әлі де жұмыс сапасын, дәрігерлердің біліктілігін арттыруды керек етеді.

 

Байзақ АСЫЛБЕКОВ

Салтанат ЖАМАЛДИНОВА

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.