ӨНЕР ОРДАСЫ ОРТАЛЫҚ АЗИЯДА ДА АЛДЫҢҒЫ ОРЫНДА

Пятница, 01 Сентябрь 2023 05:07 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 375 раз

Самат АЛТАЙ,
ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ ҚУЫРШАҚ ЖӘНЕ ЖАСӨСПІРІМДЕР ТЕАТРЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

samat altai

Шымкент қалалық қуыршақ және жасөспірімдер театрына биыл – 40 жыл. Мерейлі мереке театрдың 41 маусымының ашылуына жоспарланып отыр. Дегенмен ұжымның осы бір жылдағы жұмысының бәрі мерейтойға арналды. Мерейтойлық маусым қалай өтті? Алдағы маусымда қандай жоспарлар бар? Бұл туралы Шымкент қалалық қуыршақ және жасөспірімдер театрының директоры Самат АЛТАЙМЕН тілдескен едік.

Самат Тұрсынбекұлы, театрдың 40 жылдығын бір жыл бойы атап өтіп келесіздер. Бұл – өте үлкен еңбек. Қандай жетістіктеріңізді атап айтар едіңіздер?

– Расында, бұл жыл театр тарихында ерекше оқиғалармен есте қалды. Мен үш жайды бөліп айтар едім. Біріншісі – «Қырық ертегі – қырық кейіпкер» атты мектеп оқушылары арасындағы сайыс, екінші – «Қырық жыл – қырық қала», «Шымкенттен шашу» гастрольдік сапары. Сапар барысында театр ұжымы 40 қалаға сапар шегіп, көрерменге 12 жаңа қойылымын ұсынады. Үшіншісі алда келе жатқан қуыршақ фестивалі Puppetland.

«Қырық ертегі – қырық кейіпкер» сайысы несімен есте қалды?

– «Қырық ертегі – қырық кейіпкер» атты оқушылар арасындағы сурет байқауының басты мақсаты – жастардың шығармашылық қабілетін шыңдап, өз белсенділігін көрсетуге мүмкіндік беру, дарынды жастарды анықтау және балалардың шығармашылық шеберліктерін, қабілеттерін көрсетуге мүмкіндік жасау болатын. Баланы тәрбиелеудің ең тиімді жолы оны мәдениет ошағына жақындату. 40 жылдық тарихы бар театр балалармен тығыз байланыс орнату үшін сурет сайысын ұйымдастырып, мақсатымызға жеттік. «Арбат» алаңында салтанатты түрде ашылған байқау бір жыл бойы жалғасты. Қазақстанның барлық аймағынан 500-ге жуық бала қатысты. Олар театрдың қырық жыл ішінде қойған туындыларынан 40 кейіпкерді қағаз бетіне түсірді. Нәтижесінде талантымен ерекшеленген оралдық жасөспірім бас жүлдені жеңіп алды.

Балалардың жұмыстары театрымызда қалды. Оларды біз келешекте ашылатын театр мұражайына қойсақ дейміз. Бізге мұражай керек. 40 жыл ұзақ уақыт. Мақтанатын дүниелеріміз көп. 40 жылда 160 спектакль сахналанды. Түрлі іс-шаралар өткізілді. Жыл сайын әртүрлі фестивальдер мен байқауларға қатысып, алған сыйлықтарымыз бен мақтау, мадақтамаларымыз жеткілікті. Біздің көрермендеріміз қойылымға келгенде мұражайға бас сұғып, ұжымымыздың тарихымен танысса дейміз.

40 ertegi

«Шымкенттен шашу» сапарында жоспарланған 40 қалаға барып біттіңіздер ме?

– Бұл сапарда 40 жылдыққа 40 қалаға барып, өнер көрсету жоспарда болған. Ол – өзіміздің еліміздің қалалары және алыс-жақын шет елдер. Әзірге 27 қаланы араладық. Қарашаның соңына дейін 13 қалаға барып үлгереміз деген жоспар бар. Осы сәуір айында Ташкентте болдық. Бізді жылы қарсы алды. Ташкенттің маңындағы қазақтар көп шоғыр ланған аудандарға барып қазақ тілінде спектакльдер қойдық. Ол жердегі қандастарымыздың көзінен туған жерге деген сағынышты көрдік. Олар қойылымды қазақ тілінде қойғанымызға қатты қуанды. Уақыттың тығыздығына байланысты көп жерлерге бара алмадық. Күзде ол жақпен қайта келеміз деп келісіп кеттік. Самарқанд халқы жақсы қарсы алды. Сапарда байқағанымыз біздің театр Қазақстанда ғана емес, Орталық Азияда да алдыңғы орында. Олай дейтінім көпшілігі ескі тәсілмен жұмыс істейді. Олардың қойылымдары ескі перделі әдіспен қойылады, қуыршақтары да қарапайым. Қазір біз жаңа технология мен жаңа әдістер қолданамыз. Оның өзі жеткіліксіз. Сондықтан көрерменді қызықтырып, әртістерді шабыттандыру үшін жаңа технология, қуыршақтың жаңа түрін жасап, үздік туындыларды қоюға талпынамыз. Осы тұрғыда Бұхарадағы әріптестерімізбен тәжірибе алмасу мақсатында қараша айында олар бізге, біз оларға барамыз деп келісіп келдік. Осындай келісімді Душанбе мемлекеттік, Ош облысының мемлекеттік қуыршақ театрларымен де жасадық. Ең бастысы біз тек тәжірибе алмасу ғана емес, екеуара жарнама мәселесін де қарастырдық. Яғни жаңа қойылымдарымызды әлеуметтік парақшаларымызда бөлісіп отырамыз. Сондай-ақ әртістеріміз бен режиссерларымыз аралас-құралас. Биыл бізге Гауфтың «Карлик носын» Өзбек халық қуыршақ театрының көркемдік жетекшісі Шамурат Юсупов қояды. Келесі жылы біздің театрдың көркемдік жетекшісі Мақпал Малдыбаева қазақтың Алдаркөсесін Ташкент өнерпаздарымен сахналамақ. Дәл осындай жұмыс Душанбе театрымен жасалынбақ. Ал Бұхар театрымен келісім басқаша. Олар бізге үш әртісін жібереді, олармен біз қазақ тілінде спектакль қойып, өз театрымызда премьерасын өткіземіз. Содан кейін олар өз еліне апарып сахналайды. Біздің әртістер оларға барып, өзбек және орыс тілдерінде ойнап, келіп біздің театрға қояды. Мұның бәрі театр қоржынында орыс, өзбек тілдерінде қойылымдар көп болып, көрермен тарту.

Жоғарыда қуыршақ фестивалі жайлы айтып қалдыңыз, толығырақ тарқатсаңыз.

– 40 жылдыққа 16 елдің қуыршақ театрлары қатысатын үлкен, халықаралық фестиваль өткізу жоспарда бар. Ол тек театрымыздың қабырғасында ғана емес, қаланың саябақтары мен айшықты жерлерінде өтетін мәдени, ауқымды жоба болмақшы. Қатысушы елдер өз елдерінің жауһарларын әкеледі. Мысалы, Қазақстанда көше театры дамымаған. Көлеңкелі, саусақ, электронды қуыршақ театрлары Еуропа да танымал. Жалпы қуыршақ театрында 11 түрлі жанр бар. Біз фестивальде осылардың бәрін мүмкіндігінше қамтимыз деп отырмыз. Көрермендеріміз жаңа дүниені көрсе екен дейміз. Әзірге Шымкент көрермендері тек қамыс және планшет қуыршақтардың ойынын көріп жүр.

Сонымен қатар, бұл фестиваль тәжірие алмасу, шеберлік сағаттарын өткізу арқылы қуыршақ өнерін дамытуға үлес қосады деп үміттенеміз. Біздің қазақстандық қуыршақ брендін қалыптастыруға алып келсе, үмітіміздің ақталғаны.

Айта кетерлігі, бізде әртістік шеберлік жетіспейді. Театр дегенде көпшілік дәстүрлі әртістердің ойынын елететеді. Қуыршақ театрында бәрі басқаша, мұнда қуыршақтарды қимылдату, оларға жан беру маңызды. Кішкентай көрермендерімізді ойынға сендіре алуымыз керек. Ол үшін үнемі ізденіс пен еңбек керек.

Жалпы қуыршақ өнерінің шет елдік майталмандарының қаламызға келуі Шымкенттің танымал болуына, туризмнің дамуына зор үлесі болмақ. Фестивальден күтеріміз көп. Бастысы бүлдіршіндерімізге жақсы көңіл-күй сыйлай алсақ, қуыршақ өнеріне жаңа леп, жаңа дем қоса алсақ дейміз. Сондай-ақ, осындай фестиваль жыл сайын өткізіліп тұрса, нұр үстіне нұр болар еді.

Фестивальге тек жақын шет елдер ғана емес, Италия, Франция, Перу, Түркия, Қытай, Иран, Беларусь, Ресей, Эстония, Латвия, Әзербайжан, орталық Азия елдері және еліміздің қуыршақ театрлары қатысады.

axmet

Барлығымен алдын ала келісіп қойдыңыздар ма?

– Әрине, меморандумға қол қойылған. Қаражат мәселесінің шешілуін күтіп отырмыз. Біз үлкен қаражат сұрамадық. Тек шақырылған қонақтардың жолы мен тұратын қонақ үйінің ақысына жетсе болды.

Фестивальден бөлек, өз жұмыстарыңызға оралсақ, маусым ашар қойылымдарыңыз қандай?

– 5 қыркүйекте маусымды өзіміздің театрдың көркемдік жетекшісі Мақпал Малдыбаева қойған Андерсен ертегісі желісіндегі «Ұсқынсыз үйрек» туындысымен ашпақшымыз. Бұл өздеріңіз білетіндей, әлі күнге өзектілігін жоймаған керемет туынды.

Ал 40 жылдыққа қанша және қандай туындылар дайындадыңыздар?

– 40 жылдыққа жаңа 12 қойылым дайындау жоспарда болды. Оның алтауы қуыршақ жанрында болса, алтауы жасөспірімдерге арналған. Бүгінгі таңда 6 қойылым көрермен жүрегіне жол тауып үлгерді. Ілияс Жансүгіровтың 130 жылдығына «43/38» пьесасы қойылды. Оралхан Бөкейдің 80 жылдығына орай жазушының өз пьесасы «Құлыным менің» сахналанды. Танымал режиссер Қуандық Қасым Ануяның трагедиясы «Антигонаны» қойды. Бұл шығарманы таңдаған себебіміз тетар өнері антикалық тетрдан бастау алады. Біз театрымызда түрлі жанрда, әр дәуірді бейнелейтін, мағыналы да бай дүниелері болғанын қалаймыз.

Жақында бізге Македонияда 4 мен 8 қазан аралығында өтетін «Стоби» антикалық шығармалар фестиваліне қатысуға шақырту келді. Оған «Антигонияны» алып барамыз. Бұл біздің мерейтойымызға, қаламызға, тіпті қала тұрғындарына үлкен сый болды. Бұл – шындығында мақтанарлық спектакль. Ауқымды халықаралық фестиваль қонағы болу біздің әртістер үшін де маңызды. Олар толығымен менің «театр теңізі» деп жүргенімді сезініп келер еді.

Тағы бір жаңа қойылым – «Кейкінің кегі». Бағлан Сейдалы қойған драма 1916 жылдағы ұлт-азаттық көтеріліс кезінде азаттық үшін күрескен жарқын тұлға жайлы болды. Ал, жергілікті автор Қожагелді Исаевтың «12 қалам» шығармасы желісіндегі осы аттас спектакль кішкентай көрермендердің сүйіктісіне айналды. Алтыншы қойылым жаңағы айтқан «Ұсқынсыз үйрек».

Осы қойылымдардың бәріне режиссерларды сырттан шақырыпсыздар. Мұның мәні неде?

– Бұл біздің тақырыптың, жанрдың әралуандылығын қалағандығымыздан, әсерлі, мықты шығармаларды түрлі режиссерлық әдіспен сахналасын деген оң ойымыздан туған идея. Әр режиссер өзінің тың жаңалығын әкеледі, актерлардың жаңа қырын ашады, әртістік шеберлігін көтереді. Өзінің қолтаңбасын қалдырады. Бұл да «театр теңізін» сезіну деген сияқты әңгіме.

– Алдағы уақытта қалған алты қойылымды қойып үлгересіздер ме?

– 40 жылдық мерейтой қыркүйек айында тойланғанымен, 40 жылдық аясындағы іс-шаралар жыл соңына дейін жалғасын таппақ. Спек такльдер қою, гастрольдік сапарлар желтоқсанның соңына дейін жоспарланған. Бізде уақыт бар. Дегенмен әңгіме басқада. Бізге бөлінген үш қойылымның ақшасы толық игеріліп қойған. Сондықтан жыл соңына дейін «12 қойылымға жеткізесіздер ме» деген сұрақ қисынсыз. Біз бөлінген ақшаға үш спектакль қойып, тоқтасақ болушы еді. Бірақ бізге көрермендеріміз қымбат. Өз қаражатымыздан жаңа туындылар сахналанды. Көрермендердің көзайымына айналу үшін еңбектенудеміз. Көпшілік көрермен қуыршақ өнерін бір реттік өнер деп қабылдайды. Бір көрген спектакльге қайта келмейді. Сондықтан біздің көрерменге береріміз көп болуы керек. Әр айда көрсетілетін 20 спектакльдің қайталанбауын, келесі айда тізімнің жаңа болуына жанталасамыз. Мектептер мен балабақшаға бір қойылымды жауыр етіп апара бергіміз келмейді. Репертуарымызда бай, көрерменнің ойынан шығып, жүрегіне жол табатын шығармалардың болғанын қалаймыз.

Осындай еңбекқор театрдың қанша көрермені бар екен, жылдан-жылға өсіп жатқан болар?

– Былтыр 103 мың көрермен жинадық. Биыл осы санды 120 мыңға жеткізсек деген ойымыз бар. Бұл қала тұрғындарының 10 пайызы ғана. Біздің мектептер мен балабақшаларға, саябақтар мен қаладағы алаңшаларға шығып, өнер көрсетіп жүрген еңбегіміздің арқасында қала тұрғындары бізді жақсы танып қалды. Қазір қала кеңейген. Шалғайдағы аудан тұрғындарының театрмен таныстығы аз. Бізге келуге жол шалғай. Содықтан біз өзіміз барғымыз келеді. Яғни, көрермен бізге келмейді, біз көрермен іздеп барамыз. Осы мақсатта қаламыздың мегаполис болғанына 5 жылдыққа, өзіміздің 40 жылдығымызға орай балаларға сыйлық болсын деп, Бадам, Бозарық, Қайнарбұлақ, Қызылжар, Көмешбұлақ елді мекендеріне барып, тегін қойылымдар қойдық. Бұл бастама Абайдың туған күнінен бастау алып, Конституция күніне дейін жалғасты. Осындай бастамамен Қазақстанның жаңа облыстары – Жетісу, Абай, Ұлытау облыстарына барсақ дейміз. Ол жаққа барғанда әр облыстың өзіне жақын қойылым, мысалы Павлодарға барғанда Сұлтанмахмұт Торайғыров жайында, Абай облысында ұлы ақын жайлы қойылым ұсыну жоспарда бар.

korermen

Мерейтойға қандай сыйлық күтесіздер?

– Бізге автобус керек. Мүмкін сыйлап қалар. Театрымыздың үлкен мәселесі арнайы жеке шаңырағымыз жоқ. Өзіміздің қара шаңырақ болса дейміз ғой. Әрине, оңай шаруа емес, дегенмен мәселе шешілгенін күтеміз. Сондай-ақ, кино және драма театрлардың актерлары мемлекеттік мадақ, марапат алып жатады. Қуыршақ театрында олардың бірі де жоқ. Еңбегіміз еленсе дегеніміз ғой.

40 жылдыққа біздің сыйлығымызға да сый болса, ең үлкен сыйлық біздің көрермендеріміз. Қазір ана, әке, ата, әже болған бұрынғы көрермендеріміз театрымызға сый ретінде балаларын, немерелерін әкелсе, бізді қуантып қоятын еді. Шымкент қуыршақ театрының тойы баршамызға ортақ той. Бірге тойлайық!

Лаура КӨПЖАСАРОВА,
Салтанат ЖАМАЛДИНОВА

Последнее изменение Понедельник, 04 Сентябрь 2023 04:54
Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.