«САҒЫНЫШТЫҢ ТҮСІ САРЫ ЕМЕС...» Избранное

Пятница, 29 Сентябрь 2023 03:57 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 823 раз

Қарбалас қоғам. Қайнаған тіршілік. Жалт бұрылсаң жұтып жіберуге әзір жаһандану дәуірі. Жеке кәсіп, жеке емдеу орталықтары. Жанның бәрі жеке басын, жеке тіршілігін түзеуге бет алған беймаза кезең. Осындай аласапыран уақытта адамға да, қоғамға да көш бастайтын, бағытыңнан жаңылып бара жатсаң бағыт сілтейтін ұлтжанды, елжанды, елге ақыл айтатын ел ағалары ауадай қажет.

301

 

Қазақ прозасының қабырғалы қаламгеріне айналып, қарт Қаратау, Шырайлы Шымкент, Тұран – Түркістан аумағындағы ақын-жазушылардың, барша зиялы қауым өкілдерінің көшін бастап жүрген көшбасшы Мархабат Байғұттың жарық жалғанмен қош айтысқанына да жылға жуық уақыт болып қалды. Осы уақыт аралығында Шымкент пен рухани астанамызға айналып келе жатқан Түркістан өңірінде қаншама алқалы жиындар, салтанатты кештер өтіп жатыр. Бірақ сол жиындардың бәрінде сөйлесе сөздің шешені, бастаса істің көсемі болған Мархабат Байғұттың орны ойсырап тұрғанын бәріміз жан жүрегімізбен сезіндік, сағындық, езілдік... Бірақ сол сарғайған сағыныштың бояуы уақыт өткен сайын қалыңдай түсіп бара жатқаны жүректі сыздатады.
Сүйікті жазушысынан, ақылшы абызынан, арқасүйер ел ағасынан айырылған ел, қалам ұстаған қатарластары, ізінен ерген інілері, көрмей-білмей, шығармасы арқылы аға тұтқан қалың жұрты осы уақыт ішінде қаншама жоқтау жырларын, сағынышқа толы мақалаларын, еске алу кештерін өткізді. «Таулар алыстаған сайын биіктей береді» деген сөз осындай тау тұлғалы адамдарға арналып айтылатынын уақыттың өзі дәлелдеп жатыр. Өмірі өнегелі адамның өлімі де өнегелі болады екен-ау деген ой топшыладық. Қазалы үйде, азалы жиында отбасындағы ағайын-туыстың, алыс-жақыннан келген қадірлі қонақтардың, ошақ қасындағы әулеттің келіндерінің езіліп те егіліп ардақты жанды жан-жүрегімен жоқтағанын көзімізбен көрдік.
Баласын әке сағынып,
Әкесін ұлы шақырып,
Қауышты ма екен қос жүрек,
Қауырсын үлпек мап-мамық...
...Көкбұлақ кешіп кешқұрым,
Атамды сонда табам ба?
Шоқыда тұрсам шоқиып,
Атамды мұнда табам ба?!
Долана бұтақ беткейге,
Аташым жаяу кеткен бе?
Аралап жүрсем алма бақ,
Атамды, мүмкін көрем бе!
Ақбастау, қайтар атымды,
Шөлдеген әлі қанбады.
Қайран да қайран өмір-ай,
Жандарды қандай жалмады?..
Таупісте күзде пісуші ед,
Теруге атам кеткен бе?!
Жалған да жалған дүние,
Шынымен солай біткен бе?-
деп жоқтаған келіні Ақбөпенің жоқтау жырын естігенде егілмеген жан қалмады. Бүгінгі қоғам – ұлан-асыр тойға қуана алмайтын, өзекті өлімде жылай алмайтын халге жеткен қатал қоғам. Сондай қатал қоғамда, қатал уақытта ақ өліммен алысқа аттанған атасын, әкесін қимай жоқтаған ұл-қыздары, келіндері, немерелері өнегелі өмірдің келмеске кетіп бара жатқанын қалың елге қабырғалары қайысып жеткізді.
«Әкем келместің кемесіне мініп кеткен қоңыр күз де келді... Сағыныштың түсі сары емес, көгілдір-күреңдеу екенін шығармаңызда жазғансыз, жан Әке... Бәрімізді мәңгілік сағынышқа орап кете бардыңыз...»,-деп қызыңыз Ақлима Мархабатқызы жыл бойына өзіңізбен іштей тілдесіп, естеліктерден есілген естелікнамаларды сізді сағынған оқырмандарға үздіксіз ұсынып отырды. Мархабат Байғұт қаралы жиынға барса да, торқалы тойда отырса да тағылымды тәрбие мен асыл адамгершілік туралы айтудан жалықпайтын. Өзі насихаттаған құндылықтарды отбасына сіңіріп, Отанына дәнін егіп кеткеніне бүгінгі күні анық көз жеткіздік.
Ұлықбек Есдәулет, Дархан Қыдырәлі бастаған елдің елеулі тұлғалары, нарқасқа Нармахан, хан қызындай Ханбибі, ғылымның қайнар бұлағын қанып ішкен Құлбек Ергөбектер қазақ елінің қандай адамнан айрылғанын азалы жиында жеріне жеткізіп айтты. Мархабат Байғұт өмір бойы кітапты сүйді, кітапхананы ең қымбатты қасиетті орын санады. Кітап. Кітапхана. Оқу залы. Кітапханашы қыз жазушы шығармаларының алтын арқауына айналды. Қоғамдағы орны бірде биіктеп, бірде төмендеп тұратын кітапханашылар қауымы сүйікті жазушысын шарқ ұрып іздеді. Шымкенттегі Әл-Фараби атындағы қалалық ғылыми-әмбебап кітапханасы, «Абай атындағы көпшілік кітапханалар жүйесі», «Ы.Алтынсарин атындағы облыстық балалар кітапханасы», облыс орталығы мен ауыл-аймақтардағы барлық кітапханалар сүйікті жазушысының есімін оқырмандар жадында жаңғыртты. Бозбала болып ержеткен кезеңнен ел ағасына айналған аралықтағы өмірінің сәулелі сәттерін кітапхана қабырғасында өткізген қаламгерді кітапханашылар қауымы ерекше жақсы көрді, есімін елге танытып, шығармаларын насихаттау жолында ерінбей еңбек етті. Мұндай қимас сезім, алғаусыз сыйластықтың бір себебі үйдегі Қыздаркүл апамыздың кітапханашы болуында шығар бәлкім?.. Мархабат Байғұт өз жазбаларында «Адам адам болып қалуы үшін – оқырман оқырман боп қалу керек. Мемлекеттің барлық буындарына жұмысқа қабылдау үшін де, бизнесмендерге негізгі құжат берерде де көркем әдебиетті тест жүйесіне ендірсе қайтер еді» - деп келелі ой түйеді. Қоғамда рухани құндылықтың артта қалып, материалдық құндылықтың алға шығып бара жатқандығын тамыршыдай тап басып, одан шығар жалғыз жолдың кітапта, көркем әдебиетте жатқандығын бағамдайтын.
Мархабат Байғұт қоғамдағы қандай да бір өзекті мәселені алғашқылардың бірі болып анықтайтын. Тапқан таянғанын тойға шашып, таба алмаса қарызданып той жасайтын тойшыл қазаққа қажетті сын-ескертпесін дер кезінде жеткізетін. «Жаһандану мен шапандану мәселесін мәністеп отырыппыз. Несі бар, шапан жабу айып па? Жаба берсін. Дегіңіз-ақ келеді. Алайда айналайын Абайға жүгінсек, барлық нәрседе өлшем мен мөлшер болмаққа керек-дүр». Кісілік келбетінен айнымаған Мархабат Байғұт қандай жиынға бармасын уақытылы баратын, өзгелерден де соны талап ететін. Алтынға сатып ала алмайтын алтын уақытты дұрыс пайдалана білуді өзінің жүріс-тұрысымен, бүкіл болмыс-бітімімен үлгі ететін. «Наурыз Қазығұрттан басталады», «Ырыс алды – ынтымақ», «Ұлысымның ұйытқысы – Оңтүстік», «Таупістелі тағылымы» деген сияқты ұлтты ұйыстыратын, жұртты жақындастыратын алқалы жиындардың басында жүріп, алқалы жұртқа ағалық сөзін айтатын. Түбі бір түркі жұртынан бастап, қаламгерлік жолға енді қадам басқан жас ақындарды қолдау мақсатында «Шырайлым – Шұбайқызылым» деп аталатын ақындар акциясын жүзеге асырды. Тіпті науқастанып жүрген кездің өзінде «Бозарықтан Бозторғайға дейін» деген атпен акция ұйымдастырып, елдегі ақын-жазушылардың басын қосты. Алдындағы арқа тұтар ағасы Нармахан Бегалыұлы соңынан ерген марғасқа Мархабатын іздеп: «Мархабат бізбен әдемі қоштасқан екен. Бәрімізді «Бозарықтан Бозторғайға дейін жаяу аралатты. Таупістелісіне апарды. Туған жерінде әдебиет туралы әңгімелерінің тиегін ағытты. Тек біз оны байқамаған екенбіз»,- деп күңірене күрсінді.
Өзі туған өлкеден ұзамай-ақ, тұтастай туған еліне сөзі жеткен, түркі жұртына тағылымы өткен Мархабат Байғұттың өмірлік кредосы – адамдық-адамгершілік, мейірім, ізгілік болатын. Осы бір құндылықтар жоғалып кетпесе – адамзат жоғалмайды. Адам барда, қазақтай қабырғалы қоғам барда, ізгілік, мейірімділік деген ізгі қасиеттер салтанат құрып тұрғанда, елдің сүйікті жазушысы Мархабат Байғұт та мәңгі жасай береді. Өмірін туған еліне, туған жеріне арнаған алып азаматтың атын асқақтатып, тиісті деңгейлерде ұсыныс жасап, музей үйлерін жасақтау, еңбектеріне ғылыми баға беру, тағы да басқа толып жатқан ұрпаққа қажетті істерді жүзеге асыру – сіз бен біздің парызымыз. Мархабат Байғұт – өзіне жүктелген жүкті қайыспай көтерген қайраткер тұлға. Тұлғаны тани білу, кейінгі ұрпаққа таныта білу – бізге аманат.

Анар ЖАППАРҚҰЛОВА, 

ақын, ф,ғ,к., Әл-Фараби атындағы қалалық ғылыми-әмбебап кітапханасының
директоры

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.