Листериоз туралы нені білу керек?

Вторник, 05 Декабрь 2023 00:00 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 663 раз

Листериоз жұқпасы адамдар арасында тіркелетін тағам арқылы таралатын ауыр кеселдің бірі. Соңғы жылдары Шымкент қаласында листериозбен сырқаттану жағдайы тіркелмеді.
Листериоз – жұқпалы ауру, ол ас қорытудың бұзылуымен, пиелонефриттермен, менингиттермен, ішкі мүшелердің әртүрлі зақымдануларымен, аяқ астынан түсік тастау, өлі туу, жаңа туған нәрестелердің өліміне әкелетін жатырішілік қабынулармен көрініс береді.
Листерия бактериясы сыртқы ортада төзімді, табиғи су қоймаларында 1 жылға дейін. Тоңазытқыштағы ет пен сүтте ұзақ уақыт сақталып қана қоймай, тіпті көбейеді. Төмен температура, мұздату, кептіру ауру қоздырғышына кері әсерін тигізе қоймайды. Бактерия қайнату барысында 3-5 минут ішінде жойылады.

 

Листериозға қой, ешкі, ірі қара мал, жылқы, шошқа, қоян, тауық, қаз-үйректер сезімтал келеді. Сонымен қатар, мысық, ит және маймылдар арасында ауру тіркеледі. Ауру қоздырғышын кене, бүрге, үндемес, биттерден бөліп алған жағдайлар болған. Листериялардың табиғаттағы негізгі резервуары кейбір жабайы аңдар болып табылады: жабайы құстар, әсіресе кеміргіштер және жәндіктер.
Бұл ауруға маусымдылық тән, сырқаттанушылық қысқы-көктемгі кезеңде тіркеледі.
Листериоздың ағымы көбінесе жасырын түрде өтуге бейім, қоздырғыш жұққан сәттен ауру белгілері пайда болғанға дейін бірнеше апта өтуі мүмкін, сондықтан жұқпа көзін анықтау қиындық тудырады.
Листериоздың бірнеше түрлері болады: көздік, терілік, жіті респираторлық, баспалық. Көздік түрінде көз жасаурап, коньюнктивит болады, терілік түрінде жаралар шығып, баспалық түрінде дене қызуы көтеріліп, буындар, бұлшықеттер, сүйектер ауырып, бадамша бездері іріңдейді.
Листериоз бедеулікке, ұрықтың жатырішілік жұқтырылуына әкелетін жыныс мүшелерінің зақымдануымен өтеді. Жиі менингит, сепсис дамиды.
Жұқпа көзі ауру жануарлар, тышқан тәрізді кеміргіштер, құстар, кенелер, бүргелер болып табылады. Қоздырғыштың негізгі берілу жолы – қарым-қатынастық (лас қол арқылы ауру жануармен тікелей қатынас болғанда). Ауру ауа арқылы да жұғуы мүмкін, сонымен бірге трансплацентарлы жұғу жолы да дәлелденген, ауру жүкті әйелден ұрыққа немесе босану кезінде нәрестеге жұғады.

Адамдар қандай жағдайларда ауруды жұқтырады?

- Жеткіліксіз термиялық өңдеуден өткен немесе термиялық өңдеуден мүлдем өтпеген тағамдарды (ет және ет өнімдері, балмұздақ, сүт тағамдары, балық, теңіз өнімдері) пайдалануда;
- Үй жануарларын (ит, мысық) күтіп-баптауда;
- Жыныс жолдарының шырышты қабаттары арқылы;
- Ұрықтың жатырішілік жұқтырылуы;
- Ауру кеміргіштердің бөліністерімен инфицирленген (ауру кеміргіштер қоздырғышты белсенді түрде сыртқы ортаға бөледі, әсіресе зәрімен тағам өнімдерімен сыртқы орта нысандарын ластайды) сыртқы орта нысандарымен қатынаста;
- Ауру жануарлар мен кеміргіштердің кепкен бөліністерімен залалданған ферма, қойма, басқа өндірістік бөлмелерді жинаған кезде шаң арқылы.

Листериоздың алдын алу шаралары:

- сапалы және құнарлы тағам өнімдерін пайдалану;
- үй жағдайында тағам дайындаудың гигиеналық ережелерін қатаң сақтау;
- жеке бас гигиенасын сақтап;
- тағам дайындар алдында және дайындаған соң қолды жуу;
- ыдыс-аяқты, өңдеу мүкамалдарын және асханалық құрылғыларды тазалап жуу;
- тоңазытқыш және мұздатқыштың температурасының қажетті деңгейде болуын бақылау;
- өнімді пайдаланар алдында жарамдылық мерзімін тексеру.

Осы қарапайым ережелерді сақтау арқылы өзіңізді және жақындарыңызды аурудан сақтауға болады!


 А. Тұрымбетова
Шымкент қ. СЭБД басшы орынбасары

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.

Другие материалы в этой категории: « Көкжөтел Сұлулық пен саулықтың сыры – ұлуда »