«ХАЛЫҚ ЖҮРЕГІНДЕГІ ҚАҺАРМАН» көшпелі көрмесі өтті Избранное

Пятница, 09 Февраль 2024 03:33 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 222 раз

Биыл Халық қаһарманы, Қазақстанның тұңғыш қорғаныс министрі Сағадат Нұрмағамбетовтің туғанына – 100 жыл. Батырдың құрметіне орай елімізде бірқатар ауқымды іс-шаралар өтіп жатыр.

kaxarman

 

Шымкентте ҚР Қарулы Күштері Мемлекеттік әскери-тарихи мұражайы Түркістан облыстық тарихи-өлкетану мұражайымен бірлесе отырып, еліміздің тұңғыш Қорғаныс министрі, Кеңес Одағының батыры, Халық Қаһарманы, армия генералы Сағадат Қожахметұлы Нұрмағамбетовтің 100 жылдығына арналған «Халық жүрегіндегі қаһарман» атты көшпелі көрменің тұсауын кесті.
Көрмеде халық батырының жеке заттары, осы күнге дейін жарияланбаған фотосуреттерін тамашалауға болады. Майдан кезінде пайдаланған заттары, құжаттары, мақтау қағаздары мен тарихи шаралардан естеліктері де қойылған. Барлығы 100-ден астам жәдігер көпшілік назарына ұсынылды.

kaxarman-1


– Батыр мұрасын жас ұрпақ біліп, зерттеуге міндетті. Ұйымдастырылған көрменің басты мақсаты сол. Сағадат атамыздың өмірінен, Отан алдындағы ерен еңбегінен жас ұрпақ үлгі алады деген ниеттеміз, – деді Түркістан облыстық тарихи-өлкетану мұражайының директоры Баян Елеусізқызы.
– ҚР Қорғаныс министрінің бұйрығымен 2024 жылы Сағадат Нұрмағамбетовтің 100 жылдығы барлық облыстарда тойланады. Бірнеше облыста өткізілген көрме Шымкент қаласына да келіп жетті.
Өскелең ұрпаққа жас Сағадаттың өмірін, тар жол, тайғақ кешуін үлгі ретінде көрсету біз үшін міндет, – деді ҚР ҚК Мемлекеттік әскери-тарихи музейінің басшысы Ләззат Тілеуғожақызы.
Еліміздің он қаласында өтетін бұл көшпелі көрменің өскелең ұрпаққа әскери-патриоттық тәрбие беруге, Сағадаттай атамыздың ерліктерін ұлықтауға, Қазақстанның Қарулы күштерінің имиджін арттыруға тигізетін септігі зор деп білеміз.

Абылайхан ОРАЗАЛИЕВ

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Директор – Нұрбол ОРЫМБАЕВ. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.