Дарабоз аға

Понедельник, 12 Февраль 2024 09:09 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 106 раз

baimahanov

Қазақтың заңғар ұлдарының бірі Бекең, Бердібек Машбекұлымен алғаш рет 1997 жылы таныстым. Бұл уақыттарда ол Қызылорда облысының әкімі еді. Әкесі Машбек қатты науқастанып біздің хирургия орталығында жатты. Мен емдеуші дәрігермін. Көп ұзамай Бекең әкесінің халін сұрауға келді. Талай әкімдерді көріп жүрміз ғой, менің таңқалғаным оның шектен тыс қарапайымдылығы еді. Үлкен бір облыстың басшысымын деп аздап болса да көкірек ұру, биіктеп сөйлеу деген жоқ. Жылы сөйлестік. Біздің отбасыны жақсы танитынын айтып, жылы лебіздерін айтты. Елдегі тіршіліктің жай-жапсарын әңгіме арқауына айналдырды. Қазақта «көңіл көңілден су ішеді» деген тәмсіл іспетті қанатты сөз бар. Азғана сұхбаттың өзінен Бекеңнің адамгершілік қасиеті, жан тазалығы, көңілінің ақтығы және үлкен интелектуал екендігі аңғарылды.

Бердібек Сапарбаев араға екі-үш жыл салып Оңтүстік Қазақстан облысына әкім болып тағайындалды.

Облыстық денсаулық сақтау саласына мені басшылыққа шақырды.

Қазақстан үшін өте ауыр уақыт еді. Оңтүстікте жарық, көгілдір отын жеке қолға сатылып кеткен. Қызығы сол, жең ұшынан жалғасқан соң осы салалар бұл мамандыққа қатысы жоқ адамдардың қолына өтіп кеткен. Ал, олар электр, жылу беруге қауқары жоқ. Биік қабаттағы жұрт жерге түсіп, шөпшек теріп, мосыға қазан, шәйнек қойып, итшілеп тамағын істеп жүргенің көзіміз көрді.

Күн-түн ұйқы дегенді білмейтін іскер Бекең әлгілермен арпалысып жүріп, электрді де, көгілдір отынды да мемлекет меншігіне өткізді. Бұдан басқа да заңсыз жекешеленіп кеткен нысандарды облыс балансына қайта алуға әрекет жасады. Қара басы емес мемлекет игілігі үшін істеп жасап жатқан жұмысы жең ұшынан жалғасқан пысықайларға ұнамады. Артына шам алып түсіп, арыз шағымды жоғарыға қардай боратты. Бір топ әйелдерді желіктіріп, Астанаға апарып, электр бағаналарына мінгізіп қойған уақыттар да болды. Уәждері Елбасыға арыз. «Сапарбаев нашар әкім, облыс басшылығынан алып кетіңіз».

Осы жағдайға байланысты Астанадан бір топ Парламент Мәжілісінің депутаттары келді. Әлгі әйелдердің отбасыларына барды, арыздарды тексерді. Деспот, халықты басқаруға қыры жоқ Сапарбаевқа қатты наразы болып келген депутаттар ақыр аяғында шындыққа көз жеткізіп, жұмысына жоғары баға беріп кетті. «Аққа құдай жақ» деген осы екен. Аздаған жылдарда Сапарбаев үш миллионға жуық халқы бар Оңтүстік Қазақстан облысын жоғары деңгейге көтерді. Мұнда да жақсы сыйластық. Денсаулық сақтау саласына мейілінше көмек көрсетті. Бұрын өлім-жетімнен республикада ең жоғары орында жүретін, дәрігерлері айлап айлығын ала алмайтын облыс медицинасы жаңа құрал-жабдықтарға ие болып, көші өзгелермен теңеле бастады. 2002 жыл – «Денсаулық жылы» деп жарияланған уақыт еді. Сол жылы Оңтүстік медицинасы республикада көрсеткіштері бойынша бірінші орын алды. Бұл дәрігерлерден бөлек, халық денсаулығын жақсарту жолына бар күш жігерін жұмсаған облыс басшысының да еңбегі еді.

Аз ұйықтады, көп жұмыс істеді. Анда-санда денсаулығын қаратуға келіп тұрды. Ағзасына көп күш түсіріп жатқанын ескерткенімізбен халық қамы үшін уақытпен санаспайтын әкім күліп, үнсіз өткізіп жіберетін.

Расында, Бекең сияқты жанкешті, іскер әкімдер республикада сирек еді. Сондықтан да, сол кездегі Премьер Министрдің аузынан «таких как Бердибек Машбековия нужно клонировать» деген сөз шықты. Үкімет жиынында.

Saparbaev-01

Оңтүстіктен кейін Елбасы шаруасы шатқаяқтаған талай облысқа Сапарбаевты әкім етіп тағайындады. «Кризис менеджер» деген атағы шықты. Ақтөбеде әкім болды. Кетерінде жұрт әуежайды басып қалып, ыстық рахметін айтты. Әйелдер жағы жылады. Жібергісі келмеді. Шығыс Қазақстан облысындада осы жағдай. Ұлтын жақсы көретін Бердібек Сапарбаев ең орталыққа ұлы Абайдың ескерткішін орнатты. Шығыстың биік жеріне қазақ байрағын тікті. Әдетте, Шығыста орыс көп, «қазақты ұлықтасаң наразы» деген жәй екен. Барлық ұлт-ұлыс өкілдері Бекеңнің іскерлігін бағалады.

Жамбыл облысынан да осыны байқадық. Жұрт әуежайға келіп, астына ат мінгізіп, иығына шапан жапты. Қимас сөздерін айтты.

Әттең не керек, бүкіл елдің қошеметіне бөленген үлкен кісінің үлкен жүрегі қапияда тоқтады.

Бұл-Қазақстан үшін орны толмайтын қаза еді.

Бекең жақсы аға болды. Туған інісіндей соңына ердік. Абай абыз айтқандай, бар қазақты бауырым деп білетін абзал азамат еді. Жақсы, мағыналы өмір сүрген ағамыз ешқашан ұмытылмайды. Бекең бәріміздің жүрегіміздің төрінде қала береді.

 

Болат БАЙМАХАНОВ,
А.Сызғанов атындағы Қазақ ұлттық хирургия институтының бас директоры, профессор

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Директор – Нұрбол ОРЫМБАЕВ. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.