Арда туған азамат

Понедельник, 12 Февраль 2024 10:18 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 98 раз

Saparbaev-07

Бердібек Сапарбаевтың есімі мен еңбегі иісі қазақ баршаға мәлім. Бекеңмен замандас әрі әріптес ретінде сыйластығымыз ерекше болды. Онымен қоса жерлес деп бір-бірімізбен таныстығымыз отбасылық достыққа ұласқаны да бар еді. Алаштың бағына туған аяулы азамат жайында өткен шақта естелік айтамын деп кім ойлаған? Дүние – жалған деген осы шығар бәлкім. Ерте ме, кеш пе бақи дүниеге барарымыз бек ақиқат. Бердібек Машбекұлы жетпіс жасқа жеткен шағында келместің кемесіне кете барды... Бекең 70 жылдық мерейлі жасын атап өтуді денсаулығына байланысты кейінге қалдырып еді.

Еліміз егемендігін алып тәуелсіз мемлекет ретінде әлемге таныла бастаған тұста Бердібек Сапарбаев түрлі басшылық қызметте аянбай еңбек етті. Совет одағы қатарынан енді ғана азаттығын алған жас мемлекеттің нық аяққа тұруына көптеген азаматтар үлес қосты. Солардың бірегейі Бердібек Машбекұлының ерен еңбегін ауыз толтырып айтуға болады. Кез келген салада тірліктің көзін тауып, кез келген адаммен тіл табыса білетін ерекше қасиеті болатын. Бекең секілді өзіне талапшыл жандар кемде кем деп білемін. Қарым-қабілеті мен өз мүмкіндігін барынша пайдалана білген іскер азамат деп айта аламын. Өзін батыл шешім қабылдай алатын басшы ретінде көрсете білді. Басқару саласында өз еңбегін, есімін мойындата алған басшылар көп емес. Алайда, Бекең оңтүстік өңіріне басшылық еткен тұста кәсіпкерлерге қолдау көрсетіп, білім саласына да көңіл бөліп, ауылшаруашылығын, оның ішінде мақта шаруашылығын егжей-тегжейлі зерттеді. Көрші Өзбекстан мен еліміздің арасындағы су мәселесіне қатысты оң шешім тапқан да Бекең болатын. Өзінің адал еңбегінің арқасында түрлі лауазымды қызметтерді абыроймен атқарды. 2008 жылы есімде ол тұста Бекең ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі қызметін атқаратын. Міне, сол жылы 24 ақпанда Жезқазған жерінде Қазақстанның әр өңірінен ең ірі кәсіпкерлер бас қосқан болатын. Еліміздің бірінші президенті Нұрсұлтан Әбішұлы сол жиында Бердібек Машбекұлына ерекше алғысын білдіріп, істің көзін таба білетін қабілетін жоғары бағалайтынын жеткізді. Бекеңнің іскерлігін мемлекет басшысы ғана емес бүтін елі, қалың бұқара бағасын беріп, мойындаған басшы. Міне, сол жиында мемлекет басшысы кәсіпкерлерге бизнес саласын дамыту үшін барлық жағдай жасағанын, қолдау білдіргенін айтып келесі кезекте бизнес өкілдері елге пайдалы, халық игілі үшін мектеп, емхана, аурухана салуды тапсырғанды. Араға екі күн салып елге оралған соң 26 ақпан күні Отырар ауданы, Шілік ауылында жаңа мектеп салуға шешім қабылдадым. Ол тұста ауылда бала саны артып, оқушыларға мектепте орын жетпей жатқан шағы еді. Сол білім ордасының құрылысын алты айдың ішінде аяқтап 26 тамыз күні пайдалануға бердік. Бердібек Машбекұлы осы жұмысымызды елеп, жыл қорытындысы бойынша кәсіпкерлер арасында «Парыз» номинациясын ұйымдастырып, бас жүлдені маған табыстаған еді. Бекеңнің іскерлігі, ізденімпаздығы, еңбекқорлығы бір төбе. Ал, өзгенің еңбегін бағалай білетін, демеу беріп, қолдау көрсете алатын қабілеті бөлек еді. Бұл оның көрегенділігі деп білемін. Осы тұста айтқым келетіні біздің қоғамда өзгенің еңбегін шынайы бағалау кемшін екені жасырын емес. Алғашқылардың бірі болып бастаған игі ісіміз өзім секілді кәсіпкерлер арасында қолдау тауып, халық игілігі үшін қызмет ететін мекемелер мен ғимараттар саны арты бастады. Бекең Өскемен өңіріне ауысқан тұста арнайы барып, сұхбаттастым. «Оңтүстікте кәсіпкерлікті жолға қойып, көш ілгері бастауына себепкер болғандардың бірісің, енді еліміздің басқа өңірін де көркейтуге атсалыс» деп ұсыныс айтқаны бар еді. Мемлекеттік салаға ауысу туралы да сөз болғанды. Дегенмен, мен кәсіпкерлік саласында елге берерім мол екенін түсініп бас тартқан жайым бар.

seitjanovБердібек Машбекұлы зейнетке шыққан соң қызметтен біржола қол үзген жоқ. Саналы ғұмырын жанкешті бейнетке арнаған азамат зейнеткермін деп қарап қалмады. Кейде, Бекең маған бұл дүниеге тек жұмыс үшін, пайдалы еңбек ету үшін келгендей ой қалдырады. Талас-тартыстан тұратын саясат сахнасында   қанша талантты, іскер болғанымен азаматтық ойы, адамзаттық көзқарас пен парасаттылықты қатар алып жүру екінің біріне бұйыра бермейтін қасиет. Ол кісінің өз ұстанымы, еліне, қызметіне адалдығы қайраткерлік болмысынан деп білемін. Тіршілік сапарында адам не көрмейді? Адам қоғамда жасайды екен, басына талай іс түсіп, талай іс кетеді, бірақ, сондай сәтте жаныңнан адал дос, серіктес табылғанға не жетсін? Досың көп болса – өрісің кең дейді қазақта. Бекең дәл сондай адал достың бірі болған адам. Топырағың торқа, жаның жәннатта болсын абзал жан. Фәни ғұмырдағы игі істерің бақи өміріңде сауабыңа жазылсын деп тілеймін. Жарқын бейнең жүректе мәңгі сақталады..

Серікжан СЕЙТЖАНОВ,
бизнесмен, меценат

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Директор – Нұрбол ОРЫМБАЕВ. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.

Другие материалы в этой категории: « Тұғыры биік тұлға Әлеуетті әкім »