КІТАП ОҚЫҒАННАН ЖАМАН БОЛҒАН ЖОҚПЫЗ

Вторник, 02 Апрель 2024 06:35 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 116 раз

Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында интернетті талғамсыз пайдалану бала тәрбиесіне теріс ықпал етіп жатқанын, өкінішке қарай, бүгінде балалар түгілі, ата-аналардың да әлеуметтік желідегі мағынасыз контентке тым әуестеніп кеткеніне қынжылысын білдірді.

 

Президент жастарды кітап оқуға баулу, жаппай кітап оқитын ұлтқа айналу жайына тоқталды. Расында да, бұл өте өзекті мәселе. Кеңес одағының тәлім-тәрбиесімен өскен буын жақсы біледі, ол кездің жастары кітапқұмар болып өсті. Жастың да, қарттың да қолынан кітап түспейтін. Кім болып қызмет етпесін, мейлі малшы, мейлі қойшы, механизатор, интеллигент болсын, көркем әдебиетке құмарлық, қызығушылық зор болатын. Бір-бірінен кітапты сұрап та, көрсетпей де ала кетіп, жата-жастана оқитын кездер өтті. Кітап оқығаннан жаман болған ешкім жоқ.
Қазір заман оңалды. Тахнология қарыштап дамып келеді. Есесіне кітапқа деген қызығушылық кем. Бала тұрмақ ата-анасы, тіпті олардың ұстаздарының өзі кітап оқымайтынын көзіміз көріп жүр. Өзі кітап оқымайтын ұстаз не ата-ана баладан кітап оқуды қалай талап етеді?
Еліміз дамыған мемлекеттердің қатарына қосылуы үшін экономикалық жетістіктер аздық етеді, бізге озық ой керек.
«Озық ойлы ұлт болудың ең төте жолы – кітап оқу. Сондықтан кітап оқу мәдениетін қоғамда барынша орнықтыруымыз керек» деді Мемлекет басшысы.
Президент кітапхана ісін дамытуға бей-жай қарауға болмайтынын, кітап оқырманға қолжетімді болуы керектігін де айтып, Құрылтай мүшелерінің Ұлттық кітап күнін белгілеу туралы ұсынысын қолдайтынын жеткізді.
Есте болса, Қасым-Жомарт Кемелұлы былтыр Түркістанда өткен құрылтайда елімізде тәулік бойы жұмыс істейтін заманауи кітапхана салу туралы айтқан болатын. Президент бұл саланы жетілдіру үшін басқа да ауқымды шараларды қолға алу қажеттігін айта келе, облыс әкімдеріне осы жақсы тәжірибені жалғастыруды тапсырды.
Өзім кітапханада жұмыс істейтіндіктен, Мемлекет басшысының жастарды кітап оқуға баулу, кітапхана ісін дамыту туралы мәселеге ерекше көңіл бөліп отырғаны мені қуантты.

Жадыра ОРАЗӘЛИЕВА,
Шымкент қалалық жасөспірімдер
кітапханасының маманы

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.