АРУЛАРДЫҢ ЕРЛІГІ ДӘРІПТЕЛДІ

Вторник, 02 Апрель 2024 06:38 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 280 раз

Шымкент қалалық қуғын-сүргін құрбандары музейі «Ерлік» бөлімі мен С.Рахымов атындағы «Жас ұлан» мектебінің ұйымдастыруымен «Сыйынар ем ана деген тәңірге» атты кеш өтті. Жиын «Жас ұлан» мектебінің тәрбиеленушілері, болашақ Отан қорғаушыларға кешегі өткен тарихымызды дәріптеу мақсатында ұйымдастырылды.

 

Басқосуға Шымкент қалалық ардагерлер кеңесінің алқа мүшесі Шарапат Құрманбекова, С.Рахымов атындағы «Жас ұлан» мектебінің бастығы, полковник П.Орынбеков қатысты. Жиын барысында Ұлы Отан соғысы жылдарында оңтүстікқазақстандық әйелдердің ерлермен бірдей майданға аттанып, Отан үшін от кешкені баяндалды. Шарапат Қожахметқызы жастарға өнегелі әңгімесін айтып, мәнді естеліктерімен бөлісті. «Ерлік» бөлімінің қызметкері Айгүл Садыққызы Ұлы Отан соғысы жылдарындағы оңтүстікқазақстандық әйелдер жайында, оның ішінде әскери фельдшер Рәзия Ысқақова, аға лейтенант Лейля Тобағабылова, 1006-шы авиаполкі 148-дивизияның барлаушысы Ольга Афаганова, радиотелеграфшы Анна Шаляның өмірі мен ерлігі жайлы баяндады.
Ресми деректерге сүйенсек, соғысқа сұранып хат жазған қазақ қыздары көп болған. Мысалы, 1941 жылы Әскери комиссариаттарға Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша 12 мыңдай арудан соғысқа баруға өтініш түскен. Ал, 1942 жылы Қазақстанда құрылған 34-ші жеке әйелдер ротасының 300-ге тарта аруы Курс майданында шайқасқа қатысып, ерлік көрсетті.
Жиын соңында «Жас ұлан» мектебінің шәкірттері қонақтарға сауалдарын қойып, кеш концерттік шараға ұласты.

Айгүл БЕРДІҚҰЛОВА,
Шымкент қалалық
қуғын-сүргін құрбандары музейі «Ерлік» бөлімінің кіші
ғылыми қызметкері

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.