ҰРПАҚ ЖӘНЕ ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚ Избранное

Среда, 03 Апрель 2024 04:23 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 210 раз

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында аға буынға үлкен аманат жүктеді. «Аға буын жас ұрпаққа жол нұсқап, бағыт-бағдар беруі керек. Елімізде көзі ашық, көкірегі ояу, ойы ұшқыр, білімді жастар көп. Біз олардың бойына асыл қасиеттерді сіңіруіміз қажет» деді. Бұл орайда Шымкент қалалық Ардагерлер кеңесі мен «Ұлттық құндылықтар Академиясы» қоғамдық бірлестігі Шымкент қалалық филиалы өскелең ұрпақтың бойына атадан балаға мирас болып келе жатқан тілі, ділі, салт-дәстүрі, әдебиеті мен өнері дейтін асыл қасиеттерді сіңіруде көп жұмыс атқарып келеді.

4BET

 

Жуырда аталған екі ұйым Шымкент қалалық білім басқармасымен бірлесе №66 «Қазығұрт» жалпы білім беретін орта мектебінде «Заманауи тәрбие әлемі. Ұлттық құндылықтар. Ұрпақтар сабақтастығы» тақырыбында әдістемелік-тәжірибелік семинар өткізді. Оған қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы К.Төлебаев бастаған ардагер ағалармен бірге, «Ұлттық құндылықтар Академиясы» қоғамдық бірлестігі Шымкент қалалық филиалының басшысы Ә.Көздібаева, қалалық Аналар алқасының төрайымы Г.Алтыбаева бастаған Әжелер алқасының мүшелері, ғалымдар, білім басқармасының өкілдері, мектеп директорлары, тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасарлар, ата-аналар қатысты.
Семинар жұмысы үш ұрпақ сабақтастығы аясында өтіп жатқандай әсер қалдырды. Атап айтқанда, жас буын білім алушылар семинарға қатысушыларды мектеп ауласында қазақи салт-дәстүрлермен, дүбірлеген дауылпаз үніменен, мың бұралған «Қара жорға» биіменен қарсы алу сәті зиялы қауым және аға буын өкілдерін шаттыққа бөледі. «Қалалық батагөй аталар сайысы-2024» сайысының жүлдегері Сембек ата мектеп ұжымына ақ батасын берді.
Мектеп вестибюліне арнайы қойылған киіз үйдің жанында домбырашылардың ән-күйлері толассыз ойнап тұрды. Киіз үйдің ішінде мектеп мұғалімдері қойған «Ұрын бару» атты ұмыт болған ұлттық дәстүрді жаңғыртқан қойылымдары көрермендердің көңілінен шықты.
Семинардың ашылу салтанатында Шымкент қалалық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Кенжехан Төлебаев өркениеттің алтын белдеуі – бабалар ілімін ұлықтаудың маңыздылығын айтып, өскелең ұрпақ тәрбиесінің өзекті мәселелеріне айрықша тоқталды.
–Қалалық Ардагерлер кеңесі 5 бағытта жұмыс істеп, жақсы нәтижелерге қол жеткізуде. Сол бағыттардың бірі «Білім» салалық орталығы бүгінгі таңда әлеуметтік маңызы бар жобаларды жүзеге асыруда. Атап айтқанда, Ардагерлер ұйымы 2023-2024 оқу жылында Шымкент қалалық білім басқармасымен бірлесе отырып жүзеге асыруға атсалысуда. Ардагер ұстаздардың жастарды қолдауға бағытталған жобалар мен бағдарламаларды іске асырудағы ақпараттық-әдістемелік көмек көрсете алуы көңіл қуантарлықтай. Ардагерлер өңірдегі білім мекемелерімен, мемлекеттік және үкіметтік емес ұйымдармен бірлесе ауқымды іс-шаралар ұйымдастырып, жұртшылықтың көзайымына айналуда, – деді ол семинар қатысушыларына арналған құттықтау сөзінде.

4BET-1


Шымкент қалалық білім басқармасы қосымша білім беру орталығының бөлім басшысы А.Сүлейменова балалардың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіруде Ардагерлер кеңесі жанындағы «Ардагер ұстаздар», «Әкелер мектебі», «Аналар алқасы» топтарының және республикалық «Ұлттық құндылықтар Академиясы» қоғамдық бірлестігінің еңбегі зор екенін атап өтті.
Семинарда ұрпақтар сабақтастығы, мектептегі тәрбие жұмысын ардагерлер ұйымымен бірлесе ұйымдастырудың тиімділігі аясындағы маңызды тақырыптар талқыланды.
Жиында Ұлттық құндылықтар Академиясы Шымкент қалалық филиалының басшысы, ҚПА профессоры Ә.Көздібаева мен Түркістан облысының қоғамдық-саяси тарихының мемлекеттік архиві директоры, заң ғылымдарының магистрі Г.Шардарбекова «Заманауи зерттеулер. Ұлттық құндылықтар. Тарихи тағлымдар» атты авторлық бағдарламаларын таныстырып, ұлттық құндылықтарды білім беру жүйесіне енгізудің басым бағыттарын атап өтті.
Бағдарламаның мақсаты белсенді, озық ойлы, ақыл-парасаты мол, қоғам дамуына белсенді үлес қосатын көшбасшы жастарды тәрбиелеу. Жоба авторлары осы бағытта өңірдегі білім мекемелерімен бірлесе жұмыс істеуге әзір екендерін жеткізді.
–Осы ретте ұлттық құндылықтарды қалай жүйелеген оңтайлы болады деген заңды сұрақ туындайтыны ақиқат. Бұл сауалдың жауабын қазақстандық ғалым, Ұлттық құндылықтар Академиясы қоғамдық бірлестігінің басшысы Ә.Дүйсебек зерттеулерінен қарастыратын болсақ, ұлттық құндылықтар 8 бағытта жүйеленген. Олар «Адам», «Отбасы», «Отан», «Мемлекеттік тіл», «Руханият», «Құнды білім», «Еңбек», «Табиғат». Автордың еңбегінде әрбір құндылық дараландырылып, ішкі жүйе құраушылары аталып, олардың мәні ашылып көрсетілген. Осылайша Ұлттық құндылықтар Академиясы қоғамдық бірлестігі ұсынған жүйе «Әділетті Қазақстан. Адал азамат» идеясын жүзеге асырудың барлық салаларын кешенді және өзара сабақтастықта қамтиды деп дәйектеуге әбден болады, - деп ой түйіндеді өз баяндамасында Ә.Көздібаева.
Семинарға қатысқан зиялы қауым өкілдері тарих ғылымдарының кандидаты – доцент Ш.Нартбаев, PhD докторы Ұ.Қонақбаева Ұлы дала ілімін ұлттық тәрбиенің қайнар көзі ретінде ғылыми тұрғыдан дәйектеді. Ал, Шымкент қалалық білім басқармасына қарасты Жастардың уақытын тиімді ұйымдастыру орталығының директоры Ж.Әлжанова «Құндылықтарға негізделген тәрбие арқауы – шығармашылыққа баулу» тақырыбында ой бөлісті.
Бұл күні №66 «Қазығұрт» жалпы білім беретін орта мектептің білім алушылары семинар қонақтарына ғылыми жоба жарыстарындағы үздік жұмыстары мен қолөнер бұйымдары көрмесін ұсынып, интеллектуалдық сайыстардағы жетістіктерін көрсетті.Мектеп мұғалімдері коучинг, тренингтермен тәжірибе алмасты.
Осы ретте келелі тақырыпты қозғаған семинардың өскелең ұрпаққа берері көп болды деп сеніммен айта аламыз. Осы мектептің кітапхана, робототехника, дефектолог, логопед кабинеттері, қылқалам шеберлеріне жасалған мүмкіндіктері мен спорт залының заманауи үлгідегі жабдықталуы көпшілік көңілінен шықты.
Осылайша аға буын өкілдері мен жас ұрпақтың басын қосқан іс-шара тағлымға толы болды. Семинар соңында Шымкент қаласы Тұран ауданы әкімінің орынбасары Асылжан Дәулетханұлы қорытынды сөз сөйлеп, ұлттық құндылықтарды жоғары деңгейде ұлықтаған мектеп ұжымына барша қатысушылардың атынан алғыс айтты. Ал, белгілі ардагер ұстаз Иманәлі Бегалы жиналған қауымға батасын беріп, ақ тілегі мен ізгі ниетін білдірді.

Салтанат ЖАМАЛДИНОВА

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.