ЖҰДЫРЫҚТАЙ ЖҰМЫЛАТЫН КЕЗЕҢДЕ ТҰРМЫЗ Избранное

Среда, 03 Апрель 2024 04:25 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 154 раз

Өткен жылдың соңы мен биылғы көктем елімізге ауыр сынақ әкелді. Ғалымдар адамдар өзгеріп барады дейді. Табиғат та шәлкем-шалыс келіп тұр. Арқада қарашаның аяғында жаңбыр жауып, артынша қасат қардан сірескен мұз басып қалды. Тебіндегі жылқының тұяғы кертілді. Мыңдаған жылқы жем-шөпке жарымай, аязда қатып қалды. Жұт деген осы шығар.

SuAlu-1

 

Енді күн күрт жылынып, қыстағы сүр қар тез еріп, көп өңірде ауыл-аймақты су басып қалды. Аллаға шүкір, адам шығыны жоқ. Әйтсе де өрістегі малдың, алды Ойсылқара тұқымы болып, мойны қылтылдап қарғын суға ағып бара жатқаны жүрек ауыртады.
Әлеуметтік желіні ашып қалсаң үй-жайы, мал-мүлкі суға кетіп, шарасыздықтан күйінген жұрттың жанайқайын естисің.
Расында, өте күрделі жағдайда тұрмыз. Үкімет қазіргі кезде Қазақстанның он облысын су басу қатері барын айтып отыр. Жеті облыста төтенше жағдай жарияланды. Мемлекет Басшысы бірнеше облыс әкіміне қызметіне толық сәйкес келмеуіне байланысты ескерту берді.
Бұл елімізде бірінші рет болып жатқан жағдай емес. Жылда қайталанып келе жатқан қатерден әкімдердің сабақ алмағандығы осы жолы қатты көрініп қалды. Бейқамдық танытқан. Су тасқынына дайындық жоқ. Дамбылар толық бекітілмеген. Ауыл-ауылды басып қалған қалың қар уақытында сыртқа шығарылмаған.
Апаттық зардабы қандай болатынын Оңтүстік жұрты жақсы біледі. Жаңылыспасақ, 2008 жылы Келес ауданы, Қызыл әскер ауылында екі мыңға жуық үй су ортасында қалып қойған. Тасқын суға кетіп бара жатқан адам, малды құтқару үшін әкімдік қызметкерлері, қарапайым азаматтар суға секірді. Сол кездегі облыс әкімінің бірінші орынбасары Ислам Әбішев күн-түн керзі етігі күрпілдеп қиналған халықтың ішінде жүрді. Дер кезінде төтенше жағдай жариялатып, Үкімет екі мың отбасыға қызыл кірпіштен үй тұрғызып берді.
Бұрнағы жылы Өзбекстандағы Сардоба су қоймасы жарылып, Мақтаарал ауданының бірнеше ауылы қарғын су астында қалды. Екі оқиғаның да ортасында жүрдік, білген соң айтып отырмыз.
Сол кезде де Үкімет сыртта қарап қалған жоқ. Зардап шеккен тұрғындарға керіскедей үй салып, мал-мүлкін түгендеп берді. Арыста оқ-дәрі сақтайтын қойма жарылып, ел босып жатқан өңірге Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі келіп, тұрғындарды сабырға шақырды. Снаряд тескен, жарылған барша үй, ғимараттар анықталып, жаңасы салынды.
Бұл жолы да солай болары сөзсіз.
Су шайған өңірлерге Үкіметтен бөлек халқымыз да тоқтаусыз көмек беріп жатыр. Сын сағатта қоғам белсенділері де сырт қалып жатқан жоқ. Блогер Рысбала Икрамбай қарындасымыз өз қаржысы мен тілеулес жандардың көмегін қосып бір КамАЗ керекті дүние жөнелтті. Шымкентте де волонтерлар мен белсенділердің көмегімен зардап шеккендерге гуманитарлық, қаржылық көмек жиналуда. Еріктілердің алды су шайған өңірлерге аттанып кетті.

Sport-2


Парламенттегі әріптестеріміз де қазір толарсақтан су кешіп, қиналған халықтың арасында жүр. Өзеуреген біреулер Аmanat партиясы қайда қарап отыр деп өңешін созады. AMANAT партиясы осылар. Мақсат Толықбай Ақтөбеде, Нартай Аралбайұлы Батыс Қазақстан облысында жүр. Сергей Понамарев Сарыарқаның топан су басқан аймақтарында жүр.
Мақсат Толықбай: «Күндіз-түні Ақтөбе облысындағы үйі суға кеткен ағайынның қасында жүрміз. Шынын айтқанда, бірдеңе деп пост жазуға мұрша жоқ. Жағдай қиын. Құр жүрген жоқпыз. Еріктілерге рақмет! AMANAT партиясы тарапынан қолдан келгенше көмек көрсетіп жатырмыз. Қазір бастысы адам шығыны болмасын деп тілейікші. Берсиев сияқты ауылдарды толық қызыл су шайып кетті. Қорқынышты. Тұрғындар мектептің екінші қабатында отыр. Тікұшақ қонатын жер жоқ»-деген.
Құдай оңдағанда тікұшақ қонатын жер табылыпты. Су шайған өңірден тұрғындар қауіпсіз жерге көшірілген.
Торғай облысынан да мазасыз сұрақтар келіп жатыр. Белгілі журналист, осы өңірдің қызы Анар Тілеухан Арқалық, Амангелді, Жангелдин ауданындағы кейбір елді мекеннің халқы босып кеткенін айтады.
Мемлекеттік материалдық резерв қоры неге көмек бермейді деп налиды. Ауылдарда құм салатын қапшық, резеңке етік, жарық қылатын шамдарға жетіспеушілік болып жатыр екен.
Орынды сауал. Бірақ, олар да «күл болмасаң бүл бол» деп қарап отырмаған екен.
«Қазақстан халқына» қоғамдық қоры Қазақстанның бірқатар өңірлерінде жалпы сомасы 5 миллиард теңгеге су тасқыны салдарынан зардап шеккен үйлердің құрылысына қолдау көрсетеді» деп хабарлады қордың баспасөз қызметі.
Қор тарапынан Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қазақстан Үкіметінің су тасқыны жағдайын тұрақтандыруға бағытталған барлық шараларын қолдайтыны айтылды.
Осындай көмектен барша кәсіпкерлеріміздің, ауқатты азаматтардың, жекелеген мекемелердің, қарапайым азаматтардың қарап қалмайтындығы түсінікті.
Әйтсе де, осындай сәтті пайдаланып, өртеніп жатқан үйдің жалынына сойған қойының бас-сирағын үйітіп алатындар бүгінде де табылмай жатқан жоқ. Киіктің киесі ұрды дейді бірі. Басына сәлде ораған біреу осының бәрін халықтың зекет пен пітір садақасын бермеуінен деп отыр...
Қазіргі жағдай көсемситін емес, жұдырықтай жұмылып қиындыққа тап болған жұртқа болысатын кез.
Су тасқыны жағдайының күрделенуіне байланысты Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің жедел тобы Ақмола облысына жетіп, қазіргі таңда, Аршалы ауданы Талапкер, Жартыкөл, Қостамар, Жібек жолы ауылдарында және Анар станциясында су тарту жұмыстарын қарқынды түрде жүргізуде. Жұрт алғысын айтып жатыр.
Бұл - шымкенттік көмектің басы ғана. Осы жағдайға байланысты республикалық штаб барлық жұмыстарды үйлестіріп жатыр.
ТЖ аймақтарынан барлығы 11 306 адам эвакуацияланды. Уақытша орналастыру бекеттерінде 5 456 адам бар. Су шайып кеткен 40 автожолды, көпірді және 39 жол төсемін қалпына келтіру жұмыстары бақылауға алынды. Көлік қатынасы тоқтап қалған елді мекендермен байланыс орнатылып, әкімдіктер азық-түлік пен дәрі-дәрмектің қажетті қорларын дайындады. ТЖ аймақтарындағы халыққа көмек көрсету тәулік бойы, оның ішінде әуе кемелерінің көмегімен жүзеге асырылуда. Жұмысқа 7 мыңнан астам адам, 2 мыңнан астам техника, оның ішінде су айдау құралдары, жүзу және әуе кемелері тартылды.

SuAlu


Су қоймалары мен өзендердегі жағдайға мониторинг жүргізілуде. Қазіргі уақытта Ақтөбе, Сазды, Ащысу, Жартас су қоймалары транзиттік режимде жұмыс істеп тұр, белсенді түрде су жіберу жүзеге асырылуда. Қарғалы су қоймасы жинақтау режимінде. Әкімдіктер су тасқынының қаупі жоғары өңірлерде алдын алу шараларын жүргізіп жатыр. Қажет болған жағдайда қосымша күштер мен құралдар жіберіледі.
ТЖ салдарынан қираған үйлерді қалпына келтіру жұмыстары мен салуға ҚР Үкіметі мен жергілікті атқарушы органдардың резервтерінен қаражат бөлінетін болады. Үйі апатты деп танылған зардап шеккен азаматтардың тізімін жергілікті әкімдіктер жасайды.
Республикалық штабтың алғашқы отырысында ҚР Президенті Қ.Тоқаев дер кезінде жасалмаған жұмыстар үшін халықтан кешірім сұрады. Әйтсе де бұл біздің басымызға ғана келген нәубет емес. Сабырлылық керек. Қарғын су кәрі Еуропаны жыл сайын шайып, елін дүрліктіріп жатады. Қазірдің өзінде Ресейдің 23 аймағы су астында қалды. Яғни, қиындық баршамызға ортақ. Сондықтан, артқа тартқан кер сөзді қойып, нақты іспен айналысу керек.
Жалпы, елдегі аймақтарда зардап шеккендерге көмек жинау пункттеріне 20 мың волонтер жұмылдырылды.
Соңғы ақпарат бойынша 12 701 адам, оның ішінде
4728 бала эвакуацияланды. Уақытша қоныстану пункттерінде 6 461 адам, оның ішінде 2 570 бала бар.
Төтенше жағдай басталғаннан бері 4,2 млн м³-тан астам еріген су сорылды.
Мемлекет Басшысы уәде еткендей тасқыннан зардап шеккен барлық отбасы жаңа үй-жайлы болады. Мал-мүліктің де орны толар. Бастысы, жан аман болсын...

ҚҰРМЕТТІ ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНДАРЫ!
ҚҰРМЕТТІ ОТАНДАСТАР!

Өздеріңізге белгілі, қазір Қазақстанның бірқатар өңірлерінде төтенше жағдай жарияланған. Ақтөбе,
Ақмола, Қостанай, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақ-стан және Павлодар облыстарында су тасқыны болды.
Мемлекеттік органдар өз өкілеттіктері аясында және су тасқынына қарсы іс-қимыл жөніндегі нормативтік-құқықтық актілерге сәйкес су тасқынының зардаптарын жоюға және жаңа су тасқынының алдын алуға бар күш-жігерін салуда. Жағдай
Қазақстан Республикасының Президенті
Қасым-Жомарт Тоқаевтың жеке бақылауында. Зардап шеккендерге гуманитарлық, қаржылық көмек және психологиялық қолдау көрсетіледі. Сонымен қатар, табиғи апаттар орын алып, соның салдарынан дүние-мүлкінен, үйінен, малынан айырылғандарға, зардап шеккендерге жан-жақты көмек көрсету – әрқайсымыздың парызымыз.
Біз бизнес қауымдастықтарды, шағын және орта бизнес өкілдерін отандастарымызға көмек қолын созуға шақырамыз. Қайырымдылық алаяқтардың қолына түспей, зардап шеккен әрбір отбасына дер кезінде жетуі үшін қаржы ресурстарын «Демеу Қазақстан қоры» ресми корпоративтік қорына жіберуді сұраймыз.

kor