ӨТКЕННЕН – МҰРАҒАТ, ҰРПАҚҚА – АМАНАТ

Среда, 15 Май 2024 06:29 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 350 раз

Соғыс – күйретуші күш! Дәл солай. Барды жоқ ететін, тауды жер ететін. Жер бетіндегі тіршілік атаулының бәрін жалмап жұтатын ажал. Сол қанды кезеңді еске түсіріп, елестететін газет-журнал материалдары немесе радиотелехабарлар, кинолар аталар ерлігін бізге жеткізді.

 

Бүгінгі таңда Түркістан облысы мемлекеттік архивінде 5 жеке архив және 10 топтамадан құралған 15 қор жинақталған. Оның ішінде 290-нан астам қор құрушылардың құжаттары топтастырылған. Соның ішінде, жастар мен зерттеушілердің ерекше қызығушылығын оятатыны – «Кеңес Одағының батырлары» және «Оңтүстік Қазақстан облысының 1941-1945 жылдары Ұлы Отан соғысына қатысушылары» топтамалары. Мұнда оңтүстік өңірінен Ұлы Отан соғысына қатысқан 95 азаматтың құжаттары жинақталған.
«Ер есімі – ел есінде» демекші, бізге жарқын болашақ, бақытты ғұмыр сыйлаған аталар, апалар ерлігі ешқашан ұмытылмайды. Солардың қасиетті рухы бүгінгі бейбіт тірлігімізге таң нұрындай мәңгі шуағын шашпақ. Отан үшін отқа түскен ардагерлерді үлгі ету, ұлықтап, келер ұрпаққа насихаттау – жүрегінде отансүйгіштік сезімі ұялаған әрбіріміздің парызымыз. Осы орайда, Түркістан облысы мемлекеттік архивінде әр жылдары «Өлке жастары – отты жылдарда», «Кеңес Одағының батырлары – шымкенттіктер», «Қазақстандықтар – Сталинград шайқасында», «Отанын қорғаған қаһармандар» кітапшалары жарық көрген. Жыл сайын мереке күні қарсаңында ардагерлермен кездесу кештері ұйымдастырылып, жеке тектік қор құжаттарынан фотокөрмелер жасалынып келеді.
Жеңіс күні – бәріміз үшін айрықша қымбат, қасиетті мереке. «Елдің көркі ерімен, Отан көркі жерімен» дегендей, ел басына қатер төнген жылдары кеудедегі шыбын жаны шыққанша жаумен жаға жыртысқан батыр аталарымыз аз емес. Қазіргі таңда Түркістан облысында 3654 соғыс ардагері мен оларға теңестірілгендер тұрса, соның 11-і – Ұлы Отан соғысының қатысушысы, 121 адам – Ұлы Отан соғысына қатысушыға теңестірілгендер, 3522 адам – тыл еңбеккерлері екен. Жыл өткен сайын қатары азайып бара жатқан майдангерлердің есімдері ұмытылмай, келер ұрпақтың есінде жатталып қалуы керек.

Айдын ИСАТАЕВА,
Түркістан облысы мемлекеттік архивінің басшысы

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.