ХАЛЫҚ ЖҮРЕГІНДЕГІ ҚАҺАРМАН Избранное

Среда, 29 Май 2024 05:25 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 292 раз

25 мамырда Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Қорғаныс министрі, Кеңес Одағының Батыры Сағадат Нұрмағамбетовтың туғанына 100 жыл толды. Осы күнге орай Шымкентте «Ерлік» мұражайында «Өресі биік өр тұлға» атты іс-шара өтті.

Sabirr

 

Іс-шараға жиналғандар алдымен батыр туралы кітаптар, оның фотосуреттері мен құжаттарының көшірмелері қойылған көрмені тамашалады.
Жиын барысында ҚР Қарулы Күштер ардагерлері қалалық кеңесінің төрағасы, отставкадағы полковник Серікбай Оңбаев кіріспе сөз сөйлеп, Сағадат Нұрмағамбетов және оның Қазақстан тарихындағы рөлі туралы айтты. Іс-шараны «Ерлік» мұражайының кіші ғылыми қызметкері генерал Нұрмағамбетовтің өмірбаяны мен ерлік жолы туралы баяндама жасады. Сонымен қатар жиынға қатысушылар, ҰОС қатысушыларының ұрпақтары сөз сөйлеп, мектеп оқушылары өлең оқып, 35748 әскери бөлімінің солистері мен оркестрі патриоттық әндер орындады.
Сағадат Нұрмағамбетов 1924 жылы 25 мамырда Ақмола облысы, Еңбек ауылында өмірге келген. 1942 жылы өз еркімен Қызыл армия қатарына шақырылып, Түрікменстанның Кушка қаласындағы əскери училищеде оқып шығып, 1943 жылдың сəуір айында лейтенант шенінде Ұлы Отан соғысына аттанады.
Майдан шебінде екі жыл бойы пулемет взводының, кейін пулемет ротасының командирі, 5-екпінді армияның ІІ дəрежелі Суворов орденді 301-Донецк атқыштар дивизиясының 1052-атқыштар полкі құрамында батальон командирі лауазымында жауға қарсы соғысады. 1945 жылы 27 ақпанда Польша аумағында жаудың күшті бекіністі қорғанысын бұзып өту кезінде қолбасшылықтың тапсырмаларын үлгілі орындағаны үшін, сонымен қатар ерлігі мен батырлығы үшін оған Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.
1945 жылы С.Қ. Нұрмағамбетовтың қарамағындағы батальон жауға ойсырата соққы беріп, Берлинге басып кіреді. Қызыл Армия жауынгерлері кескілескен айқастың нәтижесінде неміс фашизімін тізе бүктіріп, жеңіске жетеді.
Генерал Сағадат Нұрмағамбетов бейбіт уақытта да әрдайым ел тарихының алдыңғы шебінде жүрді. Қазақ елі тәуелсіздігін алған соң, ол туған елінің қауiпсiздiгi мен қорғаныс саласын нығайтуға бар күшін салды. 1991 жылы ҚР Президентінің Жарлығымен Қазақ КСР Мемлекеттік қорғаныс комитетінің төрағасы, 1992 жылы ҚР Қорғаныс министрі болып тағайындалған. 1995 жылы қарашада армия генералы атағымен отставкаға кетті.
Сағадат Нұрмағамбетов 2013 жылдың 24 қыркүйегінде 90 жасқа қараған шағында өмірден озды.
Аты аңызға айналған тұлға, тарихта өзіндік із қалдырған генерал Нұрмағамбетовтің өмір жолы мен жетістіктері бүгінгі ұрпаққа үлгі-өнеге.

Лилия АГМЫСОВА,
Шымкент қалалық саяси қуғын-сүргін құрбандары музейі
«Ерлік» бөлімінің қызметкері

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.

Другие материалы в этой категории: « Көрікті көргенсіз бе? МАҚСАТ – ТАЗА ҚОҒАМ ҚҰРУ »