Әлімжан ҚҰРТАЕВ,
«Нұр Отан» партиясы ОҚОФ төрағасының бірінші орынбасары:
– Президентіміздің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты жарияланған мақаласын еліміздің жарқын болашағын айқындаған тұғырнама деп қабылдадым. Қазір әлем көз алдымызда өзгеріп жатыр. Дүние диірменнің тасындай, шыр айналып, құмсағаттай құбылып тұр. Осындай жаһандану жағдайында елдік тұтастықты сақтай отырып, Елбасымыз дамудың негізгі алғышарты жаңа тарихи кезеңнің басталғанын сезіндірді. Президентіміз айтқандай, біз жаңғыру жолында бабалардан мирас болып, қанымызға сіңген, бүгінде тамырымызда бүлкілдеп жатқан ізгі қасиеттерді қайта түлетуіміз керек. Жастарды мақсатқа жету жолында білім алу, кәсіби тұрғыдан жетілу, салауатты өмір салтын ұстану бағытында тәрбиелеу – аға буынның парызы. Ол үшін жас буынды ұстамдылық, қанағатшылдық пен қарапайымдылық, үнемшілдік, отансүйгіштік және бәсекеге қабілетті, ғаламдық технологияға қуатты етіп қалыптастыруымыз қажет. Рухани жаңғыру заман талабына берілген лайықты жауап, елді өркендету, даму жолындағы теңдессіз мүмкіндік деп түсінемін.