Жеңіс жолындағы ерлік дастаны

Среда, 08 Май 2019 04:12 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 3805 раз

...1945 жыл. Берлин. Рейхстагқа Жеңіс туын тігу үшін қиян-кескі соғыс жүріп, сарбаздарымыз жаумен жанқиярлықпен соғысып жатты. Талай жауынгердің қаны төгіліп, өмірі қиылды. Бірақ Кеңес әскері табандылық танытып, жеңіске жетті. Осы тарихқа куә болып, Берлинде Жеңіс тойын тойлағандар қатарында шымкенттік Дәрменбек Садыбаев қария да болды.

ардагер ата 1

Дәрменбек Садыбаев 1923 жылы Түркістан қаласында туған. 1941 жылы әскерге шақырылғанда ол небәрі 18 жаста болды.

– Соғыс басталғанда комсомол билетімен шақырды да военкоматқа да емес, аудан орталығынан тіке соғысқа аттанып кеттік, - деп бастады әңгімесін Дәрменбек қария.

– №408 атқыштар полкінің құрамында Дон өзені жағалауында майдан шебіне жіберді. Ары қарай Белоруссия, Украина, Польшаны азат етуге қатыстым. «Соғыстық» деп қазір әңгімелеп айтамыз.

Бірақ, қан майданда қар кешіп, мұз жастанып, жан алып-жан беріп шайқасқан күндер еске түскенде жүрек шымырлап қоя береді. Жаудан қалаларды азат еткенде әр адым жерде қаншама адам қырылды. Берлинді алуға қатыстым.

Рейхстагқа шабуылға қатыстым. Екі рет жараландым, - деп Дәрменбек ақсақал соғыстағы күндерін еске алды.

Батыр жаралы қолымен майдан шебіне қайта оралады. Соғыс даласында фашист танкілерінің көзін жоятын рота құрамында атқыш болады. Батылдық, қайсарлық қанында бар жауынгер жауға қарсы 4 жыл ерлікпен күреседі.

І дәрежелі «Ұлы Отан соғысы», «Қызыл жұлдыз» ордендері – осы ерліктерінің марапаты. Бұдан кейін де көзсіз ерліктері үшін майдангер талай рет марапатталды. Бүгінде кеудеге толған әрбір медаль-орденнің өз тарихы бар.

Дәрменбек Садыбаев туған өңірге 1947 жылы оралады. Елге келісімен жалындап тұрған азаматты Жамбыл облысының Красногор ауданына прокурор етіп қызметке тағайындайды. Жамбыл облысында прокуратура саласында жиырма жылға жуық абыройлы еңбек етіп, сосын Шымкентте адвокаттар алқасында төраға қызметін атқарады.

Еңбек жолын құқық қорғау саласына арнаған Ұлы Отан соғысының ардагері зейнеткерлік демалысқа шыққан соң да қоғамдық жұмыстардың басы-қасынан табылып жүрді.

Әл-Фараби аудандық заң кеңесінің төрағасы болған білікті басшы азаматтарға құқықтың кеңес беріп, тәжірибесімен бөлісіп, қаншама жас заңгерлерді тәрбиелеп шығарды.

Биыл Ұлы Отан соғысының ардагері Дәрменбек қария 96 жасқа толды.

– Соғыс жылдарынан кейін заң саласында еңбек еттім. Еңбектің жемісін тер төккен адам ғана көреді. Өз ісіңе адал, жан-жағыңдағы адамдарға жанашыр болып, қолдау көрсетіп жүру бағыңды еселендіріп, беделіңді асқақтатады. Дүрмекті кезеңнің дүбірі келмеске кеткенмен, зары өшкен емес, зардабы өшпек емес.

Ол жылдардың жүрекке түскен жарасы, көңілде қалған наласы қаншама. Сондықтан бейбіт күннің қадіріне жетейік. Бір ғасырдың куәсі болдық. Ашаршылықтың дәмін сездік, соғыстың зардабын көрдік. Қазақстанның тәуелсіздігінің атқан таңын көруді де Алла маңдайымызға жазыпты. Ендігі арман ұлтымыздың татулығы мен тыныштығы мәңгілік болса деймін, –деп қарт майдангер ақ батасын берді.

...Кешегі жауынгер, бүгінгі ата-әжелеріміздің жеңіске жетер жолда жасаған ерліктері біздің жадымызда мәңгі сақталып, дастандай жалғаса береді.

Айгүл КЕРІМҚҰЛОВА

2004жылы ОҚГА журналистика факультетін бітірген. Еңбек жолы «Шымкент келбеті» газетінде басталған. «Ұстаз жаршысы», «Денсаулық құпиясы», «Оңтүстік Рабат» газеттерінде, «Отырар» телеарнасында жұмыс істеген. 2017 жылдың тамыз айынан бастап  қалалық «Шымкент келбеті» саяси-қоғамдық газетінің тілшісі.