Рахымжан Үмбетжанов: «Шетелдік әріптестер бізге ассистент болды»

Среда, 15 Май 2019 04:32 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 3430 раз

Шымкентте трансплантолог-дәрігерлер тағы бір азаматтың бауырын алмастырған ота сәтті өтті. Осы кезге дейінгі оталар 13-18 сағатқа созылса, бұл жолы білікті дәрігерлер операцияны 5 сағат 48 минутта жасады.

роща трансплантологтар

Жергілікті мамандардың жетістігі

Күрделі отаны Шымкент қалалық №1 клиникалық аурухананың мамандары – бас дәрігер Абылай Донбай, трансплантолог-дәрігерлер Тайбек Садықов, Сәбит Байтеміров, Дәурен Қабылов, Ұлжан Мұханова және Рахымжан Үмбетжанов жасады.

Аурухананың №3 хирургия бөлімінің дәрігері Рахымжан Үмбетжановтың айтуынша, бұл жолғы емделуші 38 жастағы азамат 9 жылдан бері гепатиттің Б және Д түрімен ауырып келген. Алматыда және Нұр-Сұлтандағы ауруханаларда емделгенімен, кеселіне шипа табылмайды, ал Алматыда дәрігерлер трансплантация жасаудан бас тартыпты.

Шымкентте қиын отаның бұл түрін жасап жүрген білікті дәрігерлер туралы естіп, жолы қалалық №1 клиникалық ауруханаға түседі.

– Науқас бізде толық медициналық тексерілуден өтті. 1985 жылы туған жиені донор болды. Науқасқа ота жасамас бұрын денсаулығында кінараттар анықталды. Оның бауыр ферменттері жоғары еді. Сондықтан отаға дейін пациент ауруханада жатып, емделді. Білікті дәрігерлердің еңбегінің нәтижесінде науқасқа екінші өмір сыйладық деуге болады.

Ауруханамыздың бас дәрігері Абылай Дөңбайдың еңбегін атап өткім келеді. Ол бауыр мен бүйрек ауыстыру операциясын өз бетінше үйренген еліміздегі бірден-бір дәрігер, – дейді Рахымжан Үмбетжанов.

Бүйрегіңізге абай болыңыз!

№1 клиникалық аурухана базасында 2013 жылдан бері 145 бүйрек алмастыру отасы сәтті жасалған. Дегенмен, мамандардың дерегінше, бүгінде Шымкент қаласы бойынша 700 адам созылмалы бүйрек жетіспеушілігімен кезекте тұр. Ақ халаттылар олардың саны күн санап артып жатқанына алаңдаулы. Дерттің алдын алудың қарапайым жолын маман былай түсіндірді.

– Ең басты себебі ангинадан бастау алады. Бұл стрептококк қоздырушы қан арқылы бүйрекке жетеді. Сосын ағзада антитела бөлініп, инфекцияны жоюға әрекет еткенде, бүйректі зақымдайды. Мұны гломерулонефрит деп атайды. Қазіргі таңда біздің өңірдегі жастардың 70 пайыздан астамы созылмалы бүйрек жетіспеушілігіне шалдыққан.

Алдын алу үшін адам кішкене кезінен бастап, егер жылына үш рет тамағы ауырса, тез арада тамақ безін алып тастау керек. Әйтпесе, мұны соңы дертке ұласып, бүйректі алып тастайтындай жағдайға жеткізуі мүмкін.

Жеті адамға өмір сыйлады

Рахымжан Үмбетжанов мәйіттік донор мәселесін тағы қозғады. Трансплантологтар бір мәйіттік донор жеті адамды құтқарып қалады, дейді. Көз қарашығы, өкпе, жүрек, ұйқы безі, екі бүйрек және бауыр ауыстыруға қолайлы ағзалар қатарына жатады. Бауырды, тіпті, екіге бөліп, екі адамның өмірін сақтап қалуға болады, дегенді алға тартады.

– Біздегі өзекті мәселе – донорлық. Егер мәйіттік донор дамитын болса, күнде трансплантация жасауға дайынбыз. Сонда қаншама адамды өлімнен құтқарып, қаншама адам отбасына оралып, мемлекетімізге пайдасын тигізген болар еді, - дейді Рахымжан Үмбетжанов.

Өңірімізде аурухана базасында мәйіттік донор арқылы трансплантация бір рет қана жасалған. 2017 жылы 25 жастағы азаматша 7 шымкенттік тұрғынға өмір сыйлапты. Олардың барлығы бүгінде дәрігерлердің тұрақты бақылауында, денсаулықтары жақсы.

Шетелдіктер сенім артуда

Шетелдік азаматтардың шымкенттік дәрігерлердің көмегіне жүгінуі еліміздің медицина саласының негізгі жетістігі деп нық сеніммен айта аламыз. Трансплантологиялық операция жасайтын клиника заманауи медициналық құралдармен жабдықталған. Медициналық ұйымда 7 блоктан тұратын операция жасау бөлімі және бүйрек пен бауыр алмастыратын хирургия бөлімі бар.

Ал емделушілер үшін стационарда қосымша 45 төсек-орын қарастырылған. Күнделікті ауруханаға 200-250 науқас медициналық көмекке жүгінеді. Бастысы – мұндағы мамандар да білікті.

– Ауруханада трансплантация әлемдік деңгейде жасалады. Қазірдің өзінде Израиль, Австрия, Украинадан келген шетелдік азаматтардың азғасы ауыстырылды. Бұған қоса олардың келуіне біздегі кезектің аздығы және ота бағасының арзандығы себеп болуда.

Айта кететіні, біздің дәрігерлер туыстық донор арқылы да, мәйіттік донор арқылы да трансплантацияны жасай береді. Бірде итальяндық әріптестер ағза алмастыру бойынша шеберлік сабағын өткізуге келген болатын. Бірақ олар тек мәйіттік донор бойынша ғана жасай алатын болып шықты. Содан біз Елордадан Абылай Дөңбайды шақырдық.

Ол сол кездері Нұр-Сұлтан қаласындағы №1 ауруханада жұмыс істейтін. Сөйтіп, туыстық донор арқылы операция кезінде Абылай Әбдіжаппарұлына шетелдік әріптестер тек ассистент болғаны бар, – деді хирург-трансплантолог Р.Үмбетжанов.

...Сөз соңында дәрігердің мына сөзін айтпай кетпеуге болмас. «Өз басынан өткерген адам ғана денсаулықтың қадірін біледі. Таяуда ауруханада 1972 жылғы азаматтың бүйрегін алмастырдық. Науқас 12 жыл бойы күнара диализге баратын. Оған баласы донор болып, бір бүйрегін берді. Сөйтіп, он жылдан соң өздігінен дәрет сындырған әлгі азаматтың «Бақыт деген осы екен ғой» деген сөзі, бәлкім, көпшілікке ой салар».

Айгүл КЕРІМҚҰЛОВА

2004жылы ОҚГА журналистика факультетін бітірген. Еңбек жолы «Шымкент келбеті» газетінде басталған. «Ұстаз жаршысы», «Денсаулық құпиясы», «Оңтүстік Рабат» газеттерінде, «Отырар» телеарнасында жұмыс істеген. 2017 жылдың тамыз айынан бастап  қалалық «Шымкент келбеті» саяси-қоғамдық газетінің тілшісі.