Шымкентте алғашқы отбасы «Бақытты отбасы» бағдарламасы аясында баспаналы болды. Қуанышы қойнына сыймаған Мұсабаевтар отбасы жақында қоныс тойын атап өтті. Оған арнайы келген Тұрғын үй жинақ банкінің Шымкент қаласындағы филиалының басшылығы ақтілеу айтты.
Ақтолқын Төлегенқызы – алты перзентті өмірге əкелген батыр ана. Шымкент қаласындағы Ə.Бөкейханов атындағы №2 мектептің мұғалімі. «Күміс алқа» иегері. Отағасы Ербол екеуі үш ұл, үш қыз тəрбиелеп отыр. Өнегелі отбасының үлкені – студент, ал кенжесі екі жаста. Қиындықты да, қуанышты да бірге бөлісіп, көшіп-қонып жүріп, пəтер тауқыметін талай көргендерін айтады.
– Жаз айларында «Бақытты отбасы» бағдарламасының іске қосылатынын естіп, баспанамызға алғашқы қадамды сол күні жасадым. Депозит ашып, алғашқы жарнаны жинай бастадық. Шілдеде бағдарлама бастала салысымен көпбалалы отбасы санаты бойынша Шымкент қалалық тұрғын үй инспекциясы басқармасынан банкке жолдама алып, төлем қабілетімді растадым.
Көптен күткен келісім смс-хабарлама болып келді. Қуанышымызда шек жоқ. Шымқаланың қақ төрі саналатын, ең көрікті Нұрсəт шағынауданынан екі бөлмелі пəтерді жиһазымен 15 млн теңгеге тауып, банк арқылы алатынымызды ескерттік. Пəтер кілті қолымызға тиген күні екінші қызым, Аружанның грантқа оқуға түскені туралы қуанышты хабар да жетті. Бір күнде қос қуанышқа бөленіп, ерекше сезімде жүрдім. Сол күнгі бақытымды сөзбен айтып жеткізе алмаймын, - дейді қуаныштан көзіне жас алған пәтер иесі.
Ел аузындағы аңызда атақты Жиренше шешен ханның ордасына қонудан бас тартып, боз лашығына оралар екен. Лашығы тар болса да көңілі зор Жиренше «Қайран менің өз үйім, кең сарайдай боз үйім» деп шаттанады. Сол сияқты, өз үйінің болуы – отбасы тәуелсіздігі. Тұрғын үй құрылысы-жинақ банкінің Шымкент филиалы бөлімінің басшысы Нұрлан СҰЛТАНОВТАН «Бақытты отбасы» бағдарламасы жөнінде блиц-интервью алған едік.
– Нұрлан Темірбекұлы, табысы төмен отбасыларға баспана сатып алуға арналған несиелендіру бағдарламасы, оған кімдер қатыса алатыны туралы айтып берсеңіз.
– Бүгінде біздің алдымызда тұрған басты міндет – көпбалалы және толық емес отбасылардың баспаналы болуына барынша көмек көрсету. Ол үшін несие берудің жеңілдетілген шарттары жасалды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Nur Otan» партиясының ХVІІІ съезінде берген тапсырмасы бойынша «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында «Бақытты отбасы» атты жаңа бағыт маусым айынан бастап іске қосылды.
Бұл бағдарламаға төрт және одан да көп баласы бар отбасылар, мүмкіндігі шектеулі баласы бар отбасылар қатыса алады. Кәмелет жасына толмаған баласы бар толық емес отбасылардың да қатысуға құқығы бар.
Бұл бағдарламаға қатысушы азаматтардың жаңадан салынған немесе екінші нарықтағы үйлерді несиеге алуға мүмкіндігі бар. Ол үшін жеңілдетілген несие бойынша өтінім берген күнді алғанда жеке басына және өзімен бірге тұратын отбасы мүшелерінің атында жылжымайтын мүлік болмауы тиіс.
– Жеңілдетілген 2%-тік ипотека кімдерге беріледі?
– «Бақытты отбасы» бағдарламасына көпбалалы отбасы, толық емес отбасы, мүмкіндігі шектеулі баласы бар отбасы қатыса алады. Басты шарт, «Бақытты отбасы» бағдарламасына қатысу үшін баспанаға мұқтаж отбасы ретінде әкімдікте кезекте тұруыңыз шарт.
–Сонда бұл ипотеканың шарттары қандай?
– Жылдық мөлшерлемесі 2% баспана ипотекасы 20 жылға дейін беріледі. Бастапқы жарна мөлшері қарыз сомасының 10 пайызынан кем болмауы керек. Егер бастапқы жарнаны 10%-тен артық құйсаңыз, ай сайынғы төлем де аз болады. Бұдан бөлек, қайталап айтайық, өз атыңызда және бірге тұратын отбасы мүшелерінің атында баспана болмауы тиіс.
– Тұрғын үй алғысы келетін азаматтардың білгісі келетіні қатысушылар барлық өңірден бірдей бағада баспана ала ала ма?
– Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Ақтау және Атырау қалаларында қарыздың ең жоғары сомасы – 15 миллион теңге. Қалған өңірлерде – 10 миллион теңге.
Қандай үйлер алуға болатынына тоқтала кетсек, жаңа салынған үйдегі пәтер, қолданыстағы пәтер және жер үй алуға болады. Баспана қатысушы әкімдікте кезекте тұрған өңірден ғана беріледі.
– Қарыз алу үшін кіріс қанша болуы керек?
– Отбасының әр мүшесіне шаққандағы бір айлық табыстың мөлшері соңғы алты ай ішінде ең төменгі жалақы – 42 500 теңгеден аспауы тиіс. Айта кетейік, жәрдемақы кіріс ретінде саналмайды. Мәселен, егер отбасында 6 адам болса, жалпы кіріс 255 000 теңгеден аспауы керек.
– Отбасы қандай жағдайда бағдарламаға қатыса алмайды?
– Қарыз алатын адам мен оның жұбайының ешқандай кірісі болмаса, отбасыға арзан ипотека берілмейді. Жұмысқа тұрғаннан кейін 6 ай өткен соң ғана қатыса алады.
– Егер қарыз алушы жұмыссыз, еш табысы болмаса ше?
– Олай болса бағдарламаға қатысушы жұмыс істейтін жұбайын жұмылдыра алады. Жұбайының кірісі жеткіліксіз болған жағдайда, қарапайым тілмен айтқанда, гарант тарта алады, яки үшінші адамды тартуға мүмкіндік бар.
– Бағдарламаға қатысу үшін қандай құжаттар қажет?
– Ең алдымен жергілікті әкімдіктен отбасының мәртебесін растайтын құжат қажет. Яғни, жолдама. Шымкент қаласында үй кезегінде тұрған азаматтар бұл жолдаманы тұрғын үй жəне тұрғын үй инспекциясы басқармасынан ала алады. Ескерте кетсек, бағдарламаға қатысушы үй кезегінде қай аймақта тұрса, тек сол қала немесе облыс орталығынан ғана баспана алуға мүмкіндігі бар. Жолдаманы алған соң ТҮҚЖ банкіне неке қию немесе неке бұзу туралы куәлік, кәмелет жасына толған отбасы мүшелерінің жеке куәлігі мен балалардың туу туралы куәлігі, күйеуінің немесе әйелінің, сондай-ақ, қажет болған жағдайда, үшінші адамның соңғы 6 ай ішіндегі табысын растайтын құжаттарын бірге алып келеді.
– Биылға бөлінген 50 млрд теңгені игердіңіздер. Келесі құжат қабылдау қай кезеңде басталады?
– Дұрыс айтасыз, еліміз бойында барша аймаққа бөлінген жалпы лимитті түгел атқарылып, табысы төмен отбасылар баспаналы болуда. Енді келесі кезең 2020 жылы басталады. «Бақытты отбасы» бағдарламасына келесі жылы да қатысып, төмен пайызбен баспаналы болыңыздар дегім келеді.
– Ал бағдарламаның басталғанын оқырман қайдан біле алады?
– Осы мақсатта филиалымыздың əлеуметтік желілердегі парақшаларын аштық. Оқырман сұрақтарына жауап беріліп, ұдайы тікелей эфир өткізіп тұрамыз. Инстаграмдағы zhilstroy_shymkent_ ресми парақшасына жазылып, барлық жаңалықты жіберіп алмаңыз дегім келеді.
ЕСЕПТЕУ МЫСАЛЫ
Пәтер бағасы – 10 000 000 теңге. Заем сомасы – 10 000 000 теңге. Бастапқы жарна (заем сомасының кем дегенде 10%-ы) – 1 000 000 теңге. Заем мерзімі – 19 жыл. Алдын ала заем Ай сайынғы төлем: 8 жылға – 52 700 теңгеден.
Тұрғын үй заемы Ай сайынғы төлем: 11 жылға – 36 000 теңгеден.
Кеңес: бастапқы жарнаны 10%-дан артық құйсаңыз, ай сайынғы төлем бұдан да төмен болады
P.S.
Қазақта «үйі жоқтың күйі жоқ» деген аталы сөз бар. Кезінде еліміздің астанасы болған ару қала Алматыда «Алматы – қазақтардың астанасы, орыстардың баспанасы, ұйғырлардың асханасы» деген қанатты сөз айтылатын. Ауырлау болса да шындығы бар сөз еді. Бүгінде мемлекеттік бағдарламалар сол олқылықтардың алдын алып келеді. 2% жеңілдікпен тұрғын үйге қол жеткізуге болады деген бұрындары ешкімнің үш ұйықтаса түсіне кірмейтін жағдай еді. «Бақытты отбасы» осы мүмкіндікке қол жеткізіп отыр. Үйлі болыңыз, ағайын!
Жазып алған – Н.БЕКТАЕВ