Мемлекетке уақытында тапсырылған көп үйлердің жыл айналмай жатып, қасбетінің сылағы түсіп, айра-жайра болып жататындығын қалай түсіндіруге болады. Шаһар басшысы бірнеше құрылыс нысандарын аралап көргенде мәселенің осы жағына қатты мән беруін қадап айтты.
Алдымен әкімшілік іскерлік орталығындағы тұрғын үйлердің құрылысымен танысқан Ерлан Айтаханов мердігер мекеменің басшысына жұмысты жандандырып, нысанды мерзімінде аяқтау қажеттігін айтты. Сондай-ақ, жауапты сала басшыларына инфрақұрылым мәселесін де тез әрі оңтайлы шешуді тапсырды.
Одан соң Ерлан Қуанышұлы С.Бәйтереков көшесінде орналасқан «Tamerlan Residence» тұрғын үй кешенінің құрылысына барды. Аталмыш нысанның мердігері болып табылатын «BI Group» ЖШС-сі құрылысты келесі жылдың тамыз айында аяқтауды жоспарлап отыр. Мұнда 16 және 12 қабатты 7 тұрғын үй бой көтеретін болады.
Бұдан әрі қала әкімі «Ақжайық» және «Көкжайлау» тұрғын үй кешендерінің құрылысымен танысты. Аталмыш нысандарды салып жатқан мердігер мекемелердің өкілдерімен кездескен
Е.Айтаханов тұрғын үйлердің қасбетіне баса көңіл аударып, қаланың көркін ашатындай етіп салуды баса айтты.
Өз кезегінде «Тұран» шағынауданындағы 1200 орындық мектептің құрылысына барған қала басшысы мұндағы шешілмей жатқан түйткілді коммуналдық мәселелермен қатар, балалардың білім алуына қолайлы жағдай жасалуы керектігін назарға алуды тапсырды.
Сонымен қатар, Ерлан Айтаханов аталмыш тұрғын үйлердің құрылысын жүргізіп жатқан барлық мердігерлерге бірнеше сын-ескертпелер жасады. «Мұндай тұрғын үйлерді саларда ең алдымен инфрақұрылым мәселесін шешкен жөн. Сондай-ақ, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған пандустар болуы шарт. Салынып жатқан тұрғын үйлердің қасбеті заман талаптарына сай әрі әсем болуы керек. Шымкент – мегаполис қала. Демек, біз жаңаша ойлап, қаламыздың көркеюіне баршамыз атсалысуымыз қажет», – деді Е.Айтаханов.
Аралауды қорытындылай келе, Ерлан Қуанышұлы жауапты сала басшыларына архитектуралық қала құрылысы кеңесінде жоғарыда аталған барлық мәселелерді көтеріп, тиісті шешім шығаруды тапсырды.
Айта кетейік, бүгінгі таңда қала бойынша тұрғын үй құрылысына жалпы мемлекет тарапынан
34,6 млрд теңге (құрылыс басқармасы - 20,3 млрд тг, «SHYMKENT» ӘКК» АҚ - 10 млрд теңге, Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасы жастарға жалдамалы пәтерді сатып алуы үшін - 4,3 млрд тг.) қарастырылған.