Заңсыз нысандар бұзылады
Среда, 30 Март 2016 05:07Шымкент қаласында биыл заңсыз түрде салынған 30 құрылыс нысаны сот шешіміне сәйкес бұзылатын болды. Қаланың орталық көшелерінің бірі – Арғынбеков көшесінің бойындағы бұзылған құрылыс нысанының орнына қала әкімінің орынбасары Нұралхан Көшеров арнайы келіп, ондағы жұмыстың барысымен танысты.
Әкімдік тарапынан жасалған бұған дейінгі ескертулерден тиісті қорытынды шығармаған құрылыс нысанының иелеріне енді тиісті айыппұлдар салынбақ. Сондай-ақ, бұл күні қала әкімінің орынбасары Байтұрсынов – Мырзабеков көшелерінің қиылысында жаяу жүргіншілер жолын қиыршақ тастармен жауып тастаған құрылыс нысанының иелерін шақыртып, құрылыстың қаншалықты заңдылығына көз жеткізді.
– Жалпы, қандай да бір құрылыс нысанын бастаған азаматтар қалалық сәулет және қала құрылысы бөліміне өтініш беруге міндетті. Ондағы мамандар нысанның орналасу орны мен құрылыс сапасы қаншалықты заңға сәйкес келетінін анықтап, 5 жұмыс күні мерзімінде тиісті рұқсатын беруі тиіс. Алдын ала ескертулерді елеусіз қалдырғаны үшін заңсыз салынған 30 құрылыс нысаны бұзылады, – деді Нұралхан Оралбайұлы.
Айта кетейік, Шымкент қаласы бойынша бүгінде 9 көше бойынан заңсыз салынған 282 құрылыс нысаны анықталған. Алдын ала жасалған ескертулерге сәйкес, оның 80-і қайта бұзылған. Өзге нысандар бойынша іс сотқа жолданды.
Әлеуметтік орталық ашылды
Пятница, 25 Март 2016 05:00Облыстық Кәсіподақ орталығы жанынан ресми түрде әлеуметтік орталық қызметі іске қосылды. Бұл – ел аумағындағы ҚР Кәсіподақтар Федерациясы тарапынан ашылған алғашқы нысан болып отыр. Салтанатты шара аясында әлеуметтік көмекке зәру кәсіподақ мүшелеріне күнделікті тұрмысқа қажетті бұйымдар таратылды.
– Әлеуметтік орталық облыстық кәсіподақ орталығы қызметкерлерінің, кәсіподақ белсенділерінің қолдауымен және «Евразия», «Көктем» базарларының көрсеткен демеушілігі есебінен құрылған. Шараның мақсаты – халықтың әлеуметтік әлсіз тобына көмек беру. Осыған орай, әл-ауқаты төмен отбасы мүшелерін анықтап, әлеуметтік көмек ретінде киім-кешек, азық-түлік өнімдерімен тұрақты түрде қамтып отыратын боламыз, – деді облыстық Кәсіподақтар орталығының төрағасы Ғани Қарабеков.
Айта кетейік, ҚР Кәсіподақтар Федерациясы республикалық кәсіподақтар бірлестігі салалық кәсіптік одақтарды және аумақтық кәсіподақтар бірлестіктерін біріктіретін коммерциялық емес ұйым болып табылады.
Саябақтағы салтанатты шара
Пятница, 25 Март 2016 04:36Шығыс елдері арасында көнеден келе жатқан өзара келісім мен сыйластықтың, құрмет пен сүйіспеншіліктің дәнекеріне айналған әз Наурыз мерекесі «Орталық саябақта» да кеңінен аталып өтті.
Шымкент қаласы Әл-Фараби ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен мұнда ақ қанатты киіз үйлер тігіліп, ақ дастархан жайылды. Арнайы дайындалған Наурыз көжеден дәм татқан көпшілік бір-бірінен құттықтау қабылдап, берекелі жылда табысты болуды тілеп жатты. Жергілікті өнерпаздардың қатысуымен қала тұрғындарының назарына концерттік бағдарлама ұсынылды.
– Әрине, жұртшылықты мейірім мен шапағатқа, татулыққа бастайтын Наурыз мерекесі арқылы бір-бірімізге деген бауырмалдық қасиетіміз өзгелерге үлгі болғанын қалаймыз. Бір атаның баласындай бір қазаннан ас ішуіміз – өмірлік мақсатымыз ортақ, ойымыз бір бағытқа тоғысып тұрғанын білдіреді, – деді Әл Фараби ауданы әкімінің орынбасары Серік Нұрманов.
Бұл кеште қазақтың ұлттық ойындары – қол күрес, асық атудан сайыстар ұйымдастырылды. Жарыс жеңімпаздарына аудан аумағындағы жеке кәсіпкерлердің демеушілігі есебінен бағалы сый-сияпаттар тарту етілді.
Жеңiмпаздар жетiстiгi ұлықталды
Четверг, 24 Март 2016 13:55Шымкент қаласындағы Жеңіл атлетика манежінде ҚР Парламенті Мәжілісінің сайлауында халықтың басым дауысын жинаған «Нұр Отан» партиясының жеңісін ұлықтаған жеңімпаздар форумы болып өтті. Форумға облыс әкімі, «Нұр Отан» партиясы ОҚО филиалының Төрағасы Бейбіт Атамқұлов, партия жақтаушылары қатысты.
Салтанатты шара барысында патриоттық әндер шырқалып, LED-экран арқылы тікелей эфирден Орталық сайлау комиисиясының шығарған сайлаудың алдын ала қорытынды нәтижесі көрсетілді.
– «Нұр Отан» партиясының бүгінгі жеңісі – шын мәнінде, күллі Қазақ Елінің біртұтас қоғамда өзара ауыз біршілікте, ортақ мүдде жолында ғұмыр кешіп отырғанын әйгілейді. Тұрғындардың белсенді түрде «Нұр Отан» партиясына дауыс беруі – Елбасының салиқалы саясатына, елдің кемел келешегіне көрсетілген лайықты баға болды, – деп атап өтті Бейбіт Бәкірұлы.
Айта кетейік, сайлау қорытындысы бойынша «Нұр Отан» партиясы 82,15 пайызбен жеңіске жеткен.
Бiздiң көше тұрғындары – көпке үлгi
Пятница, 18 Март 2016 05:29Түркі халықтарында жаңа жыл көктем мерекесімен бірге басталады. Әлемнің ең көне мерекелерінің бірі әдетте, Шымкент қаласындағы Тельман бөлімшесі, Жаңақұрылыс көшесінің тұрғындары үшін де айрықша мерекеленеді. Себебі мұнда жергілікті қазақ ұлтынан өзге, өзбек, татар, тәжік, әзірбайжан этносының өкілдері өзара туыстық қарым-қатынас жағдайында тату-тәтті тіршілік етуде. Жылдағы дәстүрге сәйкес, бүгін де мұнда көше тұрғындары Наурыз мерекесін кең көлемде атап өтуге тыңғылықты дайындалуда.
Шарафат әжей үшін жылдың басты мерекесі – Наурыз мейрамы айрықша бағаланады. Немерелерімен бірге ұлттық нақышта киініп, жыл басын лайықты қарсы алу үшін 15-20 күн уақыт бұрын арнайы әзірленеді. Бұл күндері әрбір жанұя ақ дастарқан жайып, құрамында ұн, май және құмшекері бар «сумәләк» дайындайды. Үлкен өгізді соғымдап, етінен «нооруз көже» пісіреді. Көженің құрамына ет, май, күріш, түрлі дәнді дақылдар мен ұн, картоп пен басқа да қоспалар кіреді. Және көже жиылған қауымның барлығына бірдей жететіндей етіп әзірленеді.
– Татар халқы Наурыз мерекесін «Нардуган» деп атайды. Татар ұлтының дәстүрі бойынша мереке қарсаңында адамдар үй іші мен сыртын тазалап, қарыздарынан құтылған. Егер араздасқан адамы болса, татуласқан. Ал мереке күні молшылық болсын деген ырыммен барлық ыдыс-аяққа толтырып сүт, айран және бұлақтың таза суын құяды. Ағайын-туыс пен көрші-қолаң кездескен жерде жақсы тілектерін айтып, жамандық атаулыдан аулақ болуын тілейді. Тұрғындар үстеріне таза немесе жаңа киім киіп, бүкіл ауыл болып жиналып, бір-бірін құттықтап шығады, – дейді әжей.
Орта Азия халықтарында бес мың жыл бойы дәстүрлі түрде аталып келе жатқан «Наурыз» мейрамын жоғары бағалайтын әзірбайжан ұлтының өкілдері де өзінің ұлттық салт-дәстүріне жоғары құрметпен қарап, оларды атаусыз қалдырмайды. Бұл ретте, Азир Алиев – көше комитетінің төрағасы ретінде әрдайым көпшілікті игі істерді жасауға шақырып, бастамашыл әрекеттерімен сый-құрметке ие болған жан. Наурыз мейрамын ең ежелгі және құрметті мереке деп түсінетін ол бүгін де көпшілікке ортақ істің ұйытқысы болып жүр.
– Қазақ елімен бірге әзірбайжандықтар да «Новруз-байрамын» аса құрметпен қарсы алады. Жылдағы дәстүрге сәйкес, көше тұрғындары биыл да жиналып, әрбір үйді-үйге ағаш көшеттерін отырғызып, тазалық жұмыстарын жүргізуге белсене қатысуда. Мереке сәтінде барлығымыз жиналып, әрбір үйге арнайы құттықтап шықсақ деген ойымыз бар, – дейді А.Мәдиұлы.
Өзбек Хайдмұраттың отбасы да нақ қазіргі сәтте жыл басын қарсы алуға үлкен дайындықпен кіріскен. Өзбекстан халқы «Навруз» мейрамына 15-20 күн алдын дайындала бастайды. Мейрам қарсаңында арнайы, тек осы мереке кезінде ғана әзірленетін тағам түрлері «сумәләк» пен ханпалау даярланады. Ең бастысы, бұл күндері қайырымдылық шараларына белсенді түрде қатысады. Үйсіз-күйсіз жүрген адамдар мен жетім балаларға көмек көрсету үлкен сауап деп ұғынады.
Иә, мереке сәтін лайықты қарсы алуды ойға алған көше тұрғындарының жарасымды ынтымағы мен өзіндік бастамалары кім-кімге болса да үлгі болатындай.
Киiз үй жабдықтарына сұраныс жоғары
Пятница, 18 Март 2016 05:22Әдетте Әз Наурыз мерекесі қарсаңында киіз үйге деген қажеттілік үлкен сұранысқа ие болып жатады. Ас беріп, ат шаптыруды жаны қалайтын ел азаматтарының сән-салтанаты жарасқан ақ ордалы үйге сұраныс жасап, ұлттық салт-дәстүрдің жаңғыруына өзіндік сеп болатын сәті де осы кез.
Шымкент қаласында кәсібін нәсіпке айналдырып отырған шағын кәсіпорынның бірі – «Спецукрытия» ЖШС-гі киіз үй бұйымдарын дайындаумен соңғы үш жылдан бері айналысып келеді. Жеке кәсіпкер Бақтияр Ташметов киіз үй бұйымдарына деген сұраныс жылдың қай мезгілінде де жоғары екенін айтады. Мұнда жылына орта есеппен 30-40 шаңыраққа қажетті бұйымдар дайындалады.
– «Киіз туырлықты, ағаш уықты қазақпыз» деп, аталы сөз қалдырған ата-бабаларымыздың негізгі баспанасы әлі күнге өркениетті қоғамда да қадір-қасиетін жойған емес, – дейді Б.Сайдығаниұлы. – Жалпы, ғылымда дәлелденген бір аксиома бар, не нәрсенің болсын бұрышы адамдардың көңіл-күйіне, ішкі энергиясына кері әсер етеді. Бұл ретте, қазақ халқының да «бұрышқа отырма» делінетін тыйым-ғұрыптары да осы қисынға сәйкес келеді. Ендеше, шеңбер тәріздес салынған киіз үй құрылысы адам баласын осындай жағымсыз әсерлерден алшақ етері сөзсіз.
Өз кезегінде, кәсіпкер сұраныс болған жағдайда қаншалықты көлеміне қарамастан, киіз үй бұйымдарын 2-3 күн уақыт ішінде дайындап шығаратынын жеткізді. Ол үшін қажетті шикізат Қытай елінен тікелей жеткізілуде. Кәсіпкердің айтуынша, киіз үйді күтіп ұстаудың өзі бір өнер. Бұл ретте, мекеме қызметкерлері киіз үй жабдықтарының ұзақ мерзімді жарамдылығын қамтамасыз ету мақсатында туырлыққа бұрнағы киізді емес, кенеп жапқыштарын жабуды ұсынады.
– Көпшілік ұзақ уақыт бойы жасаған киіз үйдің құнды тоқыма жабдықтарын бір жылға жеткізбей-ақ тоздырып жібереді. Қалалық жерде тұратындарға мұны сақтау қиынның қиыны. Пайдаланылмаған киізге бірден күйе түседі. Рас, киіздің сыз, суық өткізбейтін пайдасы орасан. Бірақ, біздің қалыптасқан жағдайда су өткізбейтін берік маталарды киіз үйге тұтыну тиімдірек. Бұл жиналған кезде киіз сияқты орын да алмайды әрі күйе де түспейді. Бүлінген жағдайда да қатты шығынға ұшыратпайды, – дейді ол.
Бүгінде мекеме қызметкерлері жасаған киіз үй жабдықтары, тағы басқа да тұрмысқа қажетті бұйымдар ел аумағында үлкен сұранысқа ие болуда. Ең бастысы, жергілікті халық ұлттық өнерді дәріптеушілерге айрықша құрметпен қарайды.
Қос мектеп директоры тағайындалды
Пятница, 18 Март 2016 04:50Қала әкімдігінде мектеп директорларын тағайындау бойынша кезекті ашық конкурс болып өтті. Бұл жолы Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымовтың жетекшілігімен арнайы комиссиялық топ қалалық №33 және 36 мектептерінің басшылығына үміткерлер арасынан лайықтысына таңдау жасады. Аталмыш лауазымды қызмет үшін әрбір орынға 4 үміткер өз өтініштерін жолдаған болатын.
Конкурс қорытындысы бойынша №33 мектептің директоры лауазымына осы мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарған Дана Әшірбекова, ал №36 мектепке бұған дейін №30 мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары болған Сәуле Мамытбекова тағайындалды.
Айта кетейік, мектеп директорларын ашық конкурс арқылы тағайындау – қала әкімі Ғ. Әбдірахымовтың тікелей бастамасымен жүзеге асуда. Бұл өз кезегінде, конкурстың ашықтығын және жариялылығын қамтамасыз ету мақсатын көздейді. Алдағы кезде облыс орталығындағы мектеп директоры қызметіне тек жоғары білікті, өз ісінің кәсіби мамандары ғана үміткерлер арасынан үздік атануға мол мүмкіндігі бар.
Мамандардың айтуынша, үміткерлер үшін қатаң талаптың белгіленуі – педагог-басшылардың өз дайындық деңгейін одан әрі жетілдіре түсуіне, сонымен қатар, білім беру саласындағы сыбайлас жемқорлықтың алдын алуда дұрыс әрі нақты қадам болмақ.
Бесінші шақырлымның соңғы сессиясы
Пятница, 18 Март 2016 04:42
Күн тәртібінде барлығы 10 мәселе қаралды. Қалалық тұрғын үй инспекциясы бөлімінің есебі туралы баяндама жасаған қала әкімінің орынбасары Бейсенбек Жанбосынов қала аумағындағы 1971 көпқабатты тұрғын үйдің жартысына жуығы, яғни 947-сі күрделі жөндеу жұмыстарын қажет етіп тұрғанын жеткізді.
- Аталмыш көпқабатты үйлердің алғашқылары 1934 жылдан бастап салынған. Бүгінде тозығы жеткен ғимараттарды қайта қалпына келтіру үшін мемлекеттік «Өңірлерді дамыту-2020» бағдарламасы шеңберінде 104 үйде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Биыл тағы 23 үйде жөндеу жұмыстары жүргізіледі, – деді баяндамашы.
Сондай-ақ, күн тәртібіне сәйкес, қалалық қоғамдық көліктерде жолақы тарифін келісу туралы баяндама жасаған Бейсенбек Керімбекұлы мамыр айының 1-жұлдызынан бастап жолақы құны 70 теңгеге көтерілетінін айтты. Дегенмен, ҰОС және тыл ардагерлері, алтын, күміс алқа иелері, І топтағы зағип жандар мен оларды жетелеп жүрген бір азамат қоғамдық көліктерде тегін жүру мүмкіндігіне ие. Ал студенттер үшін бұрынғы баға, яғни 50 теңге қалпында қалады. Оқушылар бастапқы бағаның жартысын, яғни 35 теңге төлемек.
Күн тәртібінде қаралған мәселелерге мәслихат депутаттары бірауыздан қолдау танытты. Жиынды қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов қорытындылады.
– Бесінші шақырылған Шымкент қалалық мәслихаты шын мәнінде, көтерген мәселелердің ауқымдылығымен және көптігімен ерекшеленді деуге болады. Міне, бүгін кезекті елу сегізінші сессиясына қатысып отырмыз. Осы жиындардың барлығында халық қалаулылары ретінде сіздердің ұсыныстарыңыз бен қабылдаған шешімдеріңіз қала өмірінде маңызды рөл атқаруда, – деп атап өтті Ғ. Рахматоллаұлы.
Халық қалаулылары жиын соңында қала әкімімен естелікке суретке түсті.